Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Дария Сүлейман — Жаңаөзен қаласында туып өскен. «Жарқын болашақ» бағдарламасының грант иегері — 17 жастағы талантты музыкант Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжінде скрипка мамандығы бойынша білім алуда.
Дарияның музыкалық жолы бала кезінен басталған, 11 жасында саз мектебіне жазылып, скрипка аспабын меңгерген. Қазір скрипкамен шектелмей, фортепиано, домбыра және альт аспаптарын да меңгеруде. Жаңаөзендік бойжеткенге «Жарқын болашақ» бағдарламасы армандаған оқу орнына түсуге зор мүмкіндік берді.
2023 жылы Дария «Шабыт» оқу орнының 25 жылдығына орай өткен концертте Айман Мұсаходжаева және Димаш Құдайбергенмен бір сахнада өнер көрсетті. Биыл Дубайда өткен «Middle East Classical Music Academy» фестивалінде Еуразиялық симфониялық оркестрдің құрамында скрипкада ойнады. Ол қазақ өнерін әлемге танытуды және ауыл-аймақтарда классикалық музыканы дамытуды армандайды.
«Жарқын болашақ» бағдарламасы арқылы көптеген қалаларда болып, кәсіби музыканттардан сабақ алып, алғаш рет шетелде өнер көрсеткеніме қуаныштымын», дейді ол.
Дария үшін Астанаға қоныс аудару оңай болмаған көрінеді.
«Үйде жалғыз қыз болғандықтан, ата-анам менің олардың қастарында болғанымды қалады. Бірақ сапалы білім алуға берілген мүмкіндікті жақсы түсініп, ақ жол тіледі», — деп еске алды ол.
«Жарқын болашақ» бағдарламасы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы және «Samruk Kazyna Trust» қорының қолдауымен іске асырылуда. Бағдарлама Жаңаөзен қаласы, Түпқараған, Маңғыстау, Қарақия, Бейнеу және Мұнайлы аудандарының жасөспірімдеріне арналған. Жобаның мақсаты — маңғыстаулық жасөспірімдердің сапалы білім алып, кәсіби ортаға бейімделуіне жан-жақты қолдау көрсету.