Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Елордада отандық БАҚ өкілдерінің көзіне жас алдырған шара өтті. Олармен бірге спорттық көңілді эстафетаға қатысқан ерекше балалардың көзіндегі ұшқын, бойындағы кіршіксіз тазалықпен қатар айрықша қайрат баршаны тәнті етті. Ата-аналар болса, қайсар балаларының әр қимылына мәз.
!!! Материалдың SKnews журналында шыққан нұсқасын осы жерден оқуға болады.
Астанадағы Паралимпиада жаттығу орталығына жиналған журналистер мен блогерлер қауымы бірқатары қоларбаға таңылса да, ерік-жігері мойымаған ерекше бүлдіршіндермен жақынырақ сөйлескен сайын, қолынан ұстап, арқасынан қаққанда ашыла, күлімдей түсетіндерін, сәйкесінше олардан мейірім шуағын аямау керектігін байыптап жатты. Негізгі ем осы шынайы адами қарым-қатынас екені аңғарылды.
Шара «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қолдаған «Саламатты болашақ» жобасы аясында өткізілді.
«Бәріміз бала болдық, балдәурен балалық шақтың дәмін таттық. Биыл Қазақстанда «Балалар жылы» деп жарияланғанын ескерсек, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры балалардың сенімді серігіне айналғанын айтқым келеді. Мысалы, қазіргі уақытта жалпы сомасы 5,9 млрд теңгеге 14 әлеуметтік жоба жүзеге асып жатыр. «Samruk-Kazyna Trust» қоры әрі қарай да балаларды қолдау мәселесіне айрықша көңіл бөледі», – деді «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.
Төрт қабырғаға қамалмай, спортпен айналысады
«Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының директоры, Қазақстан бочча федерациясының бас хатшысы Нұргүл Ұлжекованың сөзінше, 2017 жылы жүзеге асырыла бастаған «Саламатты болашақ» жобасында ерекше балалардың ата-аналарының арманын орындау көзделген. Жоба мүгедектігі бар балалар арасында бұқаралық спортты дамыту бойынша кешенді мәселелерді шешуге бағытталған және де оқу-әдістемелік әзірлеме, мүгедек балалардың психофизикалық жағдайына жаттығу сабақтарының тиімділігі бойынша ғылыми-зерттеу қызметі, бейімделген спорт секцияларын құру кіреді.
Жоба аясында отандық жоғары оқу орындарында «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорымен ынтымақтастықта алғаш рет бейімделген дене шынықтыру бойынша мұғалімдер дайындау қолға алынып, білім беру бағдарламаларына «Бейімделген дене шынықтыру» пәні енгізілген.
«Мұндай бейімделген спорт секцияларының бірегейлігі – түрлі диагнозы бар ерекше балалармен қатар, секцияларда мүгедектігі жоқ – «ерекше» балалардың дені сау аға-інілері мен апа-сіңлілері спортпен айналысады. Ал жыл бойы спортпен шұғылдану балаларға қымбат тұратын оңалту шараларының орнына нағыз достар табуға, өзіне деген сенімділікті нығайтуға, ынта-жігерді оятуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тұрақты түрде жарыстар ұйымдастырылып, балаларымыз халықаралық дәрежеде жүлделі болуда», – деп әңгімеледі «Samruk-Kazyna Trust» қоры, Паралимпиада жаттығу орталығы сынды әлеуметтік серіктестердің ортақ істегі еңбегін атап өткен Нұргүл Ұлжекова.
Жеңіске жетелеген жарыс
«Журналистика – өте маңызды әрі қызықты мамандық. Мен де журналист болып, адамдарға әлемдегі маңызды оқиғалар туралы хабарлап, саяхаттап, басқа халықтардың мәдениеті мен тарихын білгім келеді. Бүгін тілші аға-әпкелерімнің бізге уақыт бөлгеніне қатты қуандым. Бірге өте көңілді уақыт өткіздік! Сонымен қатар мен барлық балалардың атынан сүйікті спорт түрімен айналысуға және жеңістерге жетуге мүмкіндік бергені үшін «Samruk-Kazyna Trust» қорына алғыс айтқым келеді», – деді бейімделген жүзу секциясында жаттығушы 14 жастағы Виктория Шнайдер.
Бүгінгі таңда жоба аясында Қазақстанның барлық аймағында дерлік тегін инклюзивті және бейімделген спорт секцияларының желісі құрылған. Жыл сайын 720 мүгедектігі бар бала спорттың 10 түрі бойынша «Саламатты болашақ» секцияларына ақысыз негізде барады.
«Бұл шараға қатыса отырып, біраз нәрсені байыптағандаймын. Мысалы, «ерекше» балалар үйде төрт қабырғаға қамалмай, осылай бейімделген спорт түрлерімен айналысып жатқаны қандай жақсы?! Әлеуметтік саланы жазып жүрсем де, кейбір дүниелер таңсық көрінді. Мысалы, «бочча» деген сөзді көптеген отандасымыздың біле қоймайтыны анық. Сөйтсек, бұл кәдімгідей паралимпиадалық спорт түрі екен. «Samruk-Kazyna Trust», «Тең мүмкіндіктер әлемі» қорлары, БАҚ өкілдері, балалардың ата-аналары бар, баршамыз біріге отырып, жағдайды жақсарта аламыз деген ойдамын», – деп ойын түйіндеді шараға қатысушы журналист Арнұр Асқар.
Алдаберген КЕМПІРБАЙ