Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Бұл – жайықмұнайгаздық мұнайшылар үшін маңызды оқиға, олардың жүріп өткен өмір соқпақтарының үлкен бір парағы. Аға буынға Мартыши атауымен танылған, бүгінде С.Балғымбаев атындағы кеніште қаншама жұмысшылардың ұрпақтары алмасты. Сол кезеңдердің куәсі ардагер-мұнайшының естелігін тыңдай отырып, олардың жүріп өткен сан соқпақ жолдарын еске алғанды жөн санадық.
Мадхат Нұрмұханов 1969 жылы Қазақ политехникалық институтын бітіре сала, жолдамамен Байшонас мұнай кәсіпшілігіне жұмысқа келеді. Кәсіпшіліктің сол кездегі басшысы Қуаныш Құдабаев пен бас инженер Виктор Балдуев жас жігітті жылы қабылдады. «Сәлем – сөздің атасы» дегендей, алдарында отырған қараторы жас жігіттің жылы ұшырай амандасқанынан, ешкімді жатырқамайтын көпшіл, ақкөңіл мінезінен көп нәрсені ұқты ма, әлде жанарындағы «көрсем, білсем» деген отты байқады ма, әйтеуір екі басшы ақылдаса келе, жас жігітті қос өзен аралығындағы жаңадан ашылып жатқан жаңа кәсіпшілікке жұмысқа жіберуді ұйғарысады. Ал, жас жігіт болса, алғашқы еңбек жолын жаңа кәсіпшілікте бастаудың қаншалықты үлкен жауапкершілік екенін дұрыс түсіне білді. Бірден қабылдады.
Бөтен орта, жаңа кәсіп. Алайда, ешкім мұны жатсынбады. Мартыши кен алаңының участок бастығы Зиядин Айдыналиев, оның көмекшісі Рысқали Қалмұханов, шебер Сайын Сатпаев, оператор Мәлік Сағытжанов – өндіріске жұмысқа келген Мадхатты мұнайшылық кәсіптің қыр-сырына баулыған алғашқы ұстаздары.
Сол кездегі өндірістің қиындықтарын ардагер-мұнайшы әлі күнге дейін еске алып отырады.
«Әрине, ең алдымен өндірісшілік жолдың мүлдем жоқтығы. Соның ішінде Мартыши жерінің топырағы өзге кеніштерге қарағандай ерекше-тін. Жергілікті халықтың тілімен айтсақ, «тамшы тамса, 12 ай батпақ жататын «бауырмал жер». Қара батпаққа жолдың жоқтығын қосыңыз, қысқасы, сол кездегі мұнайшылар жыл он екі ай бойы аяқтарынан керзі етік тастамаушы еді. Техниканың тапшылығы да қол байлау болды. Мұнайшыларды өндіріс басына таситын көліктің өзі қазіргі тілмен айтсақ, «қауіпсіздік ережесіне мүлдем сай келмейтін». Үсті ашық жүк машинасымен қатынайтынбыз. Оның өзі де жүргенінен тұрғаны көп, ескі көлік. Сол ескі көлікпен мұнайшыларды Мартышидан Доссор, одан әрі Байшонасқа тасушы еді. Өндірістегі ұңғымалар дизель моторымен жұмыс істейді. Тоқ көзі бірде болса, бірде жоқ. Электр энергиясы жоқ дегеніміз – өнім өндіру барысы толығымен тоқтады деген сөз. Сондай уақыттарда бүкіл мұнайшы бірлесіп, уақытпен санаспай, күнімен-түнімен жүріп, моторды іске қосатынбыз. Ұңғыма іске қосылғанда, таң жаңа ғана атып келе жататын. 1-2 сағат көз шырымын аламыз да, қайта жұмысқа шығатынбыз. Сол кездерде «мен артық сағат жұмыс істедім, демалыс керек, не болмаса маған жүрген уақытыма ақшам жүрсін» дейтін бір де бір жан жоқ. Өндіріс жұмысы тоқтамау керек, бұл – айқын мақсат. Сол мақсат жолында жұмыла еңбек еттік», – дейді ардагер-мұнайшы Мадхат аға.
Ол кездегі өндірістегі ауыр жағдай белгілі. Ең бастысы, өндіріске қажетті қарапайым құралдардың өзі жетпей жататын. Тек еліміз егемендігін алғаннан кейін ғана проблемалар тетігі шешіле бастады. Бұрын қол жеткізе алмай жүрген өндірістік құрал-саймандар келе бастады. Мұнымен өндірістегі қиындық атаулы толықтай түгесілді деген ой тумасын. Басты қиындық жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы болды. Мұнайшылар ай далада қауқиып тұрған вагондарда орналасты. Вагон ортасында темір пеш орнатылып, сол жерде тамақ та пісіріледі, жұмыстан соң мұнайшылар пешті айнала отырып жылынатын да. Кейін мұнайшылардың арасынан алғашқы болып Ғинаят Хайруллинге мұнайшылар жиналып, баспана тұрғызды. Баспана деген аты болмаса, бульдозермен топырақты үйіп, үйдің биіктігіне келтіріп, биіктетті. Астын қазып, тереңдетіп, жер үй салды. Қыста кәдімгідей жылы, жазда ыстықтан пана. Мұнайшыларға бұл баспана жұмақтай көрінгені де рас. Келесі жылы Жұмаш Тоғайбаевқа да бәрі жұмыла тағы бір баспана салып берді. Екі бөлмелі баспананың бір бөлмесі сырттан келген мамандарға жатақхана есебінде болды. Жанынан жиылып асхана салды. Сөйтіп, өндіріс алаңында алғашқы әлеуметтік нысандар бой көтере бастады. Басты қиындықтың тағы бірі, орталықпен байланыс деген мүлдем болмады. Ауа райының қолайсыз күндерінде, жауын-шашынды мезгілдерде орталықтағы елді мекендерге жету мұң болатын. Телефон деген атымен жоқ, мұнайшылар бірнеше күн қатарынан орталықпен байланыссыз қалатын.
20 жылдан астам өндірісті басқарып, басқарманың бас инженері болған Мадхат Нұрмұханов осы қиындықтардың басы-қасында жүрді. Қиындықтарды жеңуде ұжымды бірлестіре білген білікті басшы атанды.
Мұнайшы ретінде оның еңбек еткен жылдарының ең жарқын беттері «Жайықмұнайгаз» басқармасында өтті. Өзіне ыстық басқарманың бүгінгі тынысы да ардагер мұнайшының үнемі назарында. Өндіріске еніп жатқан жаңалықтарға мұнайшылармен бірлесе қуанып та отырады.
«Барша әріптестерімді, жайықмұнайгаздық мұнайшыларды, шәкірттерімді осынау тамаша тоймен құттықтаймын. Бұл – біз ұмытпайтын, біздің санамыздан ешқашан өшпейтін тарих. Мен өмірімнің осынау тамаша кезеңдерін дәл осы басқармада, осы ұжыммен өткізгенім үшін өзімді бақытты санаймын», – дейді еңбек ардагері, майталман мұнайшы Мадхат Нұрмұханов.