Главная Новости Жамбылдық теміржолшының жүлдесі
28 қазан 2021, 09:49 687

Жамбылдық теміржолшының жүлдесі

Жамбылдық теміржолшының жүлдесі

Жамбылдық теміржолшы Дәурен Мәдижан Нұр-Сұлтан қаласында өткен парапауэрлифтингтен Қазақстан чемпионатында топ жарды. Жарыс қорытындысы бойынша Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі өндірістік-техникалық бөлімінің инженері Дәурен Мәдижан өз салмақ дәрежесінде екінші орынды еншілеген.

Бұл айтулы бәсекеге еліміздің 9 өңірінен 65 спортшы қатысқан екен. Енді чемпионаттың жеңімпаздары 2022 жылы ұйымдас- тырылатын халықаралық додада ел намысын қорғайтын ұлттық құрамаға іріктеледі.

Құрыш білекті теміржолшыны жеңісімен құттықтап, аз-кем тілдесудің сәті түскен. Ол 1990 жылы Жамбыл облысының Байзақ ауданына қарасты Буденовка ауылында дүниеге келген екен. Тараз қаласының олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебін бітірген. Яғни, 2005 жылдан бастап жеті жыл бойы дзюдо күресімен айналысқан. «Дзюдодан спорт шеберіне үміткер» деген дәрежесі бар.

Жастайынан спортқа жаны құмар. 2009 жылы жастар арасында Қазақстан чемпионатын, одан кейін жастар арасында Азия чемпионатында жеңіске жеткен. 2011 жылы Майамиде өткен Әлем кубогында бесінші тұғырды қанағат тұтқан екен. Өткен жылы пауэрлифтингтен дәл осындай Қазақстан чемпионатында үшінші орын алыпты.

«Негізі, алғашқы мамандығым – бухгалтерлік есеп және аудит. Кейін М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясын «Тасымалдауды ұйымдастыру» мамандығы бойынша бітірдім. Теміржолдағы еңбек жолым алты жыл бұрын ғана басталды. Астана станциясында пойыз құрастырушы болғанмын ол кезде. 2018 жылы өндірістік жарақат алып, біршама қиындықтарға тап болдым. Алайда, мен сынған жоқпын, өмірге құштар болдым. Алдыма мақсат қойдым, оған жетуді өзіме борыш санадым. Жаным спортқа жақын болған соң, мүмкіндігі шектеулі жандардың санатына қосылсам да, спортты тастай алмадым. Параспортқа бет бұрдым. Бірақ дзюдодан емес, пауэрлифтингтен. Яғни, ауыр зілтемірлерді жатып көтеру», – дейді Дәурен Мәдижан.

Оның парапауэрлифтингпен айналысып жүргеніне небары үш-ақ жыл болыпты. Үш жылда осынша нәтиже көрсетіп, жетістікке шыққан Дәуреннің ерік-жігері, расында, мықты.

Дәуреннің жоспары да жоқ емес. Келесі жылы Португалияда өтетін Әлем кубогында бағын сынағысы келеді. Тек қаржылай қолдау керек, жұмыс орнынан демеу қажет. «Рас, әріптестерім моральдық тұрғыдан қолдарынан келгенше көмектесіп жатады. Аптасына төрт мәрте жаттығу залынан табылуым керек. Маған әлі көп тер төгу керек. Былтырғы бәсекеде үшінші орын бұйырды дедім, биыл екінші тұғырдан көріндім. Келесі жылы бірінші орынды еншілеймін деп өзіме уәде беріп отырмын», – деген спортшы-теміржолшы бапкері туралы да мақтанышпен айтып берді.

Чемпион осы уақытқа дейін ешкімнен, ешқандай қаржылық қолдау көрмегенін де жасырмады. Тек Тараз қаласындағы дене мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт мектебінің демеушілігімен ғана додаларға қатысып, топ жарып жүр.

Дәуренді жарыстарға жаттықтырып жүрген Руслан Греев те осал емес, әлемнің үш дүркін чемпионы. Ол әрі Жамбыл облысының бас бапкері, Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері.
 

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: