Главная Новости Атом электр станциясын пайдаланудағы озық тәжірибе Қазақстан үшін басым маңызға ие
03 августа 2022, 10:39 890 Нигматулин Рэмир

Атом электр станциясын пайдаланудағы озық тәжірибе Қазақстан үшін басым маңызға ие

Атом электр станциясын пайдаланудағы озық тәжірибе Қазақстан үшін басым маңызға ие

Әлемдік атом энергетикасы­ның дамуы өз бастауын 1954 жылы Обнинск қаласындағы ­қуа­ты небәрі 5 МВт болатын алғашқы атом электр стансасынан алады. ХХ ғасырдың 60-70 жылдарында Еуропа мен Американың дамыған елдерінде, сондай-ақ, Жапонияда АЭС құрылысы қарқынды дами бастады. Ал ғасырлар тоғысында әлемдегі жұмыс істеп тұрған атом блоктарының саны бірнеше жүзге жетті, бұл ретте кейбір елдерде атом энергиясының электр энергиясын өндірудің жалпы теңгеріміндегі үлесі едәуір өсті, мысалы, Францияда – 75%-ға жуық. МАГАТЭ деректері бойынша, қазір әлемде 441 реактор (394,5 ГВт) жұмыс істейді. Олар барлық электр энергиясының 10,5% өндіреді - SK NEWS.

Жалпы қуаттылығы 57,4 ГВт болатын тағы 56 жаңа реактор салынуда. Олардың көпшілігі – шамамен 17,3 ГВт-Қытайда. Бұл ретте жақында Қытай энергетика саласында өз жоспарларын жаңартты және жаңа атом генерациясының қуатын 9 есеге жуық ұлғайтуды - 15 жыл ішінде 150 реактор салуды және АҚШ-ты көшбасшы орнынан жылжытуды жоспарлап отыр. Атом энергиясы жөніндегі халық­аралық агенттіктің (МАГАТЭ) болжамы бойынша, болашақта 2030 жылға қарай әлемде атом қуатының көлемі 2 есе артпақ және 700 ГВт-дан асып түспек.

Отын-энергетикалық кешен, негізінен, экономикалық және әлеуметтік әл-ауқаттың маңызды факторларының бірі. Бірақ оны одан әрі дамыту үшін технологиялық серпіліс қажет. Ал, атом энергетикасы — бұл серпілістің құрамдас бөліктерінің бірі.

Осы мақсатта, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қазақстандық делегация АЭС тәжірибесін игеру жолында бірқатар елдерде болып, әріптестік ынтымақтастық бағытта бірнеше құжаттарға қол қойып, АЭС салу үшін жетекші әлемдік компаниялардың ұсыныстарын зерделеуде.

ҚР Энергетика министрлігінің ресми деректері бойынша пайдалану тәжірибесі бар, уақытпен тексерілген, қуаты үлкен реакторлық технологиялары бар төрт жеткізушіден шорт парақ (тізім) жасақталды. Олардың қатарында кореялық «KHNP», қытайлық «CNNC», ресейлік «Росатом» және француздық «EDF» бар.

Оңтүстік Корея технологиясы.  

«2022 жылғы 28 маусымда Сеул қаласында қазақстандық делегация Оңтүстік Кореяның Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрлігінің өкілдері мен ядролық технологияларды жеткізуші-Korea Hydro & Nuclear Power (KHNP) компаниясы арасында іскерлік кездесу өткізді.

Кездесу барысында Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы атом энергиясын дамыту саласындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға ықпал ететін өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.

 

KHNP - Korea Electric Power Co компаниясының толық меншігіндегі еншілес компания. Оңтүстік кореялық KHNP компаниясы Оңтүстік Кореяның 24 АЭС-іне иелік ететін және басқаратын KEPCO еншілес ұйымы болып табылады. АЭС қуаты бойынша KHNP әлемде 3-ші орында және техникалық-экономикалық негіздемелерді әзірлеуден бастап, АЭС салу және пайдалануға беруге дейін станция конструкцияларын түрлендіру мен жетілдіру бойынша техникалық көмек көрсетеді.

Оңтүстік Корея өзінің ядролық технологияларын экспорттауға ұмтылған бірден-бір мемлекет.

Қазіргі уақытта KHNP Біріккен Араб Әмірліктерінде APR-1400 реакторлары бар Барак АЭС-нің 4 энергия блогын салу бойынша жобаны іске асыруда, оның екеуі 2020-2021 жылдары пайдалануға берілді. Сонымен қатар, атом электр станцияларын және техникалық кеңес беру қызметтерін бірнеше елдерге экспорттайды.

«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Бас директоры Тимур Жантикин: Оңтүстік Корея - атом энергетикасындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Меморандум бізге адами ресурстар мен атом энергетикасын дамыту және ядролық-энергетикалық технологияларды қолдану бөлігінде ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге шығаруға көмектеседі», - деп атап өтті.

Франция тәжірибесі.

18-25 шілде аралығында атом және энергетика саласының сарапшылары бар Қазақстандық делегация АЭС салу және пайдалану және атом энергетикасын дамыту жөніндегі тәжірибемен танысу үшін Францияда болып қайтты.

Сапар аясында Францияның қаржы министрлігінде, Энергетика министрлігінде кездесулер өтіп, Француздық оператор Eléctricité de France компаниясымен келіссөздер жүргізілді.

Сондай-ақ, Францияның Еуропа және сыртқы істер министрі Оливье Бешт мырзаның жанындағы сыртқы сауда, экономикалық тартымдылық және шетелдегі Француз істері жөніндегі министр-делегатымен жеке кездесу өтті. Келіссөздер барысында мемлекеттік қаражатты тарту және мемлекеттік кепілдіктер беру сияқты атом жобаларын қаржыландыру модельдері, сондай-ақ осы жобаларға жеке инвестицияларды тарту тәжірибесі егжей-тегжейлі зерделенді.

 

Сондай-ақ, делегация «Фламанвилл» АЭС сапары аясында болды. Станция Шербур қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 23 км жерде, Ла-Манш бұғазының жағасында орналасқан. АЭС құрамына Framatome әзірлемесінің P4 қысыммен су реакторлары (PWR) орнатылған екі энергоблок кіреді. Бір блоктың электр қуаты-1300 МВт. «Фламанвилл» АЭС Франциядағы барлық тұтынылатын электр энергиясының шамамен 4% өндіреді.

Францияның Энергетика министрлігімен кездесуде ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов: Қазақстан көміртекті бейтараптыққа бағыт алды, терең декарбонизациялау бойынша шараларды қарастыратын 2035 жылға дейінгі төмен көміртекті даму стратегиясын бекіту бойынша жұмыс жүргізілуде. АЭС салу жақын болашақта болуы ықтимал электр энергиясы тапшылығы мәселесін шешуге ғана емес, сондай-ақ ЖЭК-пен қатар елдегі төмен көміртекті генерацияны дамытуға өз үлесін қосады деп мәлімдеді.

Өз кезегінде, Франция Энергетика министрлігі Энергетика және климат Бас басқармасының (DGEC) басшысы Лоран Мишель, «Франция Қазақстанның энергетиканы «жасылдандыруға» деген ұмтылысын қолдайтынын және осы саладағы ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастыққа бағытталған шаралар маңызды екенін атап өтті.

 

Франция атом саласын жаңарту және жаңғырту бағдарламасын енгізгені туралы мәлім етті. Жұмыс істеп тұрған француз АЭС-інің қуаты біртіндеп тозуда, орта есеппен әрбір үшінші ядролық реактор 40 және одан да көп жыл пайдаланылған. Сондықтан елімізде жаңа атом реакторларын салу жөніндегі бағдарлама басталды, оның аясында 6 жаңа атом реакторын салу туралы шешім қабылданды және тағы 8 атом реакторын салу мүмкіндіктері қарастырылуда. Жаңа реакторлар салу жөніндегі жоспарлар кейіннен 2035-2037 жылдары пайдалануға беріле отырып, 2023 жылы ұсынылуға тиіс. Жаңа реакторлар жаңа буын - EPR2 болады. Сондай-ақ, Франция инновациялық шағын модульдік реакторлар мен жабық отын циклі бар реакторларды құруға 1 млрд еуро бөлетінін жариялады.  

АЭС дамытудағы Францияның тәжірибесін әлемдегі ең кең тәжірибелердің бірі деп атауға болады, өйткені бүгінде Франция ядролық реакторлар саны бойынша әлемде (АҚШ-тан кейін) 2-ші орын алады. Бұл ретте елдегі электр энергиясының 69% - ы дәл АЭС-те өндіріледі. Франция сонымен қатар әлемдегі ең ірі электр энергиясын таза экспорттаушы болып табылады және одан жылына 3 миллиард еуродан астам қаражат алады.

Түркиядағы АЭС құрылысы

Баршаға белгілі, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Аккуюда» салынып жатқан АЭС-тің тәжірибесін зерделеуді, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өткен еді.

«Аккую» атом электр станциясының құрылысын 2010 жылғы 12 мамырда Ресей Федерациясы мен Түркия Республикасының  арасында қол қойылған үкіметаралық келісім негізінде «Росатом» атом энергиясы жөніндегі Ресей мемлекеттік корпорациясы жүргізуде. Онда әрқайсысының қуаты 1200 МВт, III+ буынды ВВЭР-1200 болатын реакторлары бар төрт энергетикалық блоктан тұрады. Станция 60 жыл қызмет етеді деп жоспарлануда, сондай-ақ тағы 20 жылға ұзарту мүмкіндігі қарастырылған.

Қазіргі уақытта АЭС-тің төрт блогы да бір сәтте салынып жатыр.

Пайдалануға берілген күннен бастап АЭС жылына шамамен сағатына шаққанда 35 млрд кВт өндіреді. Баса айта кетерлігі, АЭС Түркия электр энергия қажеттілігінің 10% өтейді.

Жоба ВОО – build-own-operate немесе «іргетасын қала, иелік ет-пайдалан» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. АЭС-тің мажоритарлық акционері ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясы. Яғни, ресейлік компания атом электр станциясын жобалау, салу, оған қызмет көрсету, пайдалану және пайдаланудан шығару секілді міндеттемелерді өз мойнына алады. Ал құрылысқа 20 млрд доллар бөлінген.

Екі ел тараптарының қол қойылған құжаттарына сәйкес АЭС-тің алғашқы блогын тапсыру тиісті лизенциялық құжаттарды алғаннан кейін 7 жылдан кешіктірілмеуі тиіс. Жоба жетекшілері АЭС-тің бірінші блогының құрылысын 2023 жылға дейін аяқтау үшін қызу жұмысқа кіріскен. Ал екінші блокты – 2024 жылы, үшіншісін – 2025 жылы және төртінші блокты – 2026 жылы іске қосу жоспарлануда.

«Аккую Нуклеар» басшысының құрылыс жөніндегі орынбасары Дмитрий Романец 2023 жылы Түркияның жүз жылдығы болғандықтан, осы уақытқа дейін бірінші блокты пайдалануға беруге тырысатынын айтады. Оның сөзінше, бұл ретте барлық қауіпсіздік нормаларына басымдық сол қалпында қала береді.

Реакторлық қондырғы (су-су энергетикалық реактор) – «Росатом» - «Атомэнергомаш» Ресей корпорациясының еншілес құрылымы. Турбина француздық «Атомэнергомаша» және General Electric бірлескен кәсіпорнын қамтамасыз етеді.

Қазақстандық журналистер мен сарапшылар делегациясының Түркиядағы салынып жатқан «Аккую» АЭС сапарының бағдарламасы өңір орталығы - Силифке қаласының билігімен және жұртшылығымен кездесумен жалғасты.

Бұл Түркияның оңтүстігінде, Мерсин провинциясында орналасқан жүз мың халқы бар қала. Аймақ жеміс-жидек және басқа да ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен танымал, зәйтүн майын шығарады, Түркияның «құлпынай астанасы» болып табылады, жыл бойы экспортталатын барлық түрік құлпынайының 80%-ын өндіреді.

Қазақстандық делегация мүшелерінің алдында сөз сөйлеген қала мэрі Sadik Altunok өңірге АЭС құрылысының перспективалары мен жаңа мүмкіндіктері туралы айтып берді.

 

Атап айтқанда, ол құрылыс басталғаннан бері Силифке қаласының Сауда-Өнеркәсіп палатасының құрамына «Аккую» АЭС үшін түрлі тапсырыстарды орындайтын 150 түрік компаниясы кіргенін атап өтті. Станция құрылысына Силифке қаласының бірнеше мың тұрғыны тартылған. Қала әкімі табиғаты көркем және биоалуантүрлілігі жоғары өңірдің ерекшелігін ескере отырып, «Аккую» АЭС жұмысының қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше тоқталды.

Ол, «Біз салынып жатқан станцияның басшылығымен үнемі байланыста боламыз. Жұмыс ашық жүргізіледі, 2010 жылдан бастап АЭС жұмысының қауіпсіздігі бойынша қоғамдық тыңдаулар тұрақты түрде өткізіледі. Салынып жатқан төрт энергоблоктың біріншісінің жарты жылдан кейін іске қосылуын күтеміз. Аймақтағы энергия тапшылығы толығымен толтырылады деп күтілуде» - деді.

Sadik Altunok қазақстандық компанияларды қарқынды дамып келе жатқан өңірдің ауыл шаруашылығы мен туристік бизнесіне инвестиция салуға шақырды. Кездесуге сондай-ақ Силифке қаласының Сауда-өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы палаталарының басшылары қатысты.

Осылайша, қазақстандық мамандар АЭС-ті салу және оны пайдалану бағытында халықаралық тәжірибені жүйелі түрде пысықтауды қолға алды. Мұндай тәжірибе электр энергиясы қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі Қазақстанның болашақтағы жобаларын жүйелі және қауіпсіз түрде дамытуға септігін тиігізбек.

Алдағы уақытта сарапшылар сонымен қатар Венгрия мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Атом энергиясының қызмет ететін тәжірибесін көруді жоспарлап отыр.

Мирлан ХАЖГЕРЕЕВ

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: