Главная Новости Азаматтығына еңбекқорлығы жарасқан маман
08 қаңтар 2024, 08:42 592

Азаматтығына еңбекқорлығы жарасқан маман

Азаматтығына еңбекқорлығы жарасқан маман

Қай ұжымда да баяғының қарағайға қарсы біткен, еменге иір біткен бұтадай, намысты қолдан бермейтін, ісі мен сөзінің арасында айырма жоқ, тіпті, құрғақ сөзден гөрі, іске бейім тұратын, жұмыс десе жанын беретін жігіттер мен ұлдар аз емес. Солардың бірі, әріптесіміз Назархан Нұрғожаев – «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының қабат қысымын ұстау цехында еңбек етеді.

Ол Маңғыстау топырағына мөр басып, ерліктерін жазып кеткен Шотан батыр, сұрапыл қан майданды көріп келген Қалмырза Жұмалиевтар туған алыптар мекені – Тұщықұдықта дүниеге келді. Орта мектепті ойдағыдай аяқтап, сол кезеңдегі жастар секілді орта кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түсіп, оны абыроймен тәмамдады. Еңбек жолын Бозащы технологиялық транспорты мекемесінде оператор-жүргізуші болып бастаған Назарханның сол күннен бастап тиянақты да тынымсыз еңбек жолы басталды. 1997 жылы қабат қысымын ұстау цехына ұңғымаларды зерттеу операторы болып ауысты. Тумысынан талапты, еңбекқор азамат күн-түн деп уақытпен санасқан жоқ, басшылық тарапынан тапсырылған жұмысты қашанда тап-тұйнақтай етіп орындап жүрді. Бүгінде сорап қондырғысының машинисі болып еңбек ететін Назархан аға үшін қабат қысымын қалыпты ұстау маңызды міндет. Мұнда қолданылатын құрылғылардың күрделілігі мен әр алуандығы маманның жоғары кәсіби біліктілігін талап етеді. Ол күн сайын – технологиялық процесті жүргізіп, құрылғылар мен механизмдерге қызмет көрсете отырып, айдау ұңғымаларының жұмысын бақылайды. Ұңғылардың қабылдауы мен қысымын тексеріп, қалыпты технологиялық режимнің сақталуын қадағалау арқылы жерасты қабат қысымын бірқалыпты ұстауды қамтамасыз етеді.

«Әке көрген оқ жонар» деп қанатты сөзде айтылғандай әкесі Қуаналы Нұрғожаев Бозащы технологиялық мекемесінде ұзақ жылдар бойы колонна бастығы болып қызмет атқарды. Бүгінде Нұрғожаевтар әулетінен тараған ұрпақ ата-аналарының осы өнегелі жолын жалғастырып келеді.

«Әкем бізді қазақтың адамгершілік, қайырымдылық, әдептілік сияқты қасиеттерімен тәрбиеледі. «Қаламқаста қызмет етуің үшін жартылай әскери тәртіппен жүруің керек, жан-жағыңа мұқият бол, жұмысты тиянақты жаса» дей отырып, өзінің бар білгенімен бөлісті, осылайша балаларын үлкен өмірге даярлады», – дейді кейіпкеріміз.

Сол айтылған насихат сөздер жерде қалған жоқ. Бүгінде нар мінезді, бір сөзді, байсалды, бәрінен намысты жоғары қоятын жайсаң ұлдар мен үлкенді сыйлап, кішілерге қамқор қыздар өсіп-жетілді.

Күні кешегідей есінде ең алғаш өндіріске жұмысқа келгенде Бейбіт Өрісбаев, Олег Ишанғалиев, Ақылбай Еділханов, Талғат Айдынов іспетті білімді де білікті айтулы мамандар жас әріптесін әп дегеннен өндірістің даңғыл жолына салып жіберді. Сол кісілердің үйретуімен жұмысқа ептілігі мен икемділігін арттыра түскен Назархан өзінің алғырлығы мен табандылығы арқасында өндіріс деген алып машинаның бір бөлшегі болып орнықты. Сүйікті кен орны оны маман ретінде шыңдап, саланың сайыпқыраны атандырды. Жылдар бойы жасаған еңбегі де еш кеткен жоқ, басшылық тарапынан еленіп алғыс хаттар мен зор сый-құрметке ие бола білді.

Жанұяның ұйытқысы болған жан жары Қайдарова Эльмира екеуі екі ұл, екі қыз жетілдіріп, өсіріп бақытты отбасы құра білді. Желтоқсанның жетінші жұлдызы күні әріптесіміз Нұрғожаев Назархан ердің жасы – елуге толды. Қаламқастың жер асты байлығын игеру арқылы Отанымыздың дамуына мол үлес қосып келе жатқан осындай еңбекқор ағамыздың жұмысына толағай табыс, отбасына береке-бірлік, ұзақ та абыройлы ғұмыр тілейміз!

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ баспасөз қызметі

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: