Главная Новости Жұмыстан қысқарып жатсаңыз... нені білу керек?
13 қараша 2019, 09:27 12400

Жұмыстан қысқарып жатсаңыз... нені білу керек?

Жұмыстан қысқарып жатсаңыз... нені білу керек?

Таяуда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен "Самұрық-Қазына" АҚ еншілес ұйымы - Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу және әлеуметтік серіктестікті дамыту бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойғаны белгілі. Бұл ретте, SK News беттерінде еңбек-әлеуметтік қатынастар саласындағы өзекті мәселелер жөнінде Министрлік сарапшыларының пікірін беріп отырмақ ниеттеміз.

 – Жұмысшылардың саны немесе штат қысқарған жағдайда, еңбек шарты тоқтатылып, қызметкерге жұмыс беруші тарапынан орташа жалақы мөлшерінде жұмысынан айырылғаны үшін өтемақы төленуі қажет. Еңбек кодексінде осындай жағдай қарастырылған.

Жұмыс беруші тиімді экономикалық қызметті іске асыру және мүлікті ұтымды басқару үшін ұйымның құрылымы, штат саны және қызметкерлер құрамындағы өзгерістер туралы шешім қабылдауға құқылы.

Жұмысшылардың саны дегеніміз, бұл – ұйымда істейтін адамдардың тізімдік құрамы, ал штат – бекітілген лауазымдар жиынтығы. Осы орайда қызметкерлер санын қысқарту белгілі бір қызметкерлер қатарын оңтайландыруды білдірсе, штат көлемін азайтуда нақты лауазымдарды алып тастау көзделеді. Қысқартуға тек қызметкерлерді құлақтандыру аяқталғаннан кейін ғана күшіне енетін жаңа штаттық кесте негіз бола алады.

Бұл тұста атап өтерлік жайт, Еңбек кодексінің 53-бабының 1-тармағына сай, жұмыс беруші Жұмыспен қамту орталығы мен қызметкерге еңбек шартының бұзылуы туралы кемінде бір ай бұрын жазбаша түрде хабарлауға міндетті. Сонымен қатар, келесі тұлғаларға қатысты жұмыстан босатудағы шектеулерді сақтауға тиіс:

- жүкті әйелдер;

- 3 жасқа дейінгі балалары бар әйелдер;

- 14 жасқа дейінгі баланы (18 жасқа дейінгі мүгедек баланы) тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналар;

- жоғарыда көрсетілген балалар санатын анасынсыз асырап отырған басқа тұлғалар;

- «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңына сәйкес, зейнетке шығуына екі жылдан аз уақыт қалған жұмысшылар. Бұл жерде тиісті комиссия құрылады.

Осылайша, жұмыс беруші қысқарту туралы шешім қабылдаса, заң баптарын бұлжытпай орындап, тыйым салынған жайттарды да белден баспағаны жөн. Егер де бұл айтылғандарға салғырттық танытылып, қарапайым еңбек адамының құқығы бұзылып жатса, жергілікті Еңбек инспекциясына жүгінуге болады. Тиісті мекеме өз кезегінде, келіп түскен арыз арқау еткен райда кәсіпорынды тексеріп, заңбұзушылық анықталса, қажетті шараларға көшеді.

Жұмыс тауып, кәсіпкерлік әлеуетін іске асырғысы келетін азаматтар үшін әртүрлі мүмкіндіктер бар. Мәселен, қазіргі уақытта, 2017-2021 жылдарға арналған қалың бұқараны Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік  бағдарламасы аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқу жүргізілуде.

Мұнда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі (ТжКБ) арқылы жұмыссыз жастар үшін (оқу орындарына түспеген мектеп бітірушілерді қосқанда) 2,5 жылға дейін және 1 айдан 6 айға дейінгі қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, еңбек нарығында сұранысқа ие біліктілік пен кәсіби дағдыны қалыптастыру мақсат етілген.

Бағдарлама қатысушыларына мемлекеттік қолдау мен қаржылай көмек мөлшеріне келсек, шәкіртақы 16 759 теңгені, сырттан қатынайтындарға жол жүру ақысы 4 айлық есептік көрсеткішті, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау және Маңғыстау өңірлерінде тұру үшін ай сайын 10 АЕК-ті, қалған облыстарда 5 АЕК-ті құрайды. Сондай-ақ, техникалық-кәсіптік оқу орындарының студенттері ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Тағы бір ескеретін жайт, биылдан бастап, қысқа аралықта оқудан өткен түлектерді жұмысқа орналастыруға айрықша көңіл бөлінеді.

2019 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 45,9 мың адам оқуға жіберілсе, бүгінде оның жартысы оқуды аяқтап, 12,3 мың адам немесе 55%-ы жұмысқа орналастырылды.

Кәсіп ашуға, жаңа бастаған кәсіпкерлердің, жұмыссыздардың, жастардың және халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының қызметін кеңейтуге берілетін шағын несиелердің жалпы мерзімі - 5 жылға дейінгі, мал шаруашылығы және ауылшаруашылық кооперативтерін құру саласындағы жобаларға - 7 жылға дейінгі аралықты межелейді.

Бүгінгі таңда Үкімет ұсынатын микрокредиттердің орташа мөлшері ауылдарда 4 млн теңгеге, қалаларда 10,5 млн теңгеге жетіп, сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6%-дан аспайды. Жастарға арналған бизнесті субсидиялау грантының мөлшері 200 АЕК-ті, яғни 505 мың теңгені төңіректейді.

Бүгінгі сәтте 14 мың адам грант, ал 11,6 мың адам жеңілдетілген несие алды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арқылы мемлекеттік қолдауға және де әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру, жастар тәжірибесі, қоғамдық жұмыстар кіреді. Мысалға оқу бітірген, бірақ жұмыссыз сабылған, 29 жасқа толмаған жастар үшін 6 айлық алғашқы тәжірибе жинақтауда айына 63 мың төленеді.

Бағдарламада, бұдан тыс, Маңғыстау, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Түркістан, Нұр-Сұлтан сияқты жұмыс күші артық өңірлерден керісінше еңбек ресурсы тапшы Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарына қоныс аударуға қолдау жасау қарастырылған. Жаңа жерге көш түзегендерге әр отбасы мүшесіне бірреттік 88 375 теңге жәрдем қаржысы, 12 ай бойы үй жалдау және коммуналдық ақыны төлеу тәрізді жеңілдіктер әзірленген. Дегенмен, қоныстанатын аймаққа және отбасы мүшелерінің санына байланысты субсидия сомасы өзгеруі мүмкін.

Ерболат ӘБІЛХАТИН, ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: