Главная Новости Биылдан бастап әлеуметтік төлемдер қаншаға өсті?
12 қаңтар 2021, 11:20 22641

Биылдан бастап әлеуметтік төлемдер қаншаға өсті?

Биылдан бастап әлеуметтік төлемдер қаншаға өсті?

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы 7%-ға, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 5%-ға көбейді.

Informburo.kz порталына сілтеме жасай отырып, Қазақстанда биылғы қаңтардан бастап зейнетақы, жөргекпұл, көпбалалы отбасылар және аналарға, мүгедектерге, асыраушысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақы мен әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерi қалай өзгергенін хабарлаймыз. 

2021 жылы айлық есептік көрсеткіш қаншаға өсті?

Жәрдемақы және өзге де әлеуметтік төлемдерді, айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеу үшін айлық есептік көрсеткіш (АЕК) қолданылады. 2021 жылы 1 АЕК мөлшері – 2 917 теңге. 2020 жылы 1 қаңтарда ол 2 651 теңге болса, 1 сәуірден 2 778 теңгеге дейін артқан еді. АЕК мөлшері өзгерсе, айыппұл мен мемлекеттік бюджетке түсетін төлемдердің мөлшері де өзгереді. 

Ең төменгі жалақы мен ең төменгі күнкөріс деңгейі қанша?

2021 жылы ең төменгі жалақы мөлшері бұрынғыдай 42 500 теңге болып қала береді. Базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 2021 жылға 34 302 теңге шамасында белгіленді. 2020 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 32 668 теңге болған.

Қазақстанда кедейлік шегі күнкөрістің ең төменгі деңгейінің 70 пайызын құрайды. Енді ол 22 868-ден 24 011 теңгеге өсті.

Зейнетақы қаншаға өсті?

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жасы мен еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері 7%-ға ұлғайды.

  • мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 18 524 теңге (2020 жылы – 17 641 теңге);

  • зейнетақының ең төменгі мөлшері – 43 272 теңге (2020 жылы – 40 441 теңге).

Ерлердің зейнет жасы бұрынғыдай 63 жас болып қала береді. 2027 жылға дейін әйелдердің зейнет жасы 63 жасқа жеткенше әр жылы жарты жылдан қосыла береді. 2020 жылы 59,5 жас болса, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 60 жас.

Бала өмірге келгенде берілетін жәрдемақы қаншаға артты?

Бала туғаннан кейін әйелдерге жұмыс істесе де, істемесе де біржолғы мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Жөргекпұл сомасы бала кезегіне байланысты:

  • бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 110 846 теңге (2020 жылы – 105 564 теңге);

  • төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 183 771 теңге (2020 жылы – 175 014 теңге).

Егіз не үшем, төртем болса, мемлекеттік жәрдемақы әр балаға жеке-жеке есептеледі.

Декретке шыққанға дейін жұмыс істеген әйелдер үшін біржолғы әлеуметтік төлем мөлшері соңғы 12 айдағы орташа айлық табысына байланысты есептеледі: орташа айлық табысты еңбекке жарамсыздық күндері санының тиісті коэффициентіне көбейтіп, кейін шыққан сомадан 10 пайыз зейнетақы жарнасын алып тастайсыз. Коэффициент 4,2-ге тең. Мысалы, соңғы бір жылдағы табысыңыз 1 920 000 теңге болса, осы соманы он екі айға бөлгенде орташа жалақы 160 мың теңге шығады. Оны 4,2 коэффициентке көбейткенде 672 мың теңге болады. Осы сомадан 10% зейнетақы жарнасын шегергенде босануға байланысты біржолғы төлем 604 800 теңгеге тең болды. 

Бір жасқа дейінгі бала күтімі үшін берілетін жәрдемақы мөлшері қандай?

Жұмыс істемейтін әйелдерге бала кезегіне қарай бiр жасқа толғанша ай сайын төлем беріледі:

  • бірінші балаға 5,76 АЕК немесе 16 802 теңге (2020 жылы –16 002 теңге);

  • екінші балаға 6,81 АЕК немесе 19 865 теңге (2020 жылы – 18 919 теңге);

  • үшінші балаға 7,85 АЕК немесе 22 899 теңге (2020 жылы – 21 808 теңге);

  • төртінші және одан кейінгі нәрестелер үшін – 8,9 АЕК немесе 25 962 теңге (2020 жылы – 24 725 теңге).

Декретке шыққанға дейін жұмыс істеген аналар үшін ештеңе өзгермейді, өйткені бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдер әйелдің орташа жалақысына байланысты. Формуласы: соңғы 2 жыл ішіндегі жалпы табысты 24 айға бөліп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентіне көбейтіп, одан шыққан сомадан 10 пайыз зейнетақы жарнасы алынады. Мысалы, екі жыл ішінде тапқан табыс 2 400 000 теңгені 24 айға бөлсе орташа жалақы 240 мың теңге болады. Бұл соманы 0,4 коэффициентке көбейтіп, одан 10% зейнетақы жарнасын алып тастаймыз. Сонда жұмыс істейтін әйелдің бала күтімі үшін алатын ай сайынғы төлемі 96 мың теңгеге тең.

Көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы мөлшері қандай?

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап отбасылық кірісіне қарамастан төрт және одан да көп, кәмелеттік жасқа толмаған, орта арнаулы және жоғары оқу орнында білім алып жатқан 23 жасқа толмаған балалары бар аналарға сараланған мөлшерде жәрдемақы беріледі:

  • төрт балаға – 16,03 АЕК немесе 46 760 теңге;

  • бес балаға – 20,04 АЕК немесе 58 457 теңге;

  • алты балаға – 24,05 АЕК немесе 70 154 теңге;

  • жеті балаға – 28,06 АЕК немесе 81 852 теңге;

  • сегіз және одан да көп балаға – 28,06 АЕК немесе 81 852 теңге және жетінші баладан кейінгі әр балаға 4 АЕК қосылады. 

"Алтын алқа", "Күміс алқа" иелеріне берілетін жәрдемақы мөлшері қандай?

"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" орденімен марапатталған көпбалалы аналарға табысына қарамастан ай сайын мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Оның мөлшері 6,4 АЕК немесе 18 669 теңге (2020 жылы 17 779 теңге болған).

Мүгедектерге берілетін жәрдемақы қаншаға өсті?

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 5%-ға өсті. Осы орайда мүгедектікке байланысты төлемдердің мөлшері келесідей өзгереді:

  • І топтағы мүгедектер 65 860 теңге алады (2020 жылы 62 723 теңге болған);

  • Ересек жастағы II мүгедек тобындағы адам – 52 483 теңге (2020 жылы 49 983 теңге болған).

  • III топтағы ересек мүгедек адам 35 675 теңге алады (2020 жылы – 33 975 теңге).

16 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балалардың жәрдемақысы келесідей өзгерді:

  • I топ – 65 860 теңге(2020 жылы – 62 723 теңге);

  • II топ – 54 541 теңге (2020 жылы – 51 943 теңге);

  • III топ – 41 164 теңге(2020 жылы – 39 202 теңге).

16 жасқа толмаған мүгедек балалар 48 023 теңге алады (2020 жылы – 45 736 теңге).

Асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы мөлшері қандай?

Асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы ең төменгі күнкөріс деңгейіне және адам санына байланысты есептеледі:

  • ата-анасының бірі болмаған жағдайда балаларға немесе еңбекке жарамсыз отбасы мүшелеріне ай сайын – 29 500 теңге;

  • екі адамға – 51 110 теңге;

  • үш адамға – 63 459 теңге;

  • төрт адамға – 67 232 теңге;

  • бес адамға – 69 634 теңге;

  • алты және одан көп адамға – 72 378 теңге.

Ата-анасының екеуінен де айырылған жетім балаға 40 477 теңге беріледі.

Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері өзгерді ме?

Атаулы әлеуметтік көмекті жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын келесі санаттағы тұлғалар ала алады:

  • ҚР азаматтары;

  • оралмандар;

  • босқындар;

  • шетелдіктер;

  • Қазақстанда тұрақты тұратын азаматтығы жоқ тұлғалар.

Атаулы әлеуметтік көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан аспайтын азаматтарға беріледі.  

Отбасының әрбір мүшесіне тағайындалатын АӘК мөлшері нақты облыс үшін кедейлік шегінің көрсеткішіне байланысты айқындалады, оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына тең (2021 жылы бұл 34 302 теңгені құрады), яғни 34 302-нің 70%-ы 24 011 теңгеге тең. Отбасындағы әрбір адамның табысы осы көрсеткіштен төмен болса, айырмашылық атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін құрайды. Ең төмен күнкөріс деңгейі азық-түлік тауарларының бағасына байланысты әр өңір үшін жеке есептеледі.

АЕК тоқсан сайын тағайындалады. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі мемлекет ұсынған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек бүкіл отбасы үшін тоқтатылады.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: