Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Компанияның ғасырлық тойының аясындағы жыл басында басталған демеушілік шаралар әлі жалғасып жатыр.
Атырау облысының үш ауданында төрт бірдей көп функционалды спорт алаңы тұрғындар игілігіне тарту етілді. Атап өтсек, Исатай ауданының Аққыстау селосында, Мақат ауданының Мақат және Доссор кенттерінде, Қызылқоға ауданының Мұқыр елді мекенінде ембіліктердің демеушілігімен жаңа спорт алаңдары бой көтерді.
Осы аптада Мұқыр мен Мақатта жаңа нысандардың ашылу салтанаты өтті. Спорт алаңдарының ашылу рәсімінде сөз алған Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұханов, Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимов отандық мұнай өндіруші компанияның мұнайлы өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға қосып отырған үлестеріне аудан тұрғындарының алғысын жеткізді.
«Ембімұнайгаз» АҚ Бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Қанатбек Қасымғалиев қос ауданның барша спорт сүйер қауымын, соның ішінде жас спортшыларды аталмыш нысанның ашылуымен құттықтап, әлеуметтік жауапкершілікті жоғары бағалайтын отандық кәсіпорынның мұнайлы аудандарға деген қамқорлығы әркез назарда болатынын атап өтті.
Қанатбек Қасымғалиев салтанатты шарада мақаттық жас өрендерді салауатты өмір салтына баулып жүрген аудандық спорт мектебінің ұжымына қажетті құрал-жабдықтарды тарту етті.