Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Биыл – Маңғыстау мұнайының 60 жылдық мерейтойы. Атаулы күнге орай «Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» кубогы үшін ардагерлер арасында шағын футболдан турнир өтті. Спорт жарысына өңірлерден арнайы ардагерлер командалары қатысты.
Маңғыстау мұнайының 60 жылдығы мерейтойына арналған турнирге Маңғыстау облысынан «Қаражанбасмұнай», «Маңғыстаумұнайгаз», «Ойл Транспорт Корпорейшэн», Атыраудан «Теңізшевройл», астаналық «Қазмұнайгазпроф» салалық кәсіподақ командалары келді.
«Футбол ең алдымен ынтымақ пен бірліктің бір белгісіне айналған. Бұл турнир – төл мерекеміздің ізгі бастауы. Маңғыстау мұнайының 60 жылдығы – баршаға ортақ мереке. Тек Маңғыстау жұртшылығының ғана емес, бүкіл елдің қуанышы. Мереке құтты, турнир сәтті болғай, – деді «Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сұлтан Қалиев.
Мұнайшы ардагерлердің дәстүрлі турнирі биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейінгі екі турнир Нұр-Сұлтан қаласында өткен болатын. Мерейлі мерекеге орайластырылған спорт сайысына өңірлерден бес команда қатысты. Атап өтер болсақ, Атыраудан «Теңізшевройл» кәсіподақ ұйымының «Жайық» командасы, Нұр-Сұлтан қаласынан Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағының «Қазмұнайгазпроф» ардагерлері командасы, Маңғыстаудан үш команда – «Маңғыстаумұнайгаз», «Қаражанбасмұнай», «Ойл Транспорт Корпорейшэн». Қатысушы ардагерлердің жас ерекшелігі – 50 жастан жоғары.
Футбол турнирінің ашылу салтанатында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Қалбай Ізмұханов мерейлі мерекемен құттықтап, қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
«Мұнай-газ саласы ел экономикасында локомотив болып келе жатқаны бәріңізге белгілі. Қомақты үлес қосып келе жатқан сала. Мұнайшыларымыз өндірісте еңбек етіп қана қоймай, салауатты өмір салтын насихаттауға белсене қатысып келеді. Соның бір айғағы ретінде еліміздің белді мұнай компаниялары ардагерлерінің футбол турнирін атай кетсек болады», – деді Қалбай Әжімбайұлы.
Мерекелік шараға тұңғыш рет Қазақстан футболының әйгілі жұлдызы, «Қайрат» футбол командасының ардагері, Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі, КСРО спорт шебері Сейілда Байшақов қатысып, мұнайшылардың мәртебесін көтеріп, мерейін асыра түсті.
Өндірісте аянбай еңбек еткен мұнайшы ардагерлер жасыл алаңда да белсенді ойын көрсетті. Командалардың турнирге тыңғылықты дайындықпен келгені алаңдағы аяқ алыстарынан-ақ аңғарылып жатты. Екі күнге жалғасқан жарыстан соң жеңімпаз командалар анықталды. Ала доп аламанында топ жарған «Маңғыстаумұнайгаз» командасы бірінші орын алып, «Қазмұнайгазпроф» турнир кубогына ие болды.
Ал «Қаражанбасмұнай» командасы екінші орынға шықса, атыраулық «Жайық» үшінші орынды қанжығаға байлады. Сондай-ақ бірқатар ойыншыларға «Үздік ойыншы», «Үздік қорғаушы», «Үздік қақпашы», «Үздік шабуылшы», «Ең ересек ойыншы», «Жеңіске деген жігері үшін» және басқа да номинациялары берілді. Қатысушы командалардың барлығына арнайы сый-сияпаттар мен грамоталар табысталды.
Жайық Нағымаш