Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Кез келген компания үшін дұрыс имиджді қалыптастыру, компанияішілік коммуникацияны нығайтудың бірден-бір жолы – корпоративті басылым шығару. «Ембімұнайгаз» АҚ-ның корпоративті басылымын шығару кәсіпорынның өндірістік және әлеуметтік қызметіндегі жаңалықтарды, Ембі өңірінде кең қолға алынып жатқан тың бастамаларды, маңызды жобаларды әрбір мұнайшыға жедел және шынайы түрде жеткізу және жұмысшылардың ішкі потенциалын ашып, арттыру үшін ашық пікір алмасу алаңын ұйымдастыру арқылы ішкі байланысты нығайту мақсатынан туындады.
«Ембі тынысы» корпоративті газетінің алғашқы саны 2018 жылдың мамыр айында электронды форматта шықты. Мұнайшылардың жұмыс күндерінен қызықты репортаждарды таратып, Компания басшылығы мен жұмысшылар арасындағы байланысты жақсарта түсуге жол ашқан «Ембі тынысы» электронды газетінің 16 саны жарыққа шықты. Кейін, газеттің Ембі өңірінде еңбек етіп жатқан 5 мыңға жуық адамның барлығына толық жетуі үшін (қызметтік электрондық пошта жүйесі барлық жұмысшыға әзірге қолжетімді емес) компания басшылығы редакциялық құраммен бірлесіп, басылымның қағаз нұсқасын шығаруды ұйғарды. Сөйтіп, 2019 жылдың қаңтар айынан бастап газет қағаз түрінде айына 2 рет 3 500 данамен басылып келеді. Сондай-ақ, газеттің электронды нұсқасын да тарату жұмыстары үзілген жоқ.
Бүгінде корпоративті газет ембілік жұмысшылардың күтіп жүріп оқитын басылымына айналды.
«Газет беттерінде компания тынысы, өндірістік және әлеуметтік салалардағы нәтижесін тапқан жақсы шаралар, қолға алынғалы отырған жаңалықтар, жобалар, өнерлі жұмысшылар туралы материалдар, компания басшылығының үндеулері, пайдалы кеңестер, тарихи материалдар жиі жарық көріп отырады. Бұған қоса, Ембі өңірінің қалыптасып, дамуында зор үлесі бар ардагер-мұнайшыларға деген құрметіміз де газет беттерінен жиі көрініс табуда», – дейді «Ембі тынысы» газетінің бас редакторы Айгүл Ертілеуова.
Атап айтқанда, бүгінде газеттің «Бас компаниялар жаңалықтары», «Өндіріс тынысы», «Мұнайшылар шығармашылығы», «Ембі-100», «Пайдалы кеңестер», «Ембілік ардагерлер», «Біздің ембіліктер», «Мерейтой», «COVID-19» және тағы басқа тұрақты айдарлары бар.
Бүгінде басылымның шығармашылық ұжымы 3 адамнан тұрады. Атап айтсақ, қоғаммен байланыс жөніндегі менеджер Лаура Сүлейменова қазақстандық, ресейлік мұрағат деректері негізінде газет бетінде тұрақты жарияланатын тарихи очерктердің авторы болса, ЕМГ ұйымдастыру бөлімінің жетекші маманы Ғалия Қаражанова мен бас маман, басылымның бас редакторы Айгүл Ертілеуова ішкі коммуникацияны дамыту, компания басшылығы мен жұмысшылар арасындағы алтын көпір қалыптастыру мақсатында танымдық материалдар, ақпараттар, хабарлама-үндеулер, репортаждар дайындап отырады. Сонымен қатар, газеттің әр санын жібермей, асыға күтіп отыратын мамандар – Гүлбағыт Испанғалиева, Жарқын Темеев, Жұмабай Аманов сынды тұрақты авторлар да бар.
2019 жылы ұйымдастырылған XII корпоративті БАҚ арасындағы Орталық Азия байқауында «Ембі тынысы» «Үздік ішкі корпоративті газет» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылды.
«Бұл – жас газеттің алғашқы белесі болды. Компанияның тынысы, өндірістік жаңалықтарын жариялайтын газетіміздің аз ғана уақыттың ішінде тұрақты оқырмандары пайда болды. Осы орайда, материал тапшылығын сездірмей, өздерінің қызықты әңгімелерімен, еңбек тәжірибесімен бөлісуге әрдайым дайын әріптестерге, оқырмандарымызға алғысымызды білдіреміз. «Ембі тынысы» ембіліктермен бірге жасай береді», – дейді Айгүл Ертілеуова.
Айбек Ибрашев, «Доссормұнайгаз» МГӨБ әлеуметтік саясат бөлімінің бастығы:
«Шын мәнінде әрбір корпоративтік басылымның көздегені – ұжымішілік байланысты қалыптастырып, оның дамуына жол ашу. Осы мақсатта оқырмандарына жол тартқан «Ембі тынысы» газеті өзінің жарыққа шыққанына 1 жыл уақыт болмаса да, мұнайшылар іздеп жүріп оқитын ақпарат құралына айналды.
Газеттің әр шығарылымы бір-біріне ұқсамайтын, ерекшелігімен құнды. Өзіме оқырман ретінде алғашқы 2-3 беттеріндегі ресми ақпараттың таралымы ұнайды. Ел жаңалығы, жаңа тағайындаулар, Компанияның басты жаңалықтары туралы қысқа да нұсқа ақпараттар легімен алдымен танысамын. Сосын соңғы беттердегі тарихымыз туралы сыр шертетін циклді материалдар да құнды.
«Қайда, қашан» деген айдармен берілетін ұжымішілік қолға алынған жұмыстар, олардың ұйымдастырылуы туралы кеңінен баяндалған шолу материалдар да бізге қызықты. Өзге басқармаларда жүзеге асып жатқан іс-шаралар туралы да дер кезінде ақпарат алып отырамыз. «Ембі тынысы» газеті ембілік мұнайшыларға ақпараттық-танымдық бағытта мол мәлімет ұсынып отыр».
Амангелді Сүлейменов, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ басшысы:
«Ембі тынысы» газеті әрине, мұнайдың астанасы аталып жүрген облыста мұнай өндірісі саласына арналған басылым болуы қажеттілік деп санаймын. Себебі, республикалық, облыстық басқа басылымдардың өндіріс тақырыбын кеңірек қамтып жаза беруге мүмкіндігі шектеулі екені түсінікті. Демек, басқа сала қызметкерлері сияқты мұнайшылар да өздерінің кәсіби үнжариясы болғанын қалайды.
Газет бетінен компанияға қарасты мұнай-газ өндіруші басқармаларының еңбек тынысын, осы саладағы озық технология жаңалықтары мен жетістіктерді оқып, хабардар болып келеміз. Мұнайшылардың тұрмыстық жағдайы, әлеуметтік қамту мәселелері жүйелі жазыла бастады. Газеттің оқырмандары алдындағы беделі тек қана мұнай өндірісімен шектеліп қалмай, әртүрлі тарихи-танымдық материалдарды жүйелі жариялап отыруымен биіктей түсуде».
Материалды «Ембімұнайгаз» АҚ ұйымдастыру бөлімі ұсынды