Главная Новости Жігітке керегі – иман мен намыс
27 мамыр 2019, 11:04 10173

Жігітке керегі – иман мен намыс

Жігітке керегі – иман мен намыс

Ережесіз жекпе-жектен әлемнің екі дүркін чемпионы және әлем кубогының иегері, жастарға жанашыр ойларымен танылып жүрген Ардақ Назаровтың ер азаматтарға арналған кеңестерінің ең елеулі деген бестігін назарларыңызға ұсынғымыз келеді.

Алдымен, ол жігіттерге ата-ананы қатты құрметтеу керектігін айтады. «Жігіттерге айтарым, ата-ананы сыйлаңдар» дейді Ардақ Назаров.

Екіншіден, қазақ жігіттерінің тентек судан аулақ жүргенін, шылым шекпеуін қалайды. Сонымен бірге, қазіргі таңда сәнге айналған қорқор атаулыға да жоламау тиістігін еске салады.

Танымал спортшы үшіншіден салауатты өмір салтын ұстануды ұсынады. Жігіттер міндетті түрде спортты серік етулері керек екен.

«Спортпен айналысқаныңыз - ол өзіңізге, денсаулығыңызға салып жатқан инвестицияңыз. Жаттығуға 10 мың теңге қимасаңыз, кейін 40 жастан асқанда денсаулығыңыз сыр беріп, 100 мың, 200 мың, миллион беріп, қайтара алмаймыз. Денсаулық - Аллаһтың берген аманаты», - дейді ол.

Ардақ Назардың пайымынша, қазақ қоғамына мықты, дені сау қазақ жігіттері, әкелер керек.

Жігіттерге тағы бір кеңес - бала-шағаға үлгі болу.

«Адам баласы ол үшін алдымен өзін тәрбиелеу керек. Кітап оқысын, иманын арттырсын. Иманы аузында болсын. Әрдайым Құдайды аузынан тастамасын. Өтірік айтпаған жөн. Әсіресе, балалардың көзінше. Әке-шеше тәрбиесін көрген бала өскенде соны қайталауы мүмкін. Балаларды отбасы қалыптастырады», - дейді Ардақ.

Спортшы ұсынатын келесі келелі кеңес - жамандық жасамау. Адамдардың ең абзалы - жақсылық жасағандары.

«Сіз тіліңізбен де, көзіңізбен де жамандық жасамау керексіз. Өсек, өтірік, ғайбат айтпаңыз. Көзіңіз тек жақсы дүниені көрсін. Қолыңызбен тек жақсы нәрсені ұстаңыз», - деген Ардақ Назаров келесі мысалды келтіреді.

«Көлікте келе жатқан қазақ жігіттері бір-біріне жол бермейді. Машинасын сырып кетеді. Содан шығып алады да, ауыр сөздер айтады, төбелеседі, қол жұмсайды. Тіпті, өлтіріп алуы мүмкін.

Өлген жігіттің әке-шешесі жылап қалады. Сотталған жігіттің балалары тірі жетім, әйелі жесір қалады. Екі жақтың да ата-аналары жылап-сықтап қалады».

Осындай жағдайда Ардақтың пайымынша, бір жүргізуші екінші жүргізушінің шын жағдайын ойласа, жақсы болар еді.

«Еш жерің ауырып қалмады ма, жолаушыларың аман ба?» деп көңілін сұраса, нұр үстіне нұр болар еді.

«Көлік - темір ғой, адамдарың аман ба?» десе жарасады. Біздің жігіттерді сабырлы болғаны көркем етеді.

Ал іс жүзінде керісінше, екі жақ таныстарына қоңырау шалып, ахуалды ушықтыра түседі.

«Алақандай ғана қазақпыз. Бір-бірімізге туыс-бауырмыз. Қазақты қазақ құрметтемесе, бір-бірімізге жанымыз ашымаса, өзге кімнің жаны ашиды?! Онсыз да қалмақтар езді, кешегі жетпіс жылда қандай болдық? Енді тәуелсіз ел болдық деп жатқанымызда, ру-руға, жүзге, жерге, көшеге бөлінгеніміз елдігімізге сын! Керісінше, батырдың ұрпағымыз, тектіміз деп айтып жүрейік. Алладан қорқайық, ұрпағымызды ойлайық», - дейді Ардақ.

Қазақ жігіттерінің қыздарға қарым-қатынасы туралы

Айтпақшы Ардақ Назаров сұхбаттарында қазақ жігіттеріне қазақ қыздарына ағалық ниетпен қарауды өтінеді.

«Қазақ жігіттері батыр болса, әлемдегі ең мықты ел болар еді. Қазақтың қызы, ол – сенің қарындасың. Олар болашақ ана, ұрпақты жалғастырады. Оларға ағалық ниетпен қараңдар. Қазақ қызының басынан бір тал шаш түспесін. Әпкелеріңе, қарындастарыңа өзгелердің жаман пиғылмен тиіскенін қаламайсыңдар ғой, сол секілді қазақ қыздарына ағалық ниетпен қараңдар. Біреу тиіссе қорғаңдар. Құрметтеңдер, құрметін жоғарылатыңдар. Қыздар да соған лайық болсын. Күлген адамның ізінен еріп кетпеу керек», - дейді Ардақ.

Бауыржан Момышұлы бабамыздың өнегесі

Жігіттерге арнаған сұхбатында Ардақ Назаров соғыс жылдарындағы Бауыржан Момышұлының сөздерін де үлгі етеді. Онда Бауыржан атамыз ер азаматтарда Отан алдындағы борышы, ел алдындағы намысы міндетті түрде алғашқы орында болу қажеттігін нығарлайды.

Ардақ 1980 жылы 14 қазанда Алматы облысының Райымбек ауданында дүниеге келген. Әкесі мұғалім, анасы бухгалтер. Отбасында бес ұл, бір қыз.

2011 жылы тележүргізуші Маржан Болатханқызымен шаңырақ көтерген. 

Бауыры Бейбіт Назаров та джиу-джитсудан Қазақстанның екі мәрте чемпионы, панкратионнан әлем чемпионы. 

Әзірлеген Асқар АҚТІЛЕУ

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: