Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Астанада Жайық өзеніне арналған AQJAIYQ энциклопедиялық фотоальбомының таныстырылымы өтті. Кітап «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» компаниясының қолдауымен жарыққа шығып отыр.
Кітап таныстырылымына экология және табиғатты қорғау саласындағы ұйымдардың мамандары, фотографтар мен БАҚ өкілдері жиналды. Сондай-ақ Парламент депутаттары, бірқатар министрлік пен ведомстволардың және шетелдік компаниялардың өкілдері қатысты.
Жайық – еліміздің экономикасы мен экологиясында айрықша орны бар ең ірі су ресурстарының бірі. Бастауын Ресей жерінен алып, Башқұртстанды, Челябі, Орынбор өңірлерін және еліміздің Батыс Қазақстан, Атырау облыстарын көктей өтетін өзеннің жалпы ұзындығы 2534 шақырымнан, ал Қазақстандағы бөлігі 1000 шақырымнан асады. Каспий теңізіне құйғанға дейін ұланғайыр атыраптың табиғи ландшафтына, ондағы түрлі экожүйелер мен елді мекендердің тіршілігіне нәр береді.
«Жаңа фотоальбом табиғат жанашырлары мен туған өлкеміз туралы көбірек білгісі келетін кез келген адамға пайдалы әрі маңызды ресурс болатынына сенімдімін. Кітап тиражы «КҚК-Қ» АҚ-тың құбыр желісі өтетін өңірлерді қолдау жөніндегі қайырымдылық бағдарламасы аясында Қазақстан мен Ресейдің білім беру мекемелері мен қоғамдық кітапханаларына таратылатын болады», – деп атап өтті «КҚК-Қ» АҚ Бас директорының Қазақстан Үкіметімен байланыс жөніндегі орынбасары Қайыргелді Қабылдин.
Фотоальбом осы Жайық өзені алабының бірегей экологиялық жүйесін, оның табиғаты мен жан-жануарлар дүниесін қалың көпшілікке таныстыруды мақсат еткен. Соған орай, альбомға қазақстандық және шетелдік фотографтар табиғат аясында түсірген сүтқоректілер мен құстардың, қосмекенділер мен жорғалаушылардың фотосуреттері беріліп, жалпы түрлер бойынша ғылыми-танымдық ақпарат ұсынылған. Аудиторияны кеңінен қамту үшін кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде дайындалған.
Жоба табиғат байлығын фотосурет арқылы көрсете отырып, ғылым мен өнерді, экологияны ұштастырған.
Кітапқа қазақстандық және шетелдік фотографтардың жұмыстары енгізілді. Альбомда өңірдің табиғи ландшафты мен биологиялық түрлердің әр алуандығын, трансшекаралық өзеннің суы және биоресурстарының ахуалын көрсететін суреттер мен мәліметтер қамтылған.
Фотоальбомды құрастыру барысында «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» компаниясының қолдауымен Жайыққа 2019 жылы жасалған экспедицияда жинақталған материалдар да пайдаланылды. Бұл экспедицияда бірқатар шетелдік ғалымдар мен фотографтар тізе қосып, өңірдің экожүйесін зерттеген болатын. Экспедиция қорытындысы бойынша Атырау қаласында фотокөрме ұйымдастырылып, ол жұртшылық тарапынан зор қызығушылық тудырды. Фотокөрмеде ұсынылған кейбір фотосуреттер осы фотоальбомға да енгізілгенін атап өткен жөн. Кітапқа сондай-ақ 2024 жылы көктемде болған су тасқынының салдарын көрсететін деректі фотолар да қосылған.
«Орал-Жайық – ең ұзын трансшекаралық өзендердің бірі, үлкендігі жағынан Еуропадағы үшінші өзен. Ұзындығы 2500 км болатын осы маңызды өзен екі елдің дәнекері іспетті. Бастауын Ресейден алатын Орал-Жайық өзені тіршілік нәрін Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Каспийге дейін жеткізеді. Бұл – үлкен әрі күрделі экожүйе, оның табиғи байлығы – тұщы суы, флорасы мен фаунасы Ресей мен Қазақстанның ұлттық байлығы саналады», – деп жазды Каспий Құбыр Консорциумының Бас директоры Николай Горбань оқырманға арнаған алғысөзінде.