Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Samruk-Kazyna Construction орталық аппаратында таңғы 7.00-де басталған жиында Е-Qurylys ақпараттық жүйесі бойынша атқарылып жатқан жұмыс талқыға түсті. Кеңейтілген жиынға дивизион басшылары, SKCN өңірлік өкілдері мен орталық аппараты, сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалау сарапшылары қатысты.
Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов мердігерлер мен өңірлік өкілдік басшыларының e-qurylys-тағы жұмысқа әлі де салғырттық танытып отырғандығын қатты сынға алды. Оның пікірінше жобалық-сметалық құжаттамасы дайын 109 нысанға жауапты мамандардың электронды жүйедегі жұмысы мүлдем көрінбейді. Соның ішінде тек 2 нысанның: Қошмамбет (Алматы обл.) пен Үштөбедегі (Қарағанды обл.) мектептердің сәйкес құжаттары жүйге жүктеліп, жұмыс ақысы да сәйкесінше төленіп жатыр.
Күнделікті аналитикалық графикте әр нысанның жұмыс журналдары, атқарылған жұмыс актілері, техникалық зерттеу, авторлық және техникалық қадағалау есептері және т.с.с. құжаттарының бар-жоғы көрсетіліп отырады. Бұл кестеге сүйенсек, үш айдан бері бір де бір құжатты e-qurylys-та жөнге келтірмегендер бар.
«Өз басым бұл әрекетті ұлттық жоба құрылысындағы бүкіл процестің электронды түрде жүргізіліп, қаржы қозғалысының құзырлы органдарға ашық, түсінікті болуына қарсы әдейі істеліп отырған әрекет деп танимын. Себебі ұлттық жобадағы бүкіл қаражаттың қайда, қандай мақсатпен жұмсалғандығы айқын болуы тиіс. Жобаға берілген уақыт тығыз екендігін ескерсек, қандай да бір жұмысты баяулату – өте орынсыз ұстаным деп бағалаймын», - деді өз сөзінде Басқарма төрағасы.
Мәулен Айманбетов өңірлік басшыларға e-qurylys-тағы жұмысты жөнге келтіруге бір апта уақыт берді. Платформадағы әр дивизион нысаны құжатнамасының дер кезінде дұрыс жүргізілуін қадағалайтын басшыларды, дивизионның құрылымдық жұмысын, кімнің қандай міндет атқаратындығын ресми түрде бекітіп, тапшы болып отырған мамандарды жалдау үшін тез арада ашық конкурс жариялауды тапсырды.
Және де жауапты департамент жұмыскерлері осы аптаның аяғына дейін жұмыс кестесінен кешікпей салынып жатқан 83 нысандағы жұмыс қарқыны, олардың жұмыс кестелерінің болуы; жыл соңына дейін тапсырылмақ, бірақ кестеден кешігіп келетін 31 нысанның құрылысын жылдамдату мәселесі туралы есеп беруі қажет.
Жиында тағы бір үлкен мәселе – маусым, шілде, тамыз айларына қай нысанға қанша соммаға эскроу-шот дайындалу қажеттілігі қозғалды. Бұл сұраққа қатысты қаржы және экономика жөніндегі орынбасары Болат Мұқышев баяндама жасап, жуырда жинақ есептің шығатындығын айтты.
Ұлттық жобаны уақытында оңтайлы аяқтау үшін тез арада 24/7 жұмыс кестесіне ауысу қажеттілігі өзекті болып тұр. Сол үшін төрағаның тікелей тапсырмасы бойынша өңірлік басшылар қажетінше мердігер компанияның кеңсесінде отырып электронды платформадағы жұмысты жылдамдатады. Берілген тапсырмалар орындалмаса, жауапты жұмысшыларға қатысты сөгіс жариялаудан бастап қызметінен босатуға дейінгі қатаң шаралар қолданылмақ.
Еске сала кетейік,13 мамырда «Bitrix» кросс-платформасымен біріктірілген Е-Qurylys ақпараттық жүйесінде атқарылған жұмыстардың алғашқы электрондық актісіне қол қойылды. Осылайша жайлы мектептер құрылысының барлық құжаттамасы электрондық форматқа ауыстырылды. Е-Qurylys-ты мұндай ауқымды жобада пайдалану жоспардан ауытқуға, бітпеген жұмысты қабылдауға жол бермейді. Актілер жұмыс журналдарының, фотоматериалдардың және жүйеде тіркелген басқа да маңызды құжаттардың негізінде автоматты түрде жасақталады. Бұл сыбайлас жемқорлық, «бейресми қарым-қатынасты» жойып, ғимарат салудың, бюджеттік қаржы шығынының ашық болуын қамтамасыз етеді.
Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!