Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында майдандағы сарбаздар соңғы демі қалғанша жан аямай күрессе, тылдағы еңбек те толас тауып көрген жоқ. Ауыл шаруашылығында еңбектенген ерлердің майданға тартылуына байланысты, олардың орнын елде қалған қариялар, әйелдер мен балалар басты. Осылайша сарбаздарды азық-түлікпен, шикізатпен елде қалған әйелдер, балалар мен қарт адамдар қамтамасыз еткені тарихтан белгілі. Жеңіс күні – соғыс кезінде тылда бел жазбай еңбек еткен тыл ардагерлерінің де мерекесі екені айқын.
9 мамыр – Жеңіс күнін мерекелеу барсында Ұлы Отан соғысына қатысқан, елін басқшылардан қорғауға ат салысқан соғыс және тыл ардагерлерін құрметтеп, кейінгі толқынға үлгі-өнеге ретінде көрсету мақсатында «Қазпошта» АҚ Ақмола облыстық филиалымен де бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып өткізілді. Аталған іс-шараны өткізуге «Қазпошта» АҚ Басқарма төрайымы Әсел Жанасова өзі мұрындық болып, қомақты ақша қаражатын бөліп, жергілікті жерлерде де тыл ардагерлері назардан тыс қалмауын жіті бақылап отыр.
Ақмола облыстық филиалы пошта саласында қызмет еткен, осы салаға еңбегі сіңгін барлық тыл ардагерлерін мекенжайлары бойынша барып, құрметтеп, қошеметтеп заттай сыйлықтарды табыс етті. Мәселен, Зеренді ауданына қарасты Қошқарбай ауылында тұратын хат тасушы болып пошта саласына қызмет еткен, еңбек және тыл ардагері Қазима Хасенованы Ақмола облыстық филиалдың директоры Қайрат Балапанұлы Бекенов арнайы барып құттықтап, заттай сыйлықты табыс етті.
Қазіргі таңда Еңбек және тыл ардагері Қазима Хасенова 86 жаста болса да, өзінің пошта саласына қызмет еткен өмірі жайлы кеңінен сыр ақтарып, адами жоғары құндылықтарды жеткізді. Бүгінгі күн биігінен қарасақ, пошта таратушы қызметі 1970-1980 жылдары керекті де құрметті мамандық иелерінің бірі болған екен-ау деп әңгімесін өрбітті.
«Мен сол жылдары Қошқарбай мен Заборовка ауылдарына хат-хабар жеткіздім. Екі ауылдағы жүзге тарта шаңырақтың барлығы газет алдыратын. Кем дегенде аудандық және облыстық газеттер арқылы жергілікті жаңалықтардан хабардан болып отыратын. КСРО халықтары сол жылдары әлемдегі ең сауатты азаматтар болды деген деректі өз басым қос қолдап құптаймын. Өйткені, күн сайын жалпы салмағы 30-40 келі шамасындағы баспасөз өнімдері таратылды. Баспасөзге жазылу әдеттегідей күз айларында басталатын. Газеттер мен журналдар каталогы көпшіліктің қайта-қайта парақтағанына шыдамай осы тұста тозығы жететін. Себебі, әр үйдегі балалар, жастар мен үлкендердің барлығы өзіне керектісін жаздыруға тырысатын. Бір қызығы, материалдық жағдайы жақсы шаңырақтың кейбірі газет-журналды тартынып екі-үшеуден асырмайтын. Есесіне, ол заманда да бюджеті жұқа мұғалімдер оннан астамын бір-ақ алдыратын.
Аудандық "Коммунизм таңы", "Заря коммунизма", облыстық "Көкшетау правдасы", "Степной маяк", республикалық "Социалистік Қазақстан", "Казахстанская правда", балаларға арналған"Дружные ребята", одақтық"Пионерская правда " жастардың"Лениншіл жас", одақтық"Комсомольская правда", ұстаздар қауымының "Учительская газета", "Білім және еңбек", қыз-келіншектердің "Қазақстан әйелдері", көпшілік қауымның сүйіп оқыған "Мәдениет және тұрмыс" журналдары, әзіл-сықағымен сойып салатын "Ара", "Шмель", одақтық "Крокодил" журналдары, инженер-механиктер алдырған "Изобретатель и рационализатор", кәсіподақтардың "Труд", ауыл тұрғындарына арналған "Сельская жизнь" жүздеген миллион данамен шыққан "Известия" мен "Правда", әдебиет сүйер қауымның "Қазақ әдебиеті", неміс диаспорасына арналған, сирек болса да келіп тұратын "Фройндшафт" (Достық) газеті, баласын әскерге жіберген отбасыларға келетін "Красная звезда" газеті, түрлі-түсті суреттерімен жарқ-жұрқ еткен, бағасының қымбаттығынан бірлі -жарым үйлер ғана ала алатын "Огонёк" журналы, партия мүшелерінің "Қазақстан коммунисі", "Коммунист", шет елдер тынысын жазған "За рубежом", туристердің "Вокруг света", бірен-саран автокөлік иелері жаздырған "За рулем" журналдары баспахана лентасынан шығысымен қап-қап болып жеткізіліп жатты.
Партия идеологиясы жоғары рухани құндылықтарды насихаттаған сол тұста, газеттер мен журналдар тұнып тұрған ілім-білім мен тәрбие еді. Қызыққан балаларым бас салып оқуға кірісетін. Оқуға құмарлықтың арқасында барлығы таңдаған жоғары оқу орындарын аяқтады, бүгінде өз кәсіптерін жүргізуде. Зерендіден таңғысын толтыра тиелген будкалы ГАЗ-53 машинасы ауданның үштен бірін аралап, түстен кейін Қошқарбайға жеткенде босап қалатын. Газет-журналдың үйіп-төгіп келетін күні, әр айдың соңғы сенбісі еді. Республикалық, одақтық журналдар мен апталық газеттердің жарыққа шығатын кезеңі соған сәйкестендірілді. Келген хат-хабарды иелеріне сол күні жылдамдатып жеткізу үшін, мектеп жасындағы балаларым көп қолқабыс етті. Алқа-қотан отыра қалып, әр үйге тиесілі газеттер жеке сұрыпталып, шекесіне шаңырақ иесінің есімін жазып, пошташының үлкен сөмкесіне тоғытылатын. Әрмен қарай, поштаның арнайы берген көлігі жазда ат-арбаға, қыс айларында шанаға тиеліп, бес шақырымдағы Айдарлы (Заборовкаға) жолға шығатынмын.
Қыстың қақаған аязы мен алай-дүлей борандарына, шілденің шіліңгір ыстығына қарамастан хат-хабар және қариялардың қашан келер деп күтіп отырған зейнетақыларын қолдарына тезірек тигізу үшін жолға шығып жүрдік. Ол тұста әр үйде сегіз, оннан бала болды. Көп балалы аналарға тиесілі жәрдемақы мен қариялардың зейнетақылары да пошта жүйесімен таратылды. Қаржы-қаражат қашан да асқан мұқияттылықты, зор жауапкершілікті керек етеді. Сол кездегі өлшеммен санағанда, екі ауылға ай сайын тиесілі жәрдемақы мен зейнетақы мөлшері бір "москвич" автокөлігінің құны шамасында екен. Сол қаражаттың соңғы тиынына дейін алушы қолына тигізіп, міндетімді адал атқардым. Адалдық пен жауапкершілік – шаңырағымыздың басты ұстанымы. Өмірлік серігім Сағди екеуіміз балаларымыз мен немерелерімізді де соған баулыдық. Атадан қалған осынау асыл тәрбие арқасында қаумалаған немере, шөберені иіскеп отырған күйге жеттім.
Ардагеріміз деп ардақтап, сый-құрметін көрсетіп жүрген "Қазпошта"АҚ Ақмола облыстық филиалының директоры Бекенов Қайрат Балапанұлына және Зеренді аудандық пошта байланыс торабының бастығы Ахметов Жанат Жолдыбекұлына мың алғысымды айтамын. Елге жақсы хат-хабар жеткізуде қанаттарың талмасын, қарақтарым!», – деп сөзін аяқтады.
Ақмола облыстық пошта саласының қызметкерлері өздерінің осындай ерен еңбектерімен үлгі болатын еңбек және тыл ардагерлерін әрқашан мақтан тұтады.