Главная Новости Ата кәсіп – ұрпаққа нәсіп
11 мамыр 2021, 10:02 2425

Ата кәсіп – ұрпаққа нәсіп

Ата кәсіп – ұрпаққа нәсіп

«Қос әкеден ұстаздық көріп өстім» деп әңгімесін бастаған Елеместің хикаясы бізді «әп дегеннен» қызықтырды. «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасына қарасты Қабат қысымын ұстау цехының мамандары Қылыш Арысов пен Елемес Құлшабаевтың әкелі-балалы әдемі қарым-қатынасына қызыға қарайтын жанның қарасы көп бүгінде.

«Еңбек жолымды 2008 жылы мұнаймен ластанған топырақты тазалау учаскесінде мұнай тазалаушы боп бастадым. 2015 жылы қабат қысымын ұстау цехына ауысқанымда жылы қабақ, ыстық ықыласпен қабылдаған Қылыш аға еді. «Әкеңнің жақсылығын көп көріп едім, ұстазым болды» дегені есімде. Осы бір кісілікпен, азаматтық қамқорлықпен айтылған жылы сөз өзіммен бірге өмір сүріп келеді. Қазақта «жақсы әкенің аты балаға қырық жыл азық болады» деген ұлағатты сөз бар ғой. Әкем Төлеғұс Құлшабаев талай жыл мұнай саласында еңбек етіп, өмірден өтті. Әкемді өзіне ұстаз тұтқан Қылыш аға қазір маған өндірісте де, өмірде де ұстаз», – дейді Елемес Құлшабаев.

Ең қызығы, Елемес Құлшабаев Қылыш аға мен жұбайы Айгүл апа шаңырақ көтерген күні дүниеге келген екен.

«1989 жылы өндіріс ошағы қос маманды табыстырып, бір бүтін етіп, бүгінде үбірлі-шүбірлі әулет боп отыр. Әкем марқұм Қылыш ағаны үнемі аузынан тастамайтын. Отбасымызбен жақсы араластық. Міне, енді араға ұзақ жыл салып, сол кісімен өндірісте қатар қызмет істеймін деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті», – деп ерекше ықыласпен өткенге ой жүгіртті.

Ұстазы туралы ұзақ әңгімелеген жас маманның жылы лебізіне сүйсінбеу мүмкін емес. Әке бойындағы қадір-қасиеттерді Қылыш ағадан көретінін айтып, әріптес аға жайында сөзін жалғады:

«Қылыш аға – тым қарапайым. Бос сөз, бөспе әңгімені ұнатпайды. Құр мақтан, дабыралатып дарақы сөйлеу ол кісінің табиғатында жоқ. «Еңбек ері» деген елеулі атағы бар. Кенорнындағы кез-келген мәселеге жауапкершілікпен қарауды, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды қадағалап отырады. Мұнай саласына өмірін арнаған майталман маман ғой, ол кісінің қасында қанаттасып қатар жүру мен үшін үлкен мақтаныш».

Елемес Төлеғұсұлы – бүгінде Құдай қосқан қосағымен 3 бала тәрбиелеп отырған бақытты шаңырақ иесі. Таңмен таласа тақтайдай жолмен Жетібайдағы нәпақа айырған кенішіне асығу бүгінгі жас маманның мақсат-мұратын алға жетелейді. «Ұжымда 10 адамбыз, әсіресе цех басшылары Мәди Кентанов, Алшынбек Түйешиев, Наурыз Сиықовты ерекше атап өткім келеді. Жұмысшыларға үнемі қолдау көрсетіп, жүйелі нұсқау бере алатын басшылар барда өндіріс қарқыны бәсеңдемейді деп ойлаймын. Ұстазым, әрі әкемдей боп кеткен Қылыш ағаның мен үшін орны қашанда бөлек», – дейді Елемес. Шәкірті шын мақтаған ұстазбен біз де аз-кем дидарласқан едік.

Қылыш Арысов 1960 жылы туған. Бүгінде ҚҚҰЦ-ның аға шебері. Жылдармен жиған тәлім-тәжірибесін айтпағанда, Арысовтар әулетін мұнайшылар династиясы деуге әбден лайық. Әкесі Таңатар Есентеміров Бұрғыларды күрделі жөндеу мекемесінде ұзақ жыл бұрғышы болды. Бір әке, бір анадан өрген өнегелі ұрпақ әке аманатын арқалап, бүгінде бұрғылау жұмыстарының басы-қасында еңбек етіп жүр. Ұлы оператор. Жұбайы Айгүл Нұрғазиева да мұнай және газ өндіру цехында ұзақ жыл технолог боп қызмет істеген. Қылыш ағаға Алла амандық берсе 2 жылдан кейін құрметті еңбек демалысының төбесі көрінгелі тұр. Ұзақ жыл ғұмыр-баянында өндірісте өкшесін басып қызмет қылған жастарға білгенімен бөлісті, білмегенін үйретті.

«1983 жылы әскерден оралған соң, мұнай және газ өндіру цехына оператор боп жұмысқа тұрдым. Сол кезде цех бастығы Қалбай Ізмұханов болатын. Үзеңгілес әріптестердің абыройын өз абыройымыздай көріп қуанамыз. «Батырға оң мен солы бірдей» демекші, кез-келген жұмысты зор жауапкершілікпен жасасаң, жемісі мен жеңісі де соғұрлым мол болмақ», – дейді аға шебер.

Бүгінде ағаны ұстаз тұтатын әріптес, жора-жолдастың қатары көп. Көкейдегісін ашылып көп айта бермейтін жанның жақсы қырын шәкіртінің жылы лебізінен-ақ аңғардық. Ұстазының ұлына ұстаз боп, әдемі сабақтастық буынын қалыптастырған жайсаң жандардың бүгінгі хикаясы осымен тәмам.

Қара алтын қазып, түн қатып, мұзға тоңып жыл он екі ай кеніште өткен өндіріс майталмандарының еселі еңбегін жарыққа шығаруда біз қашанда сапқа тұрамыз.

(«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ facebook желісіндегі парақшасынан)

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: