Главная Новости Жазмыш табысқа жеткізді
Біздің адамдар11 қаңтар 15:43 1036

Жазмыш табысқа жеткізді

Жазмыш табысқа жеткізді

Жетпісінші жылдары Шетпе жұртшылығына Шамиль Наушабаевтың аты жақсы танылып, өз тұрғыластарының қатарында жер жарып тұрды десе де болады.

Форт-Шевченко қаласында дүниеге келген Шамиль Олжабайұлы отбасының Шетпе кентіне қоныс аударуына байланысты орта мектепті 1975 жылы Маңғыстау ауданынан бітіріп шығады. Бозбала күнінен спорттың жеңіл атлетика, волейбол түрлерінен облыстық, республикалық жарыстардың алдын бермейтін спортшының болашағынан жаттықтырушылары да үлкен үміт күтетін. Талай марапатты қанжығасына байлаған спортшы 100 шақырымға жүгіруден өңірдегі бірден-бір үздік жеңіл атлет еді.

Арманның жетегінде Қарағанды қаласындағы педагогикалық институттың дене тәрбиесі факультетіне түскен Шамиль өзі үшін болашағын да айқындап қойған болатын. Оқуын бітіріп, елге барып балдырғандарды спортқа баулу, жеңімпаздар тәрбиелеп, Шетпенің атын шығару – бозбаланың көңіл түкпіріндегі көп мұраттың бастысы еді. Екінші курста жүргенде осы оқу орнынан әсем жанға көзі түсіп, көңілі құлап, ақыры үшінші курста оны жар етіп, желегін желкілдетіп ата шаңыраққа келін қылып түсірді.

Бүгін ойласа, қос жас тағдырдың тауқыметін аз шекпепті. Көлік апаты салдарынан шаранадағы сәбиден айырылу, енді ес жия бергенде әскери борышты өтеу, жеңгеміздің ауыр науқасқа шалдығуы... Амал нешік оқуды жалғастыруға мұрша болмай, спорттық арманнан қол үзуге тура келеді.

«Орнында бар оңалар» демекші, бүгінде «Қаламқас-мұнайгаз» өндірістік басқармасының жөндеуші-слесары Шамиль ағаның игілікті істің қазанын қайнатып жүргеніне де жылдардың жүзі ауыпты.

«Сол кезде бала-шағамның несібесі жібермей тұр екен ғой, - деп жымияды Шамиль аға. – Бір кездегі қиындықтар артта қалды, қазір аяқтанған ұл-қыздарымнан 11 немере, 4 жиен сүйіп отырған жайым бар. Кезінде «Ұлу тас», «Қызыл тұран» карьерлерінде машинист болып еңбек еттім. Кейін, 1995 жылдан бастап «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамына газшы болып орналастым. Шүкір, қазір 5-дәрежелі жөндеуші-слесарь қызметін абыроймен атқарып жатырмын. Үлкен ұлым әке жолын таңдап, «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ-на мұнайшы болып еңбек етеді».

Асып-тасу болмысына жат, кісілігі мол асыл азамат өткен жылы көктемде 60 жасқа толды.

«Қай саланың болмасын өзіндік қиындықтарымен қатар артықшылықтары болады. Жер астындағы байлықты ел игілігіне жарату жолында үлес қосып жүргенімізге іштей қуанамыз. Еңбегімді елеп, іскерлікті бағалап жүрген кәсіпорын басшыларына мың алғысымды айтамын. Ел тыныш, халық татулық-бірлікте тірлік жасап, келер ұрпаққа үлгі-өнеге қалатын адал еңбек етсек деймін!» – деп аяқтады сөзін Шамиль Олжабайұлы.

 Жаннат КЕМАЛ

Выпуски SK NEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Нур-Султан, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: