Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
«Ембімұнайгаз» АҚ Бас директоры Ринат Ізмұханбет биылғы жарты жылдық қорытындылар бойынша басқару аппаратының ұжымымен есептік кездесу өткізді. Компания басшысы негізгі деректерге тоқталып, 2025 жылдың 6 айында мұнай өндіру көрсеткіші – 101,2 %, мұнай тапсыру көрсеткіші – 101,5 % болғанын айтып өтті.
Жоспарды артығымен орындаудың негізгі факторлары –жоспарланған геологиялық-техникалық іс-шаралардың ерте басталуы екенін атап өткен Бас директор мұнай өндіру бойынша 2025 жылға жоспарланған көрсеткіштерді орындау үшін қол жеткізген жетістіктермен тоқтамай, тиісті жұмыстарды осы қарқынмен жалғастыру жоспарланып отырғанын атап өтті.
Есепті жиын барысында Компанияның қызметін дамыту бағытындағы маңызға ие – инвестициялық жобалар туралы да айтылды. Барлық қолға алынған 5 жобаның іске қосылуы мұнай өндірудің жыл сайынғы көлемін арттыруды қамтамасыз етеді деп күтілуде.
Басқосуда Компания ішіндегі әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында жүргізілген және кен алаңдарының атаулы жылдары аясындағы жоспарланған іс-шаралар туралы да айтылды.
Әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсарту шеңберінде биыл өндіріс алаңдарындағы 6 жатақханада күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып, үшеуінде тиісті жұмыстар жүруде.
Жиында кадр саясаты, соның ішінде Дуалды оқыту, «Серпін» модульдік оқуы, «Алып» жобасы, Ішкі тәлімгерлер жобасының жетістіктері туралы да айтылды.
Айта кетейік, Компания басшылығының осы мақсаттағы есепті кездесулері бұған дейін барлық МГӨБ және «Ембімұнайэнерго»,«Өндірістік техникалық қамту және жабдықтармен комплектациялау» басқармаларында да өткізілді.