Главная Новости Жібек жолын жаңғырту Орталық Азияның дамуына септігін тигізеді – шетелдік сарапшы
10 қыркүйек 2024, 17:41 365

Жібек жолын жаңғырту Орталық Азияның дамуына септігін тигізеді – шетелдік сарапшы

Жібек жолын жаңғырту Орталық Азияның дамуына септігін тигізеді – шетелдік сарапшы

Елордадағы «Астана» халықаралық қаржы орталығында жыл сайынғы «Astana Finance Days-2024» конференциясы өтіп, шара аясында «Белдеу және жол» бастамасы бойынша сессия ұйымдастырылды. Онда осы жоба аясында Қазақстанның дамуы, сынтегеурінге төтеп беруі мен келешегіне салынған инвестициялар жайы талқыланды.

Іс-шараға Қазақстан тарапынан «KTZ Express» АҚ бас директоры Дамир Қожахметов қатысты. Шетелдік қонақтар қатарында Шанхай қор биржасының атқарушы вице-президенті Лю Хао, TF International Securities «Белдеу және жол» бастамасын дамыту департаментінің тең басшысы Лоуренс Цанг, Азия-Австралия аймағының басқарушы директоры, China International Capital Corporation Limited инвестициялық банкингтің басшысы Барри Чан болды.  

– «Астана» халықаралық қаржы орталығы – «Белдеу және жол» бастамасының қаржылық инфрақұрылымының маңызды бөлігі. Ежелгі Жібек жолын жаңғыртуға бағытталған бастама Орталық Азияның дамуында үлкен рөл атқарады. Бүгін біз осы конференция аясындағы «Белдеу және жол» бастамасы: Эволюция және одан арғы жол» атты сессияда осы бастама аясында Қытай мен Қазақстанда, жалпы Орталық Азия елдерінде көптеген бірлескен жұмыстар жүргізілгеніне көз жеткізіп отырмыз, – деді Барри Чан.  

Қытай он жыл бұрын батысқа жол салуды көздеп, іске қосқан аталған бастама бойынша Қазақстан тек қатысушы болып қана қоймай, Қытай мен Еуропа арасындағы заманауи көлік дәлізін жаңғырту ісінде басты ойыншыға айналды. Қытай тарапы инфрақұрылымдық бастаманы жүзеге асыру ісінде Қазақстанға иек артуға мүдделі болды. Себебі Қазақстан – Батыс пен Шығыс арасындағы өзара ықпалдастық байланыстарды біріктіретін маңызды көпір.  

Осы арқылы біздің еліміз де өз мүддесін көздейді. «KTZ Express» АҚ бас директоры Дамир Қожахметов бастаманы іске асыруда ҚТЖ қандай рөл атқаратынына тоқталды.  

– Теміржолмен жүк тасымалын ұйымдастыратын біздің акционерлік қоғам – ҚТЖ компаниясының еншілес ұйымы болып саналады. Қазақстан қазіргі таңда ірі транзиттік хабке айналуда, осы мақсатқа жету жолында да Еуропа мен Қытайды Қазақстан арқылы байланыстыратын аталған бастаманың тигізер әсері көп болды. Клиенттеріміздің жүктерін қысқа мерзімде тасымалдауды жүзеге асыруға бар күшімізді саламыз. Тауар ағыны Қорғас арқылы жүргізіліп жатыр. Биыл қытайлық әріптестерімізбен бірге үшінші жобамызды жүзеге асыруды бастадық. Сонымен қатар Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту бойынша да жұмыстарға қатысамыз. Биыл ақпан айында Мемлекет басшысының қатысуымен Қытайдың Сиянь қаласында жаңа терминалымызды іске қостық, – деп ақпар берген ол модератордың сұрағына орай Орта дәліз жұмыстары туралы да баяндады. Бұл бағыт 5 елді басып өтіп, Қара теңізге бағыт алады. Сонымен қатар ол қаржыландыру тақырыбына да тоқталды. Компанияның аталған бағыттағы кеңейтілген жоспарын негізге ала отырып, болашақта жасыл облигацияларды пайдалануды көздейтінін жеткізді. Себебі теміржол арқылы қоршаған ортаға зиян аз келеді Дамир Қожахметов бүгінде ҚТЖ-да жүзеге асырылып жатқан 4 инфрақұрылымдық жоба жөнінде де мәліметтер берді.  

2018 жылдан бері өткізіліп келе жатқан AFD конференциясы қаржы саласының жетекші сарапшыларын, Еуразия өңірінің инвесторлары мен бизнес-көшбасшыларын біріктіретін басты платформа. Жыл сайын оған 70-тен астам елден 3000-нан астам адам қатысады, бұл оның Орталық Азияның қаржылық өміріндегі мән-маңызын айшықтайды. Биыл конференция қаржы секторындағы озық технологияларды, Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін және қаржының орнықты дамуға және қоғамдағы оң өзгерістерге әсерін талқылау мақсатында «Инновация. Инвестиция. Серпін» тақырыбында өтті.  

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: