Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Биыл желтоқсан айында «Қазкөліккәсіп» ҚБ мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған Ұжымдық шарттың мерзімі бітеді. Соған байланысты қазір жаңа ұжымдық шартты дайындау жұмыстары жүріп жатыр.
Осы орайда кәсіподақ өкілдері теміржолшыларды аралап, кездесу өткізуде. Онда жаңа ұжымдық шартта қарастырылатын өзекті мәселелер мен тақырыптар бойынша ұсыныстар жиналуда.
«Қазкөліккәсіп» ҚБ Астана торабы филиалының төрағасы Серік Сәрсекеевтің айтуынша, қазіргі таңда аталған мәселе бойынша ұсыныстар беру туралы хабарландыру барлық мекемелерге берілген. Арнайы кездесулер барысында да түсіндіріліп жатыр.
– Кездесуде теміржолшылардың алдағы үш жылға жасақталатын ұжымдық шартқа қандай өзгерістер мен әлеуметтік жеңілдіктер енгізілгенін қалайтынын сұрап, ұсыныстарды жинағаннан кейін талқылау жиындары өтеді. Мемлекет басшысы жақында Әлеуметтік кодекске қол қойғанын білесіздер. Ол 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Соған байланысты шартқа да өзгерістер енгізілуі мүмкін, – дейді С.Сәрсекеев.
Астана торабының кәсіподақ өкілдері жуырда Қырқыншы ПЧМ мекемесінде, «Вагонсервис» АҚ аймақтық вагон жөндеу кәсіпорнында, Астана электрмен жабдықтау дистанциясында кездесу өткізді. Мұндай жиындарға ҚР Кәсіподақ федерациясы өкілдері мен Астана қалалық мәслихатының депутаттары да қатысуда. Себебі көтерілетін мәселелер қала көлеміндегі проблемаларды қамтиды. Мысалы, теміржолдағы жастарды көбіне баспана және жалақыны көтеру мәселесі толғандырады. Қазір салаға жастар көптеп келуде, алайда олардың көбінің баспанасы жоқ, алған жалақыларының көп бөлігі үй жалдауға кетеді.
Мұндай жиындарда ұжымдық шартқа ұсыныс жинаудан бөлек, теміржолшылардың проблемасы да қозғалды. Мысалы, «Вагонсервис» АҚ жолаушылар вагондарын жөндеу жөніндегі Ақмола филиалының ұжымы вагон жөндеу депосынан екі жүз метр жерде орналасқан ешкімнің балансында жоқ иесіз учаскеде жыл сайын құбырдың жарылуынан қиындық көріп отырғандарын жеткізді. Себебі құбыр жарылған кезде вагон жөндеу депосы сусыз қалады. Тағы бір мәселе – жолаушылар вагонындағы биодәретханалар тазартылғаннан кейін қалдықтарды тасымалдауда мекеменің арнайы машиналарына құзырлы органдардан қандай да бір орынға рұқсат берілмейді, керісінше, айыппұл салу жиілеп кеткен. Сондай-ақ теміржолшыларды «Лесозавод» ауданын газдандыру және осы елді мекенде көпір салу мәселесі толғандырады.
– Тағы бір мәселе – оқу жылы аяқталып, жазғы балалар демалысы ұйымдастырыла бастады. Өкінішке қарай 14 аймақта өткізілген тендердің алтауы өтпей қалды. Себебі соған ұсыныс беретін балалар сауықтыру орталықтары дайын емес. 2008 жылға дейін 11 мың балаға орталықтарға жолдама беретін едік, қазіргі уақытта 5 мыңға да жетпейді. Яғни екі есе азайып кеткен. Былтыр олардың демалыс сапасына қатысты көп олқылықтар анықталды. Одан бөлек жалақы, әлеуметтік пакетке байланысты көпшіліктің талап-тілегін тыңдап, компания басшылығына жеткізуге мүдделіміз, – дейді Серік Сәрсекеев.
Райхан Рахметова,
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"