Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Жетісу облысындағы Көксу ауданының мыңға жуық халқы бар екі ауылы газға қол жеткізді. Көптен күткен көгілдір отын Кеңарал және Қазақстанның 10 жылдығы ауылдарына берілді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
"Бүгінгі таңда Жетісу облысында газдандыру деңгейі - 51,6%. 52 елді мекен газдандырылып, 349,7 мың адам газға қол жеткізді. Жыл соңына дейін тағы 11 елді мекен газға қосылады. Соның нәтижесінде 2024 жылдың қорытындысы бойынша газдандырылған елді мекендер саны 63-ке жетіп, облыс халқының 56,5% құрайды", - деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Азамат Бейісбаев.
Көксу ауданы туралы айтсақ, бүгінде ауданда газдандыруға жататын 26 елді мекеннің 18-і газға қосылды. Сондай-ақ 7 елді мекенде – Талапты, Қаратал, Ақтекше, Айнабұлақ, Ақшатоған ауылдарында, П 4-45 подхозында, Көксу станциясында газ тарату желілерінің құрылысы жүргізілуде. Нәдірізбек ауылында құрылыс-монтаждау жұмыстарына келісімшарт жасалды. Осылайша 2025 жылдың соңына дейін Көксу ауданы 100% газдандырылады.
"Бұл – біз көптен күткен сәт, бүгін ауылымызға газ келді. Көгілдір отынның болғаны әсіресе қыста өте қолайлы. Көмір, отын тасып, от жағудың азабынан құтыламыз", - деді Кеңарал ауылының ақсақалы Орынбасар Жылқыбаев.
Бес жүзден астам халқы бар Қазақстанның 10 жылдығы ауылының тұрғындары да бұл игі жаңалыққа қуануда. Ауыл тұрғындарының айтуынша, табиғи газға қол жеткізу ауыл өміріне жайлылық әкеліп, туған өлкенің дамуына елеулі ықпал етеді.
Атап өтсек, Кеңарал және Қазақстанның 10 жылдығы ауылдарында газ құбырларын салу жұмыстары өткен жылдың қараша айында басталған. Газ құбырларының жалпы ұзындығы-17,8 км.