Главная Новости Еңбек еткеннің еңсесі биік
04 маусым 2021, 08:12 1599

Еңбек еткеннің еңсесі биік

Ерболат Ақшолақов – «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы, №2 мұнай және газ өндіру цехында электргазбен дәнекерлеушісі.

«Еңбекқорлық әр адамның өзіне қояр талабы болуы керек. Жұмысты бар ынта-шынтаңмен істегенде ғана жемісін көресің, Отаныңа, отбасыңа да сонда ғана пайдаң, шарапатың тиеді деп ойлаймын. Дәнекерлеуші болу үшін адамға ең біріншіден ниет керек. Өндіріс саласында мұндай жұмыстың жауапкершілігі еселеп көбейеді ғой. Сондықтан талап пен тәртіп болса жоспар да жүзеге асады, жұмысың да лайықты бағаланады», – дейді Ерболат Ақшолақов.

Ол 1969 жылы 21 мамыр күні Маңғыстау облысы, Ералы ауданында дүниеге келген. 1976 жылы мектепке барып, 2 сыныптан соң ата-анасымен Түркменстанның Бекдаш поселкесіне коныс аударған екен. Сол жақта 1984 жылы мектепті бітіріп, 1984-1987 аралығында Красноводск техникалық училищесінде электргазбен дәнекерлеуші мамандығын меңгеріп шығады. Осыдан соң екі жыл әскер қатарында болып, 1990 жылы туған жері Маңғыстауға оралады.

«Елге келген соң «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясына электргазбен дәнекерлеуші болып жұмысқа кірдім. 1992 жыл осында отбасылы болдым. Қазіргі таңда 4 балам бар. Екі қызым мектепке барады. Ұлым құрылыс саласында еңбек етіп жүр. Әкем Шәміл марқұм болды, анам Мәнер сылақшы болып еңбек еткен, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп, 83 жасқа келіп отыр. Әйелім Айнагүл теңіз портында аспаз болып істейді. Өзім қызмет істейтін Қаламқас кенорнында жұмыс үзіліссіз, қызу жүріп жатыр. Қазіргі жұмыстың жағдайын бұрынғы кезбен салыстыра алмайсың ғой. Өндіріс әлдеқайда ілгерілеген. Техникалық құрал-жабдықтар әр кез жаңарып, оң өзгерістер болып жатыр. Осының барлығы елдің пайдасына, Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында жасалған иігілікті қадам деп білемін», – дейді Ерболат Ақшолақов.

Ерболат еңбек ететін ұжымда 70 адам жұмыс істейді. «Бәрі де өз ісінің маманы, ауызбіршілігі мен жауапкершілігі жоғары жан» дейді ол. «Мұнайдың 50 жылдығы» арнайы төсбелгісіне ие болған Ерболат Ақшолақов мұнайшылар еңбегі басқарма тарапынан әрдайым еленетінін айтып, ұжымның жетістігі әр жұмысшының еңбегімен келетінін жеткізді.

Қазақта «ұлылық – қарапайымдылықта» дейтін тәмсіл бар. Мұнайлы мекеннің тарихын жасаған талай мұнайшыға кезіккен сайын осы қағидат еске түседі. Арқалап атақ алса да, аста-төк алғысқа бөленсе де шалт кеткен жері жоқ қарапайым еңбек адамының сырбаз мінезіне еріксіз сүйсінесің. Сұхбат соңында елдің ертеңі үшін жанқиярлықпен еңбек етіп жатқан жандардың өмір жолының жарқын сәттері таусылмасын деген жақсы тілек тіледік.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: