Главная Новости Еңбегі ерен Хамидулла әулеті
11 қыркүйек 2024, 13:00 571

Еңбегі ерен Хамидулла әулеті

Еңбегі ерен Хамидулла әулеті

Тұтас бір әулет өкілдері – Хамидуллаевтар ел несібесін еселеуші кәсіп саналатын мұнайшы мамандығын таңдады. Аталары салған даңғыл жолды бүгінде немерелері де лайықты жалғастырып келеді. Әулеттің ішкі рухани тәртібі мықты болмаса, ондаған жыл бойы еліміздің мұнай саласында ұзақ жылдар бойы табан аудармастан барлығы бір кісідей жұмыла еңбек етер ме еді?! Тек адал еңбек етумен шектелмей, олар осы кезге дейін тек елдің алғысын алумен келеді. Ешқайсысы әулет абыройына көлденең сөз келтіріп, жаман атанған жоқ.

Талғат Хамидуллаұлы еңбек жолын 1985 жылы «Маңғышлақмұнай» өндірістік бірлестігінде слесарь-жөндеуші, кейін қабат қысымын ұстау цехының операторы болып бастады. «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасында қабат қысымын айдау цехының шебері бола жүріп, цех бастығының орынбасары, цех бастығы болып жоғарылады.

2004 жылдан бастап "Қаламқасмұнайгаз" өндірістік басқармасының Өндірістік-технологиялық бөлімнің басшысы болып жұмыс істеді.

Талғат Хамидуллаұлы өзінің барлық адал қызметі мен өмірін «Қаламқасмұнайгаз» кенорнымен тікелей байланыстырады. Өйткені 45 жылдық тарихы бар ірі мұнай кенорны талай мұнай майталмандарын тәрбиелеп шығарды. Мұнай мен газ өндіруді қарқындату, жүйені реконструкциялау және тұрақтандыру, қабаттық қысымды ұстап тұру, кенорнының ұңғымалық және технологиялық жабдықтарын жаңғырту бойынша табысты жұмыстар Талғат ағаның табанды еңбегінің нәтижесінде жүзеге асты. Атап айтқанда, рационализаторлық ұсыныстарды енгізумен белсенді айналысты. Өндірістік басқарма қабаттардың мұнай беруін арттырудың жаңа техникасы мен заманауи әдістерін енгізу бойынша іс-шараларды жүзеге асырды.

2003 жылы алғаш рет Т. Айдиновтың жетекшілігімен ГУ-39 қондырғысында 4 су айдау ұңғымаларында шыны талшықты құбырлар өндіріске енгізілді. Содан бастап "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ кен орындарында "ОСС" ЖШС күшімен, диаметрі мен мақсаты әртүрлі шыны пластик құбырлар орнатылып, пайдалануға беріп келеді.

Т.Айдыновтың жеке қатысуымен "Алдын ала су айыру қондырғысы", Табиғи газды дайындау қондырғысы Газ компрессорлық станцияға Қаламқас кен орнындағы жаңа объектілердің жобалары әзірленіп, құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді.

Ол ширек ғасырға жуық еңбек өтілінде жақсы сөз, абыройлы атақ алып үлгерді. Шәкірт тәрбиеледі. Өндіріс басшыларын дайындады. «Ерен еңбегі үшін», «Мұнайгаз кешенінің дамуына қосқан үлесі үшін», «Маңғыстау облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі ерен еңбегіне берілген лайықты баға деуге болады.

Талғат ағаның ата-анасы да өмірін өндіріске арнаған жандар. Әкесі Хамидулла Айдынов 1942 жылы 18 жасында майданға аттанды. 1943 жылы жарақат алып Ұлы Отан соғысынан оралғаннан кейін, Саратов мұнай техникумын тәмамдап, өмір бойы бұрғылау жүйесінде, Сағыз, Ескине, Байшонас, Прорва, Мартыши, Маңғышлакнефть мұнай кәсіпшіліктерінде экономист болып еңбек етті. 1979 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясынан еңбек жолын тәмамдап, зейнетке шықты. Анасы Мағдуда Шигаева да ОРСА тамақтану саласында қызмет етті.

Бүгінгі таңда ұлы мен немерелері ұрпақ сабақтастығын үзбей, өлке өндірісін өрге сүйреп, абыройлы қызмет істеп жүр.

Ұлы Дәурен әкесінің ізін жалғап мұнайшы мамандығын таңдады. Каспий мемлекеттік технология және Инжиринг университетін үздік бітіріп, 2009 жылы "Қаламқасмұнайгаз" ӨБ жұмысқа орналасты. Мұнай және газ өндіру цехының операторы, шебері кейін аталған цех бастығының орынбасары болып ауысты. Кіші ұлы Дархан да «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясында заң кеңесшісі қызметін абыроймен атқарып келеді.

Талғат Хамидуллаұлы 2015 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып сайланды. Кәсіподақ саласында жұмыс жасап, мұнайшылардың құқығын қорғау үшін адамға мықты рух қажет. Грузин әншісі Вахтанг Кикабидзе: «Ертең үрім-бұтағың сенің есіміңді алып жүруден, сенің әулетіңнен екеніне ұялмайтындай өмір сүру керек» – дейді. Бұл сөзді өмірлік кредосына айналдырған Талғат Хамидуллаұлы кәсіподақ қызметінің жандануына, жаңғыруына адал қызмет етті.

Талғат Хамидуллаұлы 2017 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін Қоғам басқармасының кеңесшісі, "Маңғыстаумұнайгаз"АҚ Әкімшілік-әлеуметтік мәселелер департаментінің директоры болып жұмыс істеп, 2019 жылы зейнетке шықты.

Ақкөңілдің аты арымас, тоны тозбас деген сөзді еске алыңыз; істес, кәсіптес болған кісілер кейіпкеріміздің дариядай шалқыған кең пейіліне, кісілік қалыбына риза болып, бәрекелдісін аямай айта жүретіні көңілге шуақ ұялатады.

Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал деген абыз ақынның лепесі осындайда еріксіз есе түседі. Айдыновтың сөзіне қарап ісіне... кәсібіне... ынта-жігеріне... ықылас-пейіліне риза боласыз. Еліміздің ертеңгі күні бұдан да шұғылалы, ошағы жылы, жүрек оты мол, кемелді боларына кәміл сенесіз.

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ баспасөз қызметі

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: