Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
«Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасына қарасты Мұнай кәсіпшілігі жабдықтарына өндірістік қызмет көрсету цехының 6-дәрежелі слесарь-жөндеушісі Айсұлтан Ғабит – қарапайым еңбек адамының нағыз үлгісі. Өндіріс майталманы, саналы ғұмырын мұнай саласына арнаған азамат биыл зейнет демалысына шықты. Бұл – жай ғана еңбек жолының аяқталуы емес, бұл – тұтас бір буынның, тұтас бір дәуірдің тарихы.
Ғабит Айсұлтанұлы 1962 жылы киелі Маңғыстау өңіріндегі Түпқараған ауданында дүниеге келген. Мектеп қабырғасынан кейін Ақтау қаласындағы №11 кәсіптік-техникалық училищесінде (ГПТУ-11) “токарь-слесарь” мамандығы бойынша білім алады. 1980 жылы қолына диплом алып, қол еңбегімен туған жерінің дамуына үлес қоса бастайды.
Еңбек жолын Қаламқас кен орнындағы «Вышкомонтаж» мекемесінде слесарь болып бастаған жас маман нағыз өндірістік өмірдің ортасына түсті. Бұл кезде еліміз кеңестік жүйенің талабына сай жұмыс істеп жатқан шақ болатын. Айсұлтан ағамыз сол жылдары Отан алдындағы борышын өтеу үшін Сібірге аттанып, әскери қызметін абыроймен өтеп келеді. Әскерден оралған соң, Форт-Шевченко қаласында бірнеше жыл бойы түрлі жұмыстарды атқара жүріп, 1987 жылы туған жеріндегі ірі мұнай өндірісіне – «Қаламқасмұнайгаз» кәсіпорнына оператор болып жұмысқа орналасады. Бұл мекемемен байланысы осылай басталып, тағдырын біржола осы салаға байлады.
Бірнеше жыл операторлық қызмет атқарған соң, өзінің негізгі мамандығы бойынша – слесарь-жөндеуші лауазымына ауысады. Содан бері 40 жылға жуық уақыт ішінде өндірістің ыстығына да, суығына да төзіп, техникалық қауіпсіздік пен құрылғылардың мүлтіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз еткен тәжірибелі маманға айналды. Жұмыс барысында үнемі ұқыптылығымен, жауапкершілігімен, біліктілігімен танылды.
Слесарьлық – шыдамдылықты, дәлдікті, жанкештілікті талап ететін күрделі кәсіп. Бұл мамандықты екінің бірі меңгере алмайды. Ғабит ағамыз – осы мамандықтың жілігін шағып, майын ішкен маман. Ол бір ауысымда бірнеше техниканы қалпына келтіріп, бұзылған құрылғыны жаңартумен қатар, жас мамандарға үйретуден жалықпаған ұлағатты ұстаз да болды.
Зейнет жасына жеткенімен, ол өндіріс басында қалдырған ізі, тәрбиелеген мамандары, үлгі болған еңбекқорлығы арқылы әріптестері мен ұрпағына өнеге болып қала бермек. Оның өмір жолы – еңбекке адалдықтың, төзімділік пен кәсіби шеберліктің нақты көрінісі. Еңбегімен ел құрметіне бөленген Айсұлтан ағамызға зор денсаулық, бейнетінің зейнетін көретін жайлы ғұмыр тілейміз!