Главная Новости «Бізді біріктірген – футбол». Мұнайшы футболшылармен сұхбат
28 қараша 2022, 16:30 1412

«Бізді біріктірген – футбол». Мұнайшы футболшылармен сұхбат

«Бізді біріктірген – футбол». Мұнайшы футболшылармен сұхбат

Ел Президенті өз Жолдауында «Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл салауатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастырады» деген еді.

Әр спорт түрінің жілігін шағып, майын ішкен мықтысы болмай ма! Осы орайда салауатты өмір салтын берік ұстанып, футболдан «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының атын асқақтатып жүрген Айдос Түйебаев, Ислам Қосбаев, Дәурен Темір, Хасенхан Буранбаевтай әріптестерімізді мақтан тұтамыз. Ала доп шеберлері қандай белесті бағындырды, алдағы жоспарлары қандай, осы жөнінде аз-кем сұхбат құрған едік...

Айдос Түйебаев, Ислам Қосбаев, Дәурен Темір, Хасенхан Буранбаев бастаған ала доп шеберлерінің төрттігі қашан, қалай құрылды?

Айдос Түйебаев: Барлығы да – өздерінің негізгі жұмыстарын ынты-шынтысымен атқарып, өз салаларында абыройлы болып жүрген азаматтар.

Осы төрт жігіттен де басқа жігіттеріміз көп қой, Аллаға шүкір, сондықтан төрттік деп те айтуға келмейтін шығар. Дегенмен, бізді футбол біріктірді.

Ислам Қосбаев (команда капитаны): Айдос Түйебаев, Хасенхан Боранбаев үшеуміз бір ауылда туып өстік, бала кезден доп ойнап, осы спорт түріне әбден машықтандық десем болады. Араға жылдар салып, тағдырдың өзі «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ компаниясында бірге қызмет істеуді бұйыртты. Сол жұмыстың арқасында Даурен Темір бауырымызды да таныдық. 2000 жылы «ММГ» командасында ойнап, кейін «ММГ» ардагерлер командасында 2019 жылдан бастап төртеуміз бірге, бір уақытта теңбіл доп бәсекелерінде өнер көрсету нәсіп болды.

Футболдан бөлек, құрама сапындағы жігіттер спорттың қай түріне жақын?

Айдос Түйебаев: Футболдан бөлек, волейбол, үстел теннисі, шахмат, жеңіл атлетикамен шұғылданамыз.

Ислам Қосбаев: Бәрімізді футболға алып келген спортқа деген құштарлық қой. Бала кезімізде ала допты қуалап қас-қарайғанша ойнайтынбыз. Әкем 1989 жылы Ақтау қаласындағы жаңадан ашылған футбол мектебіне алып келді. 1995 жылға дейін аталған клубта ойнадым. Команда сапындағы жігіттерге келер болсақ, Хасенхан Боранбаев жастайынан еркін күреспен айналысып, байрақты бәсекелерде талай топ жарды. Даурен Темір үстел теннисін өте сауатты ойнайды.

Астанада өткен ҚР футбол чемпионатына іріктеу қашан өтті, аталған турнирге қатысу үшін қандай талаптар қойылды?

Айдос Түйебаев: Жалпы ардагерлер арасындағы футбол додасы қазіргі уақытта 3 санатқа бөлінеді, жасы 40+, 50+, 60+, соның ішінде біздің ММГ Ардагер командасы 40+ және 50+ санатында екі команда болып өнер көрсетеді. Астана қаласындағы Республика күніне арналған ҚР чемпионаты 23-25 қазан айында өтіп, сол жарыстың талабына сай біздің команда 45+ жігіттерімен келді, яғни алаңдағы 5 ойыншы ішінде екі 40-тан асқан ардагер футболшыға ойнауға рұқсат етілді.

Ислам Қосбаев: Чемпионат өте жоғары деңгейде өтті, мәселен сол жарысқа ҚР 6 дүркін жеңімпазы Қарағандылық «Прогресс» командасы қатысқанының өзі неге тұрады?!

Бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктеріңізбен бөліссеңіздер?

Айдос Түйебаев: Сонау 2010 жылдан бастап өзінің ардагерлер арасындағы футбол жолын салған ММГ командасы осы күнге дейін бірде бір жарыстан қалмай, үлкен нәтиже көрсетті. Спорт жолында төгілген маңдай тер мен елеулі еңбек соңғы үш жылда өз жемісін бере бастады, соның ішінде 2021-2022 жылдар үлкен нәтижелі жеңістер әкелді. Осы жылдың өзінде ішкі Маңғыстау облыстық турнирлерді санамағанда, облыс сыртындағы 5 үлкен жарыста топ жарды.

Ислам Қосбаев: Атап айтар болсақ, біздің команда 2018 жылы Қарақия ауданының кубок иегері (40+ санаты), МАЭК кубогі турнирінің қола жүлдегері (40+ санаты), Мұнайшылар күніне орай өткен облыстық чемпионатының жеңімпазы (40+ санаты), 2019 жылы футзалдан облыстық чемпионаттың қола жүлдегері (40+ санаты), 2021 жылы Тараз қаласында өткен футзалдан ҚР чемпионатының қола жүлдегері (40+ санаты), Астана қаласында өткен шағын футболдан ҚР чемпионатының күміс жүлдегері (40+ санаты), шағын футболдан Маңғыстау облыстық ЛЛФ-Күз чемпионатының жеңімпазы (40+ санаты), 2022 жылы Тараз қаласында өткен футзалдан ҚР чемпионатының күміс жүлдегері (40+ санаты), Астана қаласында өткен шағын футболдан ҚР чемпионатының күміс жүлдегері (40-45+ санаты), Ресей Федерациясында Ульяновск қаласында шағын футболдан өткен халықаралық турнирінің Симбриск-Cup екі санатынан да жеңімпазы (45+ және 50+ санаты), Астана қаласында өткен шағын футболдан ҚР чемпионатының Қазақстан футбол федерациясы ұйымдастырған жеңімпазы (40+ санаты), Астана қаласында шағын футболдан өткен ҚР чемпионатының қола жүлдегері (50+ санаты), Астана қаласында өткен футзалдан ҚР чемпионатының жеңімпазы (40-45+ санаты), шағын футболдан Маңғыстау облыстық ЛЛФ-Күз чемпионатының күміс жүлдегері (40+ санаты) болды.

Жақында ҚР спорт шеберіне үміткер куәлігін алдыңыздар. Бұл сіздер үшін қандай мүмкіндіктерге жол ашты?

Айдос Түйебаев: Әр спортшының жетістігі мен еңбегі бағалануы қажет, осы тұрғыда спорт шеберіне үміткер куәлігін алуға командадағы ойыншыларымыздың қосқан үлесі зор деп санаймын. Бұл берілген СШҮ куәлігі болашақта үлкен мотивация деп білемін.

Ислам Қосбаев: Спорт шеберіне үміткер куәлігі біз үшін үлкен жетістік. Әрі қарай да жұмыс істеп, халықаралық дәрежеде үлкен жетістікке жетуге күш береді. Барлық жігіттердің СШҮ куәліктері құтты болсын!

Отбасыларыңыз футбол жарыстарына жанкүйер ретінде қатыса ма?

Айдос Түйебаев: Ақтау қаласында өтетін жарыстарда отбасыларымыз жанкүйер болып қолдау көрсетуге әзір, бірақ басқа қалаларға бізбен бірге бара алмайды. Дей тұрғанмен, тікелей эфирден ыстық лебіздерін, қолдауларын көрсетіп жатады. Жүрекке тамаша сезім беретін тұсы – тікелей эфирде өтетін жарыстарда күллі Маңғыстаулықтардың қолдайтыны. Біздің команданың жігіттері алдағы уақытта бір отбасының баласындай бір-бірімен қоян қолтық араласқанын қалаймын.

Ислам Қосбаев: Команданың қалған жігіттері де жоғарыда айтылған пікірге толық қосылады деп ойлаймын.

Ойын барысында қандай қызықты оқиғалар болып жатады?

Айдос Түйебаев: Қызықты оқиғалардың бірі жуырда Астанада қаласында өткен (23-25 қазан, 2022ж.) ҚР чемпионатында болды. Ақтық сайыста жеңіске жетіп, чемпион бола тұра, мараппаттау рәсіміне қатыса алмадық. Себебі, ойын аяқтала сала Ақтауға ұшуымыз керек. Ойын біткесін, жеңіс кубогын көтерместен, фотоға түспес-тен әуежайға тарттық. Ал сол чемпиондық кубокті артымыздан жеделдетіп әуежайға алып келгенде қуанышымызда шек болмады. Әрине, әу басында АФЛ (Астана футбол лигасы) ұйымдастыру алқасынан уақытымыздың тығыз екенін айтып кеттік.

Ислам Қосбаев: Футболға байланысты оқиғалар, әрине көп, соның ішінде мынадай қызық оқиға болған: (Маусым, 2022ж.) Ресейдің Ульяновск қаласында өткен жарысқа біздің екі командамыз да (40-45+ және 50+ санаты) қатысты, өз тобымыздан әрі қарай шығатын кезде біз (40-45+) «Йошкар-Ола» командасымен 0:0 болып тең түстік, ал біздің 50+ командамыз «Набережные челны» командасынан 1:4 есебімен ұтылып қалған еді. Енді қызығы, біздің екі командамыз да финалға өткенде қарсылас ретінде тағы сол жеңе алмаған командаларымыз түсті, біздің командаға (40-45+) сол «Йошкар-Ола», ал 50+ командамызға «Набережные челны» шығып тұр екен. Сол ақтық сайыста екі ойында тең түсіп, пенальти тебісіп екі командамыз да чемпион атағына ие болды.

Футбол сіздерге не берді?

Айдос Түйебаев: Шыны керек, осы футболдың арқасында көп таныс, дос таптық, жер көрдік, өзімізді де, компанияның атын абыроймен әйгіледік. «Футбол - біз үшін хобби» деп айтуға келмейтін шығар, дұрыс түсінген адамға ауадай қажет «оттегіге» айналды десем артық болмас.

Ислам Қосбаев: «Футбол – сондай тамаша ойын, алаңда тек өзің ғана рахаттанбай, ол ойынды көріп отырған көрерменге де ләззат сыйлайсың» деген Еркебұлан Сейтбаттал ағамыздың сөзі ойыма оралып отыр.

Компаниядағы жауапты қызметпен қатар спортты қатар алып жүру қиындық туғызбай ма?

Айдос Түйебаев: «Спорт пен еңбек әрдайым қатар жүреді» деген сөз бар ғой, сондықтан негізгі қызметіңмен қоса, өзіңнің жан-дүниеңе сіңіп кеткен футболды ойнасаң ешқандай қиындық туғызбайды, есесіне денсаулығыңа пайдасын тигізетініне күмәнім жоқ. Осы мүмкіндікті пайдаланып, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры Даулетжан Хасановқа көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтамыз.

Ислам Қосбаев: «Спорт – денсаулықтың кепілі» демекші, футбол біздің негізгі жұмысымызға еш кедергі келтірмейді.

Дереккөз: «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ facebook парақшасы

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: