Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
«ҚТЖ» ҰК» АҚ Тараз көлік оқу орталығы филиалында орталықтың тыңдаушылары мен оқытушылары арасында 4 бірдей спорт түрінен жарыс өткізілді.
Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен өткен додада командалар арқан тарту, армрестлинг, ерлер арасында кір тасын көтеруден, ерлер және әйелдер арасында дартс атудан сынға түсті.
Арқан тартудан 133-топ (ВПО) жеңіске жетсе, екінші орынды №155 команда (дрезина жүргізушілерінің көмекшілері) иеленді. Ал үшінші орынға жол шеберлерінен құрылған 143-топ жайғасты.
Армрестлинг олимпиадаға енбеген спорт түрі болғанымен, әлем чемпионаттары өтіп тұрады. Сондықтан қол күресімен айналысушылар жылдан-жылға көбейіп келеді. Аса тартысты өткен қол күрес бәсекесінде №154 топтың тыңдаушысы Әділет Совхозбеков жеңіс тұғырына көтерілді. Ал қабылдап-тапсырушылардың тобынан Ұлан Ермек пен 133-топтың спортшысы Қалданбек Әмірбеков екінші және үшінші орынды өзара бөлісті.
Кір тасын көтеруден ВПО тобының спортшысы Отарбай Төреханға төтеп берер қарсылас табылған жоқ. Дрезина жүргізушісінің көмекшілері Нұрым Шорақұл мен Бақберген Айнақұлов екінші және үшінші орындарды қанжығаларына байлады.
Тағы бір назар аудара кететін жайт – соңғы уақытта дартс спортының дамып келе жатқаны. Теміржолшылар арасында да дартс атудан бәсеке жиі ұйымдастырылады. Ерлер арасындағы жарыста №147 топтың тыңдаушысы Айбек Қызылов мергендігімен танылды. Әділет Совхозбеков пен Ілияс Нұрсұлтан үздік үштікті түйіндеді. Әйелдер арасындағы сында дартс атудан Тараз көлік оқу орталығының техникалық қызметкері Лариса Михалевадан ешкім асып түспеді. №147 топтың тыңдаушысы Әсемгүл Төркебаева 2-орынды еншілесе, орталықтың техникалық қызметкері Вера Тулупова 3-орынды місе тұтты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, грамота және медальдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ардақ Үсейінова
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"