Главная Новости Ембідегі мұнай мұражайы
03 шілде 2021, 12:21 1769

Ембідегі мұнай мұражайы

Ембідегі мұнай мұражайы

Мұра ұғымы, әлбетте, уақыт өлшеміне бағынбайды. Дегенмен, уақыт артқа ұзаған сайын мұраның құны мен тарихи маңызы арта түседі. Құны артқан мұра мұражайдан орын табады. Міне, ғасырдан астам тарихы бар «Ембімұнайгаз» компаниясының да өз мұражайы ашылғанына биыл алты жыл толады. Бұл интерактивті мұнай мұражайының жөні бөлек, ол Қазақстан ғана емес, ТМД елдері арасындағы ең инновациялық, технологиялық мұражайлардың бірі саналады.

«Ембімұнайгаз» компаниясының мұражайы 2015 жылдың қыркүйек айында ашылған болатын. Содан бір жыл бұрын компанияның жаңа штаб-пәтерінің құрылысы аяқталған кезде жаңарудың жарқын белгісі ретінде заманауи мұражай салу туралы да шешім қабылданған болатын. Уақыт бүгінде бұл шешімнің дұрыс болғанын дәлелдеп келеді.

Мұражайда қазақ мұнайының тарихы туралы мәліметтер, Қарашүңгіл жерінен алғаш мұнайдың табылуы, Қазақстан мұнай өнеркәсібінің қалыптасуы мен «Ембімұнай» тресінің құрылуы, дамуы туралы деректер жинақталған. Атап өтерлігі, классикалық үлгідегі мұражайдың ғылым мен техника жедел дамыған бүгінгі заманда қызық бола қоймасын компания басшылығы дәл уақытында ескерген. Сондықтан да бірден инновациялық, интерактивті үлгідегі мұражай жасау міндеті алға қойылған-тын.

Мұражай 12 бөлімнен тұрады. Бөлімдердің алғашқысы да ең қызықтысы да «Интро» атауына ие. Бұл аймақта келушілер мұнайдың пайда болуы мен оның Қазақстанның дамуындағы ролі туралы білім алады. Шатыр пішіндес зал ішінде 360 градус проекцияға ие экранда өзің оқиға орнында жүргендей әсер аласың. Одан әрі «Алғашқы ашулар» бөлімінде Қазақстанның мұнай саласының тарихы, соның ішінде қазақ тайпаларының мұнайды тұрмыстық қажеттіліктер үшін алғаш пайдаланған тарихи деректерінен бастап ресейлік және батыс зерттеу экспедицияларының жұмыстары туралы сыр шертеді. Бұл бөлімде түрлі мұнай туралы қалдырған жазбалары да сақталған.

Кейінгі үш бөлім өндірістің құрылған, озық технологиялардың енгізілген, Ұлы Отан соғысы кезіндегі мұнай өндірісінің тарихы туралы баяндайды. Айта кетейік, сұрапыл соғыс жылдары ембілік мұнайшылар Жеңіске үлес қосу мақсатында жоспарды 250 пайыз орындағаны бар.

Интерактивті картада Ембіге қарасты кен орындарының игерілу, ашылу тарихы, қазіргі жағдайы туралы ақпараттар жинақталған. Ал Даңқ бұрышында 100 жылға жуық тарихы бар Ембі өндірісінде еңбек еткен мұнайшылар мен олардың ізін басқан қазіргі буын туралы барлық дерек сақталған. Тегі, аты-жөнін теру арқылы іздеген адамның өмірбаянымен танысуға болады.

Қазіргі кезең секциясында «Ембімұнайгаз» компаниясының қазіргі даму кезеңі, бүгінгі құрылымы, әлеуметтік нысандары, экологиялық жұмыстары көрсетілген.

Мұражай сонау 2015 жылы ашылған шақтан жас қонақтарының жиі келетін орнына айналған. Жас қонақтар деуіміздің жаны бар, өйткені, мұражай алғаш есігін өңірдегі мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне айқара ашқан болатын. Кейін келе қала мен жақын аймақтағы елді мекендердің барша тұрғындарының сүйікті мұражайына айналған. Республиканың қара алтын өндіретін басты өңірі болғандықтан да, мұнай кәсіпшілігі аймақ халқының басты жұмыс саласына айналғанынан да сала тарихымен танысу тек балалар үшін емес, ересектер үшін де өте қызық. Содан да болар, мұражайға тамашалауға келушілер қарасы үзілмейтін.

Алайда коронавирус індетінің таралуына байланысты сақтық шараларын күшейту мақсатында әзірге мұражайға баруға рұқсат жоқ. Шектеу эпидемиялық ахуал жақсарғанға дейін жалғаспақ. Дегенмен, таяуда, нақты айтқанда 7-11 маусым аралығында Атырау облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының ұйымдастырған балалар-жасөспірімдер туризмін дамыту мақсатындағы «Жанды сабақтар» экскурсиялық жобасы аясында облыс орталығындағы орта мектептердің 100-ге жуық оқушысы Қазақстан мұнай-газ саласының тарихынан сыр шертетін «Ембімұнайгаз» АҚ-ның интерактивті мұражайында болып, қазақ мұнайының тарихымен кеңінен танысуға мүмкіндік алды.

Олардың қатарында Атырау қаласындағы нәжімеденов атындағы №2 орта мектеп, Ломоносов орта мектебі, Атамбаев №8 атындағы орта мектеп, Хиуаз Доспанова атындағы орта мектеп, №40 мектеп, Бесікті орта мектебі, Тайманов атындағы №27 орта мектептің оқушылары болды.

Айкөркем Мұрат, Ломоносов атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы:

«Ел экономикасындағы жетекші сала – мұнай-газ секторының қалыптасуы, қарыштап дамуы осы интерактивті мұражайда кеңінен көрініс тапқан. Қазақ мұнайының бастауында тұрған ембі өңірінің аталмыш сала тарихында алар орны ерекше екендігіне бүгін көзім жетті. Алғашқы «қазақ жұмысшы табы» қалыптасқан екен. Мұнай қалай өндірілетінін виртуалды көзілдіріктер арқылы көріп, көп нәрсеге қанықтым. Ұлы отан соғысы кезіндегі ембілік мұнайшылардың жеңіске қосқан үлестері ұшан-теңіз екендігін біліп, кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Соғыстан кейін тоқыраған шаруашылықты қалпына келтіру жұмыстарында да мұнайшылардың үлестері мол. Біз сияқты қазіргі өскелең ұрпақ аға буынның осынау ерліктері мен еңбектерін біліп өсуі керек».

Болашақта мұнай-газ саласы мамандығының иесі атануға ниеті жастар бұл жерден көп ақпарат ала алады.

Айзада Жансұлтанова, Атамбаев атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы:

«Қазақ мұнай-газ өндірісінің ғасырдан астам тарихы сонау ежелгі дәуірлермен сабақтасып жатыр. Бүгін біз ембінің кен алаңы қарашүңгілден алғаш мұнайдың табылуы, қазақстан мұнай өнеркәсібінің қалыптасуы мен «ембімұнай» тресінің құрылуы туралы деректерді осы мұражайдан таптық. Мұражайдың іші де керемет жасақталған. Галактикалық ертегі әлемінде жүргендей әсер қалдырды. Мұражайға келіп, менің де осы саланы дамытуға деген қызығушылығым арта түсті».

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: