Главная Новости Бүгінгінің батыры – Ерлан Қазиев
23 қараша 2018, 11:28 3360

Бүгінгінің батыры – Ерлан Қазиев

Бүгінгінің батыры – Ерлан Қазиев

Жол-көлік апаты. Бес ай аурухана қабырғасында. Оңалғанда анасынан айырылғанын есту. Бір сәтте басқа түскен қаншама қиындыққа мойымай, айрықша ерік-жігермен өмірге құштарлық таныту.

Бұның бәрі автокөлік апатында омыртқа-жұлынына зақым келіп, қоларбаға танылса да жалғанның жарқын жақтарына ұмтылған Атырау қаласының тұрғыны, үстел теннисінен Қазақстан чемпионы Ерлан Қазиев жайлы болып отыр.

Тағдыр сынақтарына мойымаған кейіпкеріміз 2015 жылдың 17 қаңтарында болған салмағы зіл-батпан оқиғаны күрсіне еске алады...

«Реанимация бөлімінде бес айға жуық ұзақ жаттым. Анашымның бұл дүниеде жоқтығын ешкім айтпады, «ол да ауыр жағдайда дәрігерлердің қарауында, көруге болмайды» деген сыңайда алдаусыратты. Кейіннен барып қана әкем мен әжем барлық шындықты жайлап жеткізді. Қатты қиналдым, тіпті тыныштандыратын дәрі қабылдадым. Бәрі сабырға шақырып, жұбатқанын өзіңіз сезген боларсыз, - деп сыр шерткен Ерлан ағасы Ерболаттың есімін ерекше атады. – Сын сағатта қасымнан кетпей, басынан көмегін аямаған Ерболатқа алғысым шексіз. Ол ауруханаға күнде келіп, әңгімелесетін, қайғымды жеңілдетуге тырысып, бөлісетін. Әрдайым жақсылыққа талпынудың жаңа қырларын ойлап тауып, ақыры күйзелістен алып шықты».

Жас спортшы өзі тұратын қалада адамдар оны жиі танып, амандасатынын, табандылығы мен қоғамда белсенді ұстанымына риза болатынын айтты, яғни шыңырауға тартқан сәтсіздікті жеңе білген Ерлан басқаларға өнегеге айналған.

«Тағы бір жан досым Қанағатпен Астанадағы оңалту орталығында таныстым. Қоларбаға отырмақ түгілі, қозғалуым мұң болған кезде көңілімді көтеріп, футбол ойынына қызықтырды. Содан арамызда футболдан кездесулерді бірге тамашалайтын игі дәстүр қалыптастырдық», - дейді Ерлан.

Ерлан Қазиев кішкентайынан спортқа құмар болғанын еске алады. Балалық шағында самбо, дзюдо сияқты күрес түрлеріне ден қойған екен. Әңгімемізге арқау еткен жайттан кейін үстел теннисіне бет бұрған. Үздіксіз жаттығу мен тер төгу, дайындық жемісі бүгінгі таңда біраз жиналып қалған жүлделі белестерге әкелген.

Өткен жылы Венгриядағы жарысқа қатысуға қаржы тапшылығы байқалған. Дәл осы тұста жанашыр жақтардың ақыл-кеңесімен «Самұрық-Қазына» қорына хат жазған. Жауабы да көп тостыртпай, Ерланға «Жас дарындар» жобасы арқылы демеушілік жасалады. Ал бұл сапардан кейіпкеріміз қанаттанып, шеберлігі шыңдалып қайтады. Содан соң жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында бақ сынап, үстел теннисінен бірінші орын иеленеді. Аталған жетістік ересектер арасындағы чемпиондық атаққа ұласады.

«Жүгіруден 10 шақырымдық жарысқа да әдейі қатыстым. Өйткені мүгедектер де белсенді өмір сүріп, дені сау замандастарымызға үлгі бола алатынын дәлелдегім келеді. Анам тірі болса, жігерім құм болып, еш әрекет етпей отырғанымды қаламайтын еді», - дейді жеңімпаз жігіт.    

Алдаберген КЕМПІРБАЙ   

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: