Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Халықаралық дәрежедегі заңгер, Ұлыбританиядағы Оксфорд университетінің құқықтану магистрі (Oxon MJur) Халида Әжіғұлова Біріккен Ұлттар Ұйымының қабырғасындағы 6 жылдық еңбек жолының Қазақстанға байланысты елдік кеңсенің 2 жылында кәсіподақ төрайымы болғанын айтады.
Әңгімеміздің әлқиссасында келтірілгендерден бөлек, Лестер университетінің докторанты, БҰҰ адам құқығы жөніндегі біліктілікке ие маманы (UNHCR/FPLP), Британ жоғары білім беру академиясының (FHEA) дәріскері болып саналатын Халида еңбек қатынастары саласында біраз тәжірибе жинаған.
Кейіпкеріміз жалпы сырттай қарағанда іргелі әлемдік ұйымда жұмыс істеу өте абыройлы көрінгенімен (жақсы жалақы, үздік шетелдік емханалардағы қымбат қызмет түрлерін қамтитын медициналық карта, 55 жастан басталатын икемді зейнетақыға шығу жүйесі, мәжбүрлі еңбекке өтемақы тағайындалатын қатаң жұмыс уақыты), өз қиындықтары мен әлсіз тұстары барын жасырмайды.
«Мәселен, БҰҰ қызметкерлері өздері істейтін елдің еңбек заңнамасына бағынбайды, оларға арнайы мекемеішілік ереже қалыптасқан. Тиісінше, заңсыз жұмыстан босату сияқты келеңсіздіктер кезінде жергілікті сотқа жүгіне алмайды. Екіншіден, жұмыс берушімен келісімшарт мерзімі қысқа болып келеді. Жұмысқа енді қабылданған жанға әдетте уақытша үш айлық шарт ұсынылады. Тұрақты орналасқанда да уағдаластық ең ұзақ дегенде 1 жылға ұзартылады және басшылықтың оң бағасына тәуелді болады. Шектеусіз құжатқа 5-10 жыл тер төкеннен кейін ғана қол жеткізу мүмкін дүние», - деп бөліседі ойға түйгенімен Халида.
193 елден адамдары істейтін үлкен ұжымда түрлі мәдениет пен көзқарасқа қатысты түсініспеушіліктер туындайтыны анық. Сонымен қатар, гуманитарлық көмек құрамдарының төтенше жағдайда босқындар мен табиғи апат құрбандарына жәрдемдесуге ұмтылатыны белгілі. Сұхбаттасушымыз өз сөзінде қызмет ғимаратынан далаға шығуға тыйым салынған, ал қозғалыс тек брондалған көліктерде жүзеге асатын Сомали елін мысалға келтірді. Сондықтан мұндай жүйкені жұқартатын ахуал кей-кейде әріптестердің арасында жанжал отының тұтануына әсер етеді екен.
«Шарт мерзімін ұзартпау, басшылықтың теріс бағасы сынды әкімшілік шешімдер де қызмет бабын асыра пайдаланумен қатар қарсылыққа жолығуы мүмкін», - деген Халида БҰҰ агенттіктерінің әрқайсында қызметкерлердің жүріс-тұрысына байланысты Кодекс пен еңбек қатынастары жөнінде Ереже әзірленгенін атап өтті.
Әр менеджер мен желілік басшы қарамағындағы жұмысшының іс-қимылына жауапты болып, еңбек ережесін сақтауда кемшілік байқалған жағдайда Бас инспектор кеңсесіне хабарлауы тиіс екен. Тікелей басшылығына шағымдануды жеткіліксіз санаған қызметкерге Омбудсмен мен Кәсіподаққа арыздану қамтамасыз етілген. Тәуелсіз әрі бейтарап омбудсмен жағы оңаша жағдайда кез-келген ұйым қызметкеріне, тіпті бұрын жұмыс істеген жандар мен олардың отбасыларына кеңес бере алады. Қызметкер келіссе, омбудсмен өзіндік зерттеуін жүргізіп, шағым жиілеп кетсе, дереу қажетті кеңсеге сапар шегуі қарастырылған. Барлық елдің кеңселер мен департаменттер жетекшілері аталмыш уәкілге көмектесуге міндетті.
Кәсіподақ та БҰҰ агенттіктерінің барлығын қамтыған екен және олар жыл сайланып отырмақ. Сәйкесінше кәсіподақ көшбасшылары қызметкерлердің қолайлы еңбек-әлеуметтік ахуалында жұмыс істеуін назарда ұстап, түйткілдерді тереңінен зерделеуге күш салмақ.
«Кәсіби одақ мүшелері айына кем дегенде бір рет кеңсе жетекшілерімен кездесіп, арыз-шағымдарды қарастырады. Кәсіподақ өкілі шұғыл жағдайда жүздесудің кезектен тыс өтуін талап ете алады. Кәсіподақ қатарындағылар қызметке тағайындауды бекітетін аймақтық және орталық комиссиялар құрамына да кіреді. Нәтижесінде бұл қадам байқаулардың таза, әділ жүруіне ықпал етеді», - дейді Халида.
Жаңа жұмыс орындары алдымен агенттіктің ішінде жарияланып, содан соң егер ешкім оларға ешкім орналаспаса, бұл маңызды ақпарат, careers.un.org секілді БҰҰ ресми сайттарына және агенттіктердің елдік өкілдіктері сайттарына орналастырылмақ.
Әңгіме қорытындысында, шетелде табысты белестерді бағындырған қандастарымыздың қатарындағы Халида Әжіғұлова басшы мен қызметкер арасындағы еңбек даулары, жемқорлық, сеніп тапсырылған қаржыны ысырап ету тәрізді жайттарды таразылауда БҰҰ агенттіктерінде көпсатылы жүйе түзілгенін жеткізді. Қызметкерлер құқығын қорғау мен келеңсіздіктерді тексеруде агенттік ішінде Адам ресурстары мен басқару мәселелері жөніндегі департамент, Ішкі тексерулер бөлімі, Әдеп департаменті, Заң мәселелері бөлімі істесе, барлық БҰҰ агенттіктеріне ортақ Дауларды реттеу трибуналы мен Апелляциялық трибунал құрылған екен.
«БҰҰ трибуналдарында заңсыз жұмыстан шығарылған жандар әділдікке қол жеткізіп, қомақты өтемақы сомасын еншілегенін білемін. Оған дәлел, Орталық Азияда орналасқан елдік кеңседегі әріптесім 6 жыл бойы табанды әрекет еткенінің арқасында жұмысында қайта қалпына келтіріліп, 100 мың АҚШ доллары көлеміндегі өтемақы өндіріп алды», - деп түйіндеді кейіпкеріміз.