Главная Новости Жанкешті еңбектің қаһармандары
03 қыркүйек 2021, 09:04 2025

Жанкешті еңбектің қаһармандары

Жанкешті еңбектің қаһармандары

Биыл қазыналы Маңғыстау түбегіндегі Жетібай мұнай кен орнының ашылғанына 60 жыл, «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының құрылғанына 55 жыл толып отыр. Ел экономикасының күретамырына айналған сала өндірісінің өткені мен бүгінгі белесі жайында «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасын ұзақ жыл абыройлы басқарған, бүгінде құрметті еңбек демалысына шыққан ардагер мұнайшы Сағидолла Бижановпен сұхбат құрдық.

– Сағидолла Әлімұлы, сұхбатты мұнай өнеркәсібі көшбасшыларының қатарынан көрінген кен орнының қалыптасу, өсіп-өркендеу кезеңінен бастасақ.

– Биыл Жетібай мұнайының ашылғанына 60 жыл, «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының құрылғанына 55 жыл толады. Яғни, қазыналы түбек «қара алтынының» қайнар бұлағы болған қасиетті Жетібай жері бір емес, екі бірдей даңқты датаны атап өткелі отыр. Тарихи деректерге тоқталсақ, Маңғыстау мұнай эпопеясының бұлақ бастауы болған Жетібай мұнай-газ конденсат кені ашылған соң, 1965 жылдың 13 ақпанында КСРО Мемлекеттік қор комитеті Жетібай кенорнындағы мұнай қорын ресми түрде бекітті. Осының негізінде кенорнының геологиялық қоры 375 млн 653 мың тонна деп есептелді. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1966 жылғы 11 мамырдағы №750-Р қаулысына орай шығарылған «Қазақстанмұнай» бірлестігінің 1966 жылғы 27 мамыр күнгі №183/П бұйрығымен «Жетыбайнефть» мұнай кәсіпшілігі басқармасы құрылды. Сол кезде басқарма басшысы Сағидолла Нұржанов, бас инженері Сусын Қалжанов, бас геологы Бекен Әлиев болды. Сол жылы 30 желтоқсанда Жетібай кенорнындағы үш ұңғы мұнай өндіруді бастады да, кеніш өнеркәсіптік пайдалануға берілді. 1967 жылы 1 қаңтарда Жетібай кенорнында ең бірінші болып салынған 14 ұңғыдан тұратын №8 топтық қондырғы түгел пайдалануға берілді. Бұл – Қапыш Қалиев, Ұзақбай Ғабдолов, Қожағали Тәжіғұлов, Сарбас Таласбаев, Мария Тюрина, Владимир Пылан, Люся Пылан, механик Кәрім Өтебаев, электрлі газбен пісіруші Н. Батаев, темір пісіруші Валерий Горбатов, слесарь Б. Козлов, шебер Сәлім Меңдіғазиев сынды адамдардың еңбек даңқы.

Осы жылы кен алаңынан 139 мың тонна мұнай өндіріліп, тапсырылды. 1969 жылы Жетібай кенорнынан өндірілген мұнайдың көлемі 1 млн, ал 1970 жылы 1 млн 500 мың тоннаға жетті. Осы жылы «Жетыбайнефть» мұнай кәсіпшілігі басқармасының атауы Жетібай мұнай-газ өндіру басқармасы болып өзгертілді. Басқарма бастығы болып Кеңес Жоламанов тағайындалды. 1971 жылы Жетібай кенорнынан 5 млн тонна мұнай өндірілді. 1972 жылы Жетібай мұнай-газ өндіру басқармасында екпінді еңбек тынысын толастатпай, өндірістің қазанын бұрқ-сарқ қайнатып жүрген мұнайшылар тәулігіне 10 мың тонна «қара алтын» өндіріп, ел ырысын еселеді. 1982 жылы Жетібай кенорнынан кәсіпорын құрылғаннан бергі уақыт ішінде 40 миллионыншы тонна, ал 1988 жылы 50 миллионыншы тонна мұнай өндірілді. 1973-1977 жылдары «Маңғышлақмұнай» өндірістік бірлестігінде «Жетібаймұнай» мұнай-газ өндіру басқармасында оператор, шебер, ауысым бастығы, аға инженерліктен ҚР Мұнай және газ өнеркәсібі министрі, «Қазақойл» ұлттық мұнай-газ компаниясының президенті, Қазақстан Республикасы Премьер-министріне дейін көтерілген белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Нұрлан Балғынбаевтың өмір жолы бәрімізге үлгі.

Жетібай кенорны 55 жылда мықты кадрларды, өндіріс командирлерін баулитын үлкен мектепке айналды. Өзіңіз шыңдалған кәсіпорынның қазіргі жай-күйіне қандай баға бересіз?

– Кенорнының қарышты қадамынан бүгінде бүкіл ел хабардар. Бұрынғы жылдармен салыстыруға мүлдем келмейді. Жаңа технология, жаңа кадрлар өндіріске леп әкелді. Жетібайдың жаңа тынысы ашылды. Мұнайшылардың әлеуметтік жағдайы көз қуантады. «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының даңқты тарихына үлес қосқан мұнайшылардың өнегесі том-том кітапқа жүк болады, олардың әрқайсын ел жадында жаңғырту жолында жүйелі жұмыстар жасалып жатыр. Кемеңгер Әбіш аға Кекілбаевша айтқанда, ұйқысынан оянған арудай бой түзеген кәрі түбектің кәдімгі жас балаша қайтадан түлеген жұлдызды сәті тек жарты арал тарихындағы жасампаз жайт қана болып қалмай, Қазақ елі, қала берді, сол кездегі күллі Кеңестер Одағының, тіпті бүкіл дүние жүзін дүр сілкіндірген ең басты елеулі оқиға болғаны өткен ғасырдың орта шенінде осынау ұлы істің басы-қасында жүргендердің барлығының да жадында.

– Жаңа технологияны жатсынбай, өндіріске батыл енгізудің өрісті қадамдары қалай жүзеге асты?

– Майталман мұнайшылар қазына байлығын халық игілігіне жаратуда табанды, тынымсыз еңбек ету арқылы ауыртпашылық пен кедергілерді еңсеріп, өндірісте өзіндік із қалдырды. Солардың жолын жалғаған жетібайлық мұнайшылар ұжымның еңбек дәстүрін лайықты жалғастырып келеді. Кәсіпорын басшылығы ең озық заманауи технологияларды қолдана отырып, жер астынан мұнай өндірудің тиімділігін арттыру үшін жаңа технологиялар мен инновацияларды енгізу арқылы өндірістің өрісін кеңейтуге басымдық берді. Бұл – өндіріс барысында тұрақты түрде жалғасып отыратын үрдіс. Мысалы, даттану процесін тежейтін протекторлық-анодтық қорғау, көлбеу насостық кешен, көп сатылы газдық перфорация әдістері өндіріс тиімділігіне оңтайлы жоба екеніне көзіміз жетіп отыр.

– Аға, өндірістің тыныс-тіршілігін өз өміріңізбен теңдей көрген кәсіби маман ретінде сіздің балалық шағыңызға да тоқтала өтсек. Мұнайшы болу мақсат-мұратыңыз ба еді?

– Әлбетте, мұнайшы болуды бала кезден армандаған едім. 1967 жылы Жетібай орта мектебін бітіріп, Қазақ политехникалық институтының мұнай факультетіне оқуға түстім. Жоғары оқу орнын 1972 жылы тәмамдап, Жетібай мұнай және газ өндіру басқармасында оператор болып алғаш еңбек жолымды бастадым. Өз кәсібіме деген құштарлық пен жауапкершіліктен болар, азды-көпті жетістіктерге де жеттік. 1993-2000 жылдары Жетібай мұнай және газ өндіру басқармасын басқардым. 1990-2000 жылдары Қазақстан мұнай саласына шетелдік инвестицияларды жаппай тарта бастады. Сол кездегі Маңғыстау облысының әкімі Ләззат Қиынов мені шақырып алып: «Сіз білікті мамансыз. Мен сізге бір маңызды тапсырманы жүктегім келеді. Сізге «Тасболатойл» ЖШС бас инженері лауазымын ұсынамын. Сіздің негізгі міндетіңіз – жергілікті мамандарды шетелдік компанияларға тарту» деді. Мен келістім.

Екі жылдан кейін «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры Сағын Қырымқұлов компанияға техникалық директор лауазымына шақырды. Ал 2012 жылдың қараша айынан бастап «Жетібаймұнайгаз» өндіріс басқармасын басқардым. Мен басшылық еткен тұста 14 кенорны мен 7 өндірістік цех жұмыс істеп, 1 100-ге жуық адам еңбек етті.

Еңбегіміз еленбей қалған жоқ. 2010 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ грамоталарымен және медальдарымен, сондай-ақ қалалық және облыстық әкімшіліктің құрмет грамоталарымен марапаттап, мерейтойлық медальдар тағып, мерейімізді асырып жатыр.

Мұнайшылық кәсібі ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бастады десек те болады. Ұл-қыздарым мұнай-газ саласында қызмет істейді. Ел ішінде әулетімізді Мұнайшылар династиясы деп те атайды.

Жүзден астам кәсіпорынды біріктіретін «Самұрық-Қазына» қоры жыл сайын еңбек әулеттеріне құрмет көрсетеді. Бұл бүгінде дәстүрге айналды. Жыл сайын елордаға теміржолшылар мен мұнайшылардың, байланысшылар мен атом саласы мамандарының, энергетиктердің отбасыларын шақырып, құрмет көрсетіп жатады. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басшылығы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ атынан біздің Бижановтар әулетін де шақырып, арнайы медаль мен Құрмет грамотасын беріп, мерейімізді асырғаны да бар еді. Бір кәсіптің тізгінін ұстап, оны ұрпақтан ұрпаққа жалғастырудың сол әулетке ғана емес, бүтін елге де тигізер пайдасы мен шарапаты көп деп білемін.

Сұхбаттасқан Жаннат Кемал

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: