Главная Новости Жақсы әкенің ізімен...
16 қараша 2021, 12:01 1083

Жақсы әкенің ізімен...

Жақсы әкенің ізімен...

«Мұнай өндірісіне өмірін арнаған әкем Ғасредин Арыстанбайұлының бағыт-бағдар беруімен геолог болуды ұйғардым» дейді «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ мұнай және газ өндіру цехының техник-геологы Қалдыгүл Ғасрединқызы. Арыстанбаевтар әулетінің үлкені Марат Арыстанбаевты білмейтін жан жоқ шығар бүгінде. Өндіріс әліппесі аталып кеткен «Мұнай-газ терминдерінің сөздігі» кітабының төл авторы. Ел ішінде Арыстанбаевтарды «мұнайшылар әулеті» деп атауы тегін емес. Кіші інілері де өлкенің өндірісін өрге сүйреуге лайықты үлес қосса, кеше ғана ұлы Ақылбек Алмұқан Қаныш Сәтбаев атындағы білім ордасын геолог мамандығы бойынша тәмамдап келді.

Маңғыстауда туып-өскен Қалдыгүлдің бала кезінен көрген-баққаны – іргедегі өндіріс. Жол бойына самсап бой түзеген мұнараларға қарап мұнайшы болуды армандамайтын бала жоқ шығар,сірә. Есейе келе, қара қазан, сары баланың қамы үшін отбасынан жырақта айлап-жылдап еңбек ететін әкенің ізін жалғауды өмірлік мақсат-мұратым деп білді. Шахмардан Есенов атындағы білім ордасының күректей дипломын қолына алып, 2002 жылы «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасына оператор болып жұмысқа орналасты. Қарап отырса, бар жігер-қайратын сол сүйікті мамандығына арнаған екен. Бүгінде ол №2 мұнай және газ өндіру  цехында техник-геолог болып жұмыс істейді.

«Қазақта «әйел – қырық жанды» деген жақсы сөз бар. Үйдегі тіршілігіңмен қоса, түздегі жұмысыңа да ұқыптылық қажет. Жыл он екі ай отбасыңнан жырақта жүру оңай емес. Әйтсе де, ұл-қызыңның ертеңгі күнін, отбасыңның бақытты, бақуатты тұрмысын ойласаң, 280 шақырымдық жолға артынып-тартынып тағы кетіп бара жатасың», – дейді Қалдыгүл Арыстанбаева.

20 жыл өндірісте өткен өмірі тәжірибелі маманға ең алдымен шыдамдылықты үйретті. Селқостық танытуға болмайтын жүгі мол жауапты істің басы-қасында жүріп, абырой арқалады, мерейін өсірген марапатын да алды.

«Біздің цех ынтымағы жарасқан іргелі ұжым. Әр маман өзіне жүктелген міндеттің үдесінен шығу үшін барын салады. Тәулігіне 3529 тонна мұнай өндіретін цехтың бүгінге дейін жеткен жетістігі аз емес», – дейді кәсіби геолог.

«Қаламқас кен орны екінші үйіңіздей боп кеткені кім-кімге де жасырын емес. Кен орнымен байланысты жылы естеліктеріңіз болса, мәрхабат» деген сауалымыздың жауабы төмендегідей болды:

«Қаламқас қалашығы барлық сән-салтанатымен жақын арада қайта қауышады деген үлкен үміттің жетегінде жүрміз. Еліміздегі індет қай-қайсымызға да оңай тиген жоқ. Әр мереке сайын арқа-жарқа амандасып, пейіл-ниетімізді түзеп, сый-сияпат беріп, ізгі тілегін жаудыратын жақсы күндердің тезірек оралғанын қалаймыз», – деп сөзін аяқтады Қалдыгүл Арыстанбаева.

Жаннат Кемал

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: