Главная Новости «Жас Самұрық»: Бір үйдің баласындай
02 декабря 2022, 13:21 1520 Нигматулин Рэмир

«Жас Самұрық»: Бір үйдің баласындай

«Жас Самұрық»: Бір үйдің баласындай

«Самұрық-Қазына» Қоры қоржындық компаниялардың 35 жасқа дейінгі қызметкерлері арасында «Жас Самұрық» челленджін ұйымдастырып, 10 күн ішінде жастар түрлі физикалық, эмоционалды және интеллектуалды бағыттарда сын-сынақтан өткен болатын. Челлендждің әр өңір, әр компаниядағы жеңімпаздары жастар форумына жолдама алып, киелі Түркістан қаласында бас қосты - SK NEWS.

«Жас Самұрық» форумының Түркістан қаласында өтуі бекер емес. Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы, туризм саласы дамып жатқан Қазақстанның көп ғасырлық тарихы бар ең ежелгі қалаларының бірі. Соған сай, форум мақсаттарының ең бастысы да – жастарды ел мен қала тарихымен таныстыру болды.   

Шараға Қордың еншілес 77 компаниясынан 200-ге жуық маман келді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған жастар үш күн бойы түрлі семинар-тренингтерге қатысып, бір үйдің баласындай бір-біріне бауыр басып қалды.

Бірінші күні «Самұрық-Қазына» Қорының Қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов форумның ашылуымен құттықтап, жастарға сәттілік тіледі.

Келесі күні жас мамандар топтарға бөлініп, Орталық Азиядағы ең ірі туристік кешен саналатын «Керуен сарайына» барды. Мұнда салт пен дәстүрді ұлықтауға бағытталған арнайы танымдық квест ойыны ұйымдастырылды. Айта кетейік, форумының негізгі идеясы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Сондықтан, жастар арнайы этноауылға барып, бірліктің нышаны ретінде киіз үй тігіп, ұлттық тағамдар дайындады. Тарихи-танымдық сұрақтарға жауап беріп, «Асық ату», «Теңге ілу», «Арқан тарту», «Садақ ату» сияқты ұлттық ойындар ойнап, сайысқа түсті.  Түрлі ойын барысында бір-бірімен жақынырақ танысты. Қордың басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов та жас мамандармен бірге квестке қатысып, өз тәжірибесімен бөлісті.

Осылайша, челлендж жеңімпаздары үш күн бойы түрлі топтық сайыстар мен тұлғалық даму бойынша шеберлік сабақтарына қатысты. Өзін-өзі дамыту бойынша тренерлерден мол мәлімет алды. «Самұрық-Қазына» Қоры жастарының логотипін, ұранын дайындап, жастар саясатын дамыту бойынша стратегияны бекітті. Түркі тілдес халықтардың қасиетті мекені туралы білімін толықтырып, жақсы көңіл-күйде, керемет әсермен үйіне қайтты.

Жалпы, бұл – жастарға арналған алғашқы форум. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта шара жалғасын табады. Ал біз форумға қатысқан жас мамандардан олардың алған әсері туралы сұрадық.  

Мадияр Күлкашев, «АЖК» АҚ қауіпсіздік техникасы және техникалық пайдалану жөніндегі инспекторы:

– Форумнан алған сезімді сөзбен жеткізу қиын. Мен көп нәрсе үйрендім, жаңа достар таптым. Форум бір деммен өтті, өзім үшін көптеген пайдалы тұжырымдар жасадым, командада жұмыс істеу дағдыларын дамыттым. Қазақстанның болашағы, ең алдымен, менен және командадағы үйлесімді жұмыстан басталатынын түсіндім. Алған білім мен дағдыларымды міндетті түрде күнделікті өмірде және қызметте қолданамын. Бұл форумды өзім үшін биылғы жылдың басты оқиғаларының біріне жатқызамын. Жаңа күшпен қажетті нәтижеге жету үшін барлық күш-жігерімді жұмсаймын. 

Алмас Жұмабеков, «Азиялық Газ Құбыры» ЖШС инженері:

– Форум арқасында жұмысқа деген көзқарасымды нығайтып, келешекте алға қарай ұмтылуға деген талпынысым оятқан мотивация алдым. Сондай-ақ, бізде, яғни белсенді жастарда үлкен жауапкерлішік бар екенін сезіндім. Компанияның беделі мен абыройын көтеру мақсатымен командамызбен жақсы нәтижелерге ие болдық. Алдағы уақытта басқа да форумдарда белсенділік таңытып, өзекті мәселелерді шешуге өз үлесімді қосуға сенімдімін және дайынмын! «Жастар форумының» өтуіне ұйытқы болған «Самұрық-Қазына» АҚ-ның басшыларына, ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіремін!

Қалдыбек Берік, «Волковгеология» АҚ «Оңтүстік ВГ» филиалы, зертхана басшысының міндетін атқарушы:

– Бұл форум менің есімде ерекше сақталып қалады. Шара барысында баға жетпес құндылықтарға ие болып қана қоймай, өмірлік тәжірибе де алдым. Көшбасшылық, жауапкершілік, жайлы ортадан шығу, бірлесіп ұжым болып шешім қабылдау және ең бастысы жаныңыздағы адамның жан дүниесін ұғыну қалай екенін көрдім және түсіндім. Форумды ұйымдастырған басшылыққа және қызметкерлерге үлкен алғыс білдіремін. Осы жоба одан әрі жалғасын тапсын деген тілегім бар. Жастарға шығармашылық табыс пен тың идеялар тілеймін.

Мұрат Бекжанов, «QazaqGas» ҰК АҚ-на қарасты «Бейнеу-Шымкент газ құбыры» ЖШС «Қызылорда» диспетчерлік орталығының жетекші инженері:

– Жастар форумына қатысып, керемет әсер алдым. Форумнан кейін жеке өзімнен біршама өзгерістерді байқадым, оған себеп болғандар – спикер, коуч Айдар Бусурманов және «Самұрық-Қазына» АҚ-ның ұйымдастарушы командасы. Форумнан кейін өмірге деген көзқарасым түбегейлі өзгерді, бұл форумда әр минут мағыналы және пайдалы ақпаратқа толы болды. Керемет спикерлер, тамаша ұйымдастыру, тамаша орын, тамаша аудитория! Мен көптеген жаңа достар таба алдым. Мұндай іс-шаралар әлі де көп болады деген үміттемін.

Камария Билялова, «Семізбай-U» ЖШС сатып алу бөлімінің маманы:

– Форум аясында әрбір қатысушының көшбасшылық қасиетін дамытуға, көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын арттыруға бағытталған, ойын түрінде өткізілген іс-шаралар, тренингтер көп болды. Атап айтқанда, күнделікті жұмыста, отбасымызда орын алатын жағдайлармен байланысты практикалық тапсырмаларды орындадық. Квест ойынына қатысып, ұжымдық жұмыстың, топ ішіндегі ауызбіршіліктің болу маңызын түсіндім. Өзімнің бойымдағы қорқыныштарға тура қарауды, оларды жеңе білуді үйрендім. Ең алғашқы күні ешкімді танымайтын 200-ге жуық адам форумның соңында бір-бірімізге бауыр басып, достасып, қимастық сезіммен қоштастық. Осындай жас мамандарды қолдайтын ауқымды іс-шаралар болашақта үнемі орын алады деп сенемін. Себебі, еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді жастардың қолында.

Динара Әбдіқалық, «QazaqGas» ҰҚ АҚ-ның еншілес және тәуелді ұйымы «ҚазТрансГаз Аймақ» ТӨФ маркетинг және талдау бөлімінің маманы:

– Жас мамандар форумына мекеме атынан қатысып, беделін қорғауға, көтеруге өз үлесімді қосқаныма өте қуаныштымын. Шараға қатысу барысында көптеген ұмытылмас сәттер, жаңа орта және де жаңа достармен танысуға мүмкіндік алдым. Жастар форумы жоғары дәрежеде ұйымдастырылған және коуч және спикерлер әрдайым белсенді болуға, өз ойыңды ашық айтып, үлес қосуға шақырды. Форум арқылы өз мүмкіндіктерімді айқын көре түскендеймін. «Өз өмірімнің авторы – өзім» деген сөзге тағы да көзім жеткендей. Алдағы уақытта форумдар, іс шаралар көбірек ұйымдастырылғанын қалар едім. Осы форум арқылы алған әсерлерім, мен үшін алдағы өмірде жаңа мүмкіндіктер тудырып, белсенді өмір қалпын ұстануға ой қалдырды. Форумға қатысушы жас мамандар үшін осы форум жақсы әсер қалдырды деген сенімдемін.

Гүлманат Жұман, «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС операторы:

– Форум барысында квесттен өту кезінде садақ, асық ату ойындарын ойнау, арқан тартысу, ата-бабаларымыздың өмір салтын сезінуге септігін тигізді. Командамен бірге қолдарымызды байлап, бауырсақ, тандыр нан пісіргеніміз, ортақ мақсатқа бірге ұмтылғанымыз, топтық рухты сезіндірді. Топтың жеңуіне менің де үлесім бар екені, өзімнің іс-әрекетіме жауапкершілік алып, алға ұмтылуға итермеледі. Сонымен қатар, әр кездесу сайын әр түрлі адамдармен бірге отыру, әр адамның сөйлеу мәнерін көру өзіме жайлы аймақтан шығуға, жеке тұлғалық қалыптасуымда қандай жақтарды дамытуым қажеттігін ұғындырды.

Жәнібек Әлмахан, «ОРТАЛЫҚ «ӨК» ЖШС ГТА бөлімінің инженер-геотехнологы:

– Форум мен үшін өте құнды болды. Көшбасшылық, жауапкершілік, ауызбіршілік секілді барлық адамға керекті құндылықтарды меңгердім. Форум барысында басқа да компания жастарымен танысып, пайдалы идеялармен бөлістік. Алдағы уақытта форумнан меңгергенімді әріптестеріммен бөлісіп, компаниямыздың дамуына аянбай еңбек етемін.

Сәуле Аманова, Үлбі металлургиялық зауытының баспасөз қызметінің ақпараттық жұмыс жөніндегі маманы:

– Форум туралы естіген кезде мен мұндай формат болады деп күткен жоқпын. Бұл мен үшін баға жетпес тәжірибе және өмір бойы есте қалатын жарқын естеліктер болды. Адамды «жылы жерден суырып алу», жайлылық аумақтан шығу, бірлік, команда және жауапкершілік деген не екенін түсіндім. Осындай ауқымды іс-шараны ұйымдастырған ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын. Енді менің 200 жаңа досым бар. Форум аяқталса да, біздің достығымыз жалғасып жатыр. Бәріміз бірігіп жаңа жылдық «құпия Аяз Ата» жобасын ойлап таптық, енді оны жүзеге асырудамыз. Менің жастарды дамыту үшін жаңа идеяларым пайда болды, оны өз жұмыс орнымда қолдануға бар күшімді саламын.

Нұржан Қалиев, «АлЭС» АҚ бюджет және экономикалық талдау бөлімінің жетекші экономисі:

– Мұндай шараға бірінші рет қатысып отырмын және көп әсер алдым. Әр күніміз мазмұнды, қызықты және танымдық болды. Таңертеңгілік жаттығудан басталып, кешкі іс-шараға дейін. Біріншіден, мен өзіңе адал болу керек екенін түсіндім. Мен бұл сөздерді кітаптардан, подкасттардан бірнеше рет көрдім. Бірақ, бұл сөздерді толық түсінбедім. Ал форумның, тәжірибелердің арқасында мен түсінікке ие болдым. Адам өзін-өзі алдамау, бойындағы артықшылықтарды ғана емес, кемшіліктерді де байқап отыру керектігін түсіндім. Бұл жағдайды бағалауға және күн сайын жақсаруға көмектеседі. Екіншіден, мен қиын және даулы өмірлік жағдайларда ымыраға келуге, консенсус табуға болатынын түсіндім. Үшіншіден, маған «көңіл-күйіңді өзің жаса» деген сөз ұнады. Менің көңіл-күйіме неге басқа адамдар, жағдайлар, тағы басқа әсер етеді деп ойладым. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының тамаша спикерлері мен жас қатысушыларының ортасында болудан үлкен қуаныш болды. Форумды сапалы ұйымдастырып, өткізгені үшін ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіремін. Форум қатысушыларының арқасында дос болып, бір-бірімізбен араласып, білім алмасып үлгердік.

Назерке Төлеуғалиева, «QazaqGas» ҰҚ АҚ-ның еншілес және тәуелді ұйымы «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Атырау» МГҚБ ӘЖ бөлімінің маманы:

– Бұл форумның ерекшелігін, басқа жиындардан өзгешелігін Түркістан қаласына барғанда сезіндім. Сол жерде болып, өз көзімен көріп, жан-тәнімен атмосфераны сезінбеген адам, бұл жиынның терең мәнін түсінуі екіталай.  Әлеуметтік желіден көріп, бізді 4 күн қыдырып, ойнап, демалып жүр деп ойласаңыз - қателескеніңіз. Басында «Біз басқа компаниядан озып шығамыз! Бәрін жеңеміз!» деген сеніммен бел буып келгенім рас. Алғашқы күндері  болған басқа компания қызметкерлерін қарсылас ретінде қабылдағаным да өтірік емес. Бірақ, Айдар Бусурманов мырзаның кәсіби шеберлігінің, тәжірибесінің арқасында, бізді қоғам не үшін жинағанын, мән-мақсатын түсіндім. 4 күн ішінде балалық шынайы қуанышты да, ұят сезімін де, өзім танымайтын адамдарға сенім артуды да, қорқыныш сезімін де, өзімнің күшіме деген сенімділік дәрежесінің арқилы өзгеруін де басымнан өткердім. Форум кезінде қаншама жаңа тың идеялар ортаға салынды, өмірге, қызметке, адамдарға деген жаңа көзқарастар қалыптасты, тұлғалық, қарым-қатынас туралы мен білмеген, білсем де терең қабылданбаған нәрселерді түсіндім.

Перизат Нәби, «АЖК» АҚ электр тұтынуды талдау және мониторинг бөлімінің бас маманы:

– Жастар форумы туралы өз ойыммен бөлісе кетсем, ең маңыздысы көптеген жаңа достар, жаңа мықты пікірлес орта таптым. Форум жоғары деңгейде өтті. Әр адам өз өмірінің авторы және барлығы өз қолыңда екенін тағы да еске түсіре кетті. Айналаңды өзгерткің келсе, өзіңнен бастау керектігін; армансыз адам қанатсыз құспен тең демекші, алдыңа қойған мақсатың жеті түнде адастырмас темірқазық іспетті екенін, тек өзіңнің қара басыңның жағдайын ойламай, қолыңнан келгенше басқада адамдарға көмек қолын созуды керектігін нақтылады. Форум өзінің мақсатын толығымен орындады деп есептеймін. Еліміздің жарқын болашағының негізін қалаушылар бүгінгі жастар екенін және біздің мойнымызда болашақ ұрпақ алдында үлкен міндет тұрғанын ұмытпағанымыз абзал.

P.s. Осылайша, еліміздегі ірі жұмыс беруші саналатын «Самұрық-Қазына» Қоры жас мамандардың басын қосып, өзін-өзі дамытуға, жаңа достар табуға, киелі жерлерді көруге, қазақ халқының мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік берді.

Әсем САРТБАЕВА

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: