Главная Новости Асхат Хасенов ҚМГ газ саласында іске асырып жатқан жобалар туралы баяндады
07 июля 2026, 14:29 36

Асхат Хасенов ҚМГ газ саласында іске асырып жатқан жобалар туралы баяндады

Асхат Хасенов ҚМГ газ саласында іске асырып жатқан жобалар туралы баяндады

Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚазМұнайГаз басшысы Асхат Хасенов газбен қамтамасыз ету саласында іске асырылып жатқан жобалар туралы айтып берді.

А.Хасенов атап өткендей, ҚМГ Мемлекет басшысының жаңа газ кен орындарын іске қосу және газ өңдеу зауыттарын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында кешенді жұмыс жүргізуде.

— Жоспарлы көрсеткіштерге сәйкес 2030 жылға дейін ҚМГ-да тауарлық газ өндіру көлемі жылына 2,4 млрд текше метрден 4,5 млрд текше метрге дейін өседі. Осы кезеңде сұйытылған мұнай газын өндіру 1,3 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Бұл көрсеткіштерге бірқатар негізгі жобаны іске асыру есебінен қол жеткізіледі, — деді ол.

Батыс Қазақстан облысында орналасқан Рожков кен орнын игерудің екінші кезеңі аясында 2028 жылы газ өндіру көлемі жылына 700 млн текше метрге дейін артады.

Атырау облысындағы Батыс Прорва кен орнында жобалық қуаты 200 млн текше метр болатын алғашқы іске қосу кешені пайдалануға берілді. Екінші кезеңде, яғни 2027 жылы бұл көрсеткішті 920 млн текше метрге дейін арттыру жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, Ақтөбе облысындағы Орталық Өріктау жобасы қарқынды іске асырылуда. Жыл соңына дейін шикі газдың өнімділік деңгейін жылына 200 млн текше метрге дейін жеткізу көзделіп отыр. Жоспар бойынша бұл көрсеткіш біртіндеп жылына 1 млрд текше метрге дейін артады.

— Жобаларды іске асыру кезінде кен орындарға жақын орналасқан газ өңдеу зауыттарында газ өңдеу мүмкіндіктері ескерілді. Мұндай кластерлік тәсіл кен орындарды іске қосу мерзімін қысқартып, инфрақұрылымға жұмсалатын шығын мөлшерін азайтады, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес елдегі бос тұрған өңдеу зауыттарының қуатын толық пайдалануды қамтамасыз етеді. Осылайша, аталған инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен қосымша жылына шамамен 2,1 млрд текше метр тауарлық газ бен 250 мың тонна сұйытылған газ шығаруға мүмкіндік береді, — деп атап өтті А.Хасенов.

Сонымен қатар қазіргі уақытта Жаңаөзен қаласында қуаты жылына 900 млн текше метр шикі газ шығаратын жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы жүргізілуде. Құрылыс алаңына тоғыз резервуар жеткізілді, қалған төртеуі келе жатыр. Ұзақ уақыт жасалатын жабдықтың 259 позициясының 92-сі дайын, 167-сі дайындалуда. Жаңаөзендегі зауыттың құрылысында модульдік әдісі қолданылуда, бұл оны елдегі осыған ұқсас басқа кәсіпорындардан ерекшелендіреді.

Бұған қоса, ҚМГ ұзақ мерзімді ресурстық базаны қалыптастыру мақсатында геологиялық барлау жобаларын, оның ішінде «Қаратон Подсолевой» (Атырау облысы), «Болашақ» (Маңғыстау облысы), «Жылыой» (Атырау облысы), «Березовский» (Батыс Қазақстан облысы) және «Шу-Сарысу» (Қызылорда облысы) жобаларын іске асыруда. Кен орындардың игеру тиімділігін арттыру мақсатында ҚазМұнайГаз өзінің ABAI жасанды интеллект жүйесі негізінде цифрлық телнұсқаларды енгізуде, олар геологиялық барлаудан бастап жерүсті инфрақұрылымын пайдалануға дейінгі өндірістік циклдің барлық кезеңін қамтиды.

— Қазіргі уақытта цифрлық телнұсқалар компания қорының 87% қамтитын 12 ірі кен орнында енгізілуде. 2030 жылға дейін күтілетін жиынтық нәтиже қосымша 2,8 млн тонна мұнай мен 500 млн текше метр ілеспе газ көлемін құрайды, — деді ҚМГ басшысы.
Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: