Главная Новости Балалар ауылының тәрбиеленушілері ҚТЖ музейінде болды
06 қаңтар 2023, 15:30 1214

Балалар ауылының тәрбиеленушілері ҚТЖ музейінде болды

Балалар ауылының тәрбиеленушілері ҚТЖ музейінде болды Фото: Александр Жабчук

«SOS Астана» балалар ауылы мен Жасөспірімдер үйінің 20 шақты тәрбиеленушісі «ҚТЖ» ҰК» АҚ бас ғимаратындағы Орталық мұражайға экскурсияға келді. «Дара» қайырымдылық қоры мен «Қазкәсіпкөлік» ҚБ бірлесе ұйымдастырған экскурсия барысында олар 37 қабаттағы «Қысқы бақты» да аралап, кәсіподақ атынан сыйлықтарға ие болды.

Аталған қордың «Тәлімгерлер» жобасының үйлестірушісі Бекназар Қазиевтің айтуынша, қорда республика бойынша 15 қалада өз еркімен сынақтан өтіп, іріктеліп алынған 200-ден астам тәлімгер бар, соның екеуі – ҚТЖ қызметкерлері. Олардың басты мақсаты – балаларды әлеуметтендіру, үлкен өмірге дайындау.

– Қазақстан теміржолының музейін көруге шақырғанда бірден келістік, балалар болат жолдың қыр-сырымен танысып, жан-жақты дамысын дедік. Теміржолшы мамандығын толығырақ білсін дедік. Мүмкін араларынан болашақ теміржолшы шығып қалар. Мына балалардың әрқайсысының тәлімгері қатар еріп келді. Соның ішінде Данияр мен Нұрлан – теміржолшы тәлімгерлер, – дейді Бекназар Қазиев.

Музей менеджері Ақмарал Молдашева балаларға музей ішін аралатып, әрбір экспонаттың тарихымен таныстырды. Осы сәтті пайдаланып, екі теміржолшы тәлімгермен тілдестік. Солардың бірі – Данияр Омаров ұлттық компанияның «Ірі жобалар бойынша дирекциясы» филиалының құқықтық мәселелер жөніндегі бас менеджері қызметінде.

– «Дара» қорының «Тәлімгерлер» жобасына 2022 жылы мамыр айында өттім. Менің шәкіртім – елордадағы «SOS Астана» балалар ауылының тәрбиеленушісі, 16 жастағы Владимир. Бізге жоба бойынша баланы өздері таңдап береді. Бір қарағанда Вованың мінезі, болмысы өзіме ұқсайды. Қордың психолог мамандары соған мән берген секілді. Жалпы жоба бойынша 11 жастан жоғары балаларға тәлімгерлік етуге рұқсат етіледі. Біздің келісімшарт бойынша міндетіміз – бұл баламен әр жексенбі сайын таңертең сағат 11.00-ден кешкі 18.00-ге дейін кездесу, бір жерге бару, жалпы бірге уақыт өткізу. Өзімнің 4 балам бар, жасым 35-те. Дегенмен мен Вовамен кездесуге қашан да уақыт табамын, – дейді Данияр.

Жоба мақсаты – баланы әлеуметтендіру, қоғамға бейімдеу болғандықтан тәлімгерлер оларға базар мен дүкендерде қалай сауда жасау керектігін, күнделікті тұрмыста кездесетін мәселелерді қалай шешуге болатынын, қоғамда тағы қандай жағдайлармен ұшырасу мүмкіндігін ертіп жүріп көрсетіп, түсіндіреді, ақыл-кеңесін береді. Киноға, кафеге, көрмеге баруға, жағалауда серуендеуге, жазда көлге баруға болады. Жүзбе жүз кездеспесе де телефон мен ватсап арқылы балалар тәлімгерінен ақыл-кеңес сұрап тұрады. Бірақ қамқорлық танытамын деп оларға қымбат бір нәрсе алып беруге, қымбат қызмет көрсетуге болмайды. Біраз уақыт өте келе тәлімгер баланы өз отбасымен таныстырып, үйіне шақыра алады.

Екінші тәлімгер Нұрлан Дүйсенов – «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС ішкі бақылаудағы тәуекелдерді басқару саласында қызмет етеді.

– Бұл жобада екі жылдан бері жүрмін. Менің қамқорлығыма балалар ауылынан 13 жасар Ислам деген баланы берді. Исламмен алғаш танысқанда өте ұяң, ашылып сөйлемейтін бала болды. Себебі олар көбіне қоғамға бейімделмеген. Мектеп пен балалар ауылының арасында үнемі бақылауда болады. Сондықтан мен оны күнделікті тұрмыста кездесетін өзім баратын жерлерге апарамын. Тіпті кейде көлік бұзылып қалса, соны жөндеуге барғанда көре берсін деп ертіп барамын. Одан бөлек екеуміз ақылдаса отырып, басқа да жерлерге барамыз, – дейді Нұрлан. Экскурсия соңында балалар естелікке суретке түсті.  

Райхан Рахметова

Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: