Главная Новости Ғибрат Ауғанов: Басты құндылығымыз – жұмысшылардың қауіпсіздігі
01 тамыз 2023, 10:55 737

Ғибрат Ауғанов: Басты құндылығымыз – жұмысшылардың қауіпсіздігі

Ғибрат Ауғанов: Басты құндылығымыз – жұмысшылардың қауіпсіздігі

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына Қазақ­стан­дағы мұнай-газ, энергетика, әуе және теміржол тасымалы, байланыс салаларындағы бірқатар ірі кәсіпорындар біріккен.

250 мыңнан астам адам жұмыс істейтін ірі хол­дингте еңбек және өндірістік қауіпсіздік мәселелері қалай жолға қойылған? Біздің осы және өзге де сұрақтарымызға «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Корпоративті басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов жауап берді. 

– Ғибрат Қайратұлы, сұхбатымызды компаниядағы еңбек қауіпсіздігі жағдайынан бастасақ...

– «Самұрық-Қазына» АҚ – Қазақ­стандағы ірі өндірістік компаниялардың басын қосқан үлкен холдинг. Оның құрамында 13 ірі өндірістік мекеме, 270 еншілес кәсіпорын болса, оларда 250 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Компанияның ең басты құндылығы – жұмысшылардың денсаулығы мен қауіпсіздігі. Яғни, әрбір қызметкердің күнделікті жұмысын аман-есен аяқтап, отбасымен қауышуына басымдық береміз. Бұл бағытта ауқымды шаруаны қолға алдық. Жұмысшының денсаулығын сақтаудан бастап, қызметке арналған киім-кешегі, жұмыс бабына қажетті құрал-жабдықтар, жатын орны, ішіп-жейтін тамағы, қызмет барысындағы және одан тыс уақыттағы қауіпсіздігі, психология­лық-эмоционалды жағдайы, тіпті қауіпсіздік мәдениетіне дейінгі бірқатар бағытта жұмыс істейміз. Сондай-ақ қауіп­сіздік тәртібін реттейтін құжаттар, нұсқау­лықтар, жұмысшыға арналған теориялық және практикалық оқу-жаттығулар, өндірісті цифрландыру, заманауи құрал-жабдықтарды тиімді пайдалану сынды салаларда да көптеген жұмыс атқарылды. 

«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов еңбек және өндірістік қауіпсіздік мәселесін үнемі күн тәртібінде ұстайды. Нұрлан Қаршығаұлы өндіріс орындарына жұмыс сапарымен барғанда, бірінші кезекте қауіпсіздік мәселесіне назар аударады. Апта сайын өтетін аппараттық жиналыстар да өндірісте апатты жағдайлардың болған не болмағанын сұраудан, болған жағдайда олардың себеп-салдарын зерттеп-зерде­леу­ден басталады. Ол сондай-ақ қызмет орындары, жатақхана, асхана және тағы басқа нысандардың стандартқа сәйкестігін жіті бақылайды. 

ҚЫЗМЕТКЕР ҚАУІПТІ ЖАҒДАЙДА ЖҰМЫСЫН ӨЗ БЕТІНШЕ ТОҚТАТУҒА ҚҰҚЫЛЫ

– Былтыр компанияда Қауіпсіздік жы­лын жарияладыңыздар. Қауіпсіздік мәселесін жыл аясына салып, айшықтаудың мақсаты не еді және оның шеңберінде қандай шаралар атқарылды?

– Еңбектегі, өндірістегі қауіпсіздік мәселесі қай жылы болмасын, ұдайы компанияның басым бағыттарының бірі болып келеді. 2022 жылды «Еңбек және өндірістік қауіпсіздік жылы» деп жария­лауымыздың өзі бұл салаға айрықша көңіл бөлетінімізді көрсетеді. 

Бұл айтулы жыл аясында көп шаруа атқарылды. Былтыр кешенді жұмыстың нәтижесінде қызмет барысында жарақат алу көрсеткіші 16 пайызға төмендеді. Бұл – өте жақсы көрсеткіш әрі үлкен жетістік. Бұл мақсатта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, KIOSH (Қазақстандық халықаралық еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі конференция мен көрме) және «Самұрық-Қазына» АҚ үш тарапты Vizion Zero нөлдік жарақаттану тұжырымда­масына қосылдық. Оған сәйкес, «Самұ­рық-Қазына» АҚ және оған қарасты барлық қоржындық компаниялар еңбек­тегі жазатайым оқиғалар мен жарақаттану жағдайларын барынша азайту міндетіне басымдық беріп, оған қол жеткізуге мүмкіндік беретін іс-шаралар жоспарын бекіттік. 

Мәселен, еңбек қауіпсіздігіне маман­данған инженерлердің жұмыс тобы аудит жүргізіп, мыңнан астам сәйкессіздікті анықтап, оларды жою бойынша нұсқама берді. Мұндағы баса назар аударатын жайт, аудит жүргізу кезінде анықталған олқы­лықтарға жауапты адамдарға тәртіптік жаза тағайындауды емес, қайта жұмысшы­ларға қауіпсіздік тәртібін түсіндіру мен оқытуға маңыз бердік.

Сондай-ақ былтырдан бастап өндірістік қарым-қатынасты жүйелі түрде жақсарту бағытында арнайы бөлім аштық. Біз қазір жазатайым оқиғаның алдын алу шараларын мықтап қолға алып жатырмыз. Оған 10 жыл қатарынан өндірістік жұмысшылар арасында өткізіліп келе жатқан сауалнама да септігін тигізіп отыр Жылына екі рет құпия түрде жүргізілетін сауалнама барысында жұмысшылар өз ойын ашық білдіреді. Сауалнамада қызмет барысында болуы ықтимал техникалық қауіптен бастап, басшылық тарапынан психологиялық қысым көрсету, болмаса әріптесінен зорлық-зомбылық көру де­рек­тері туралы, сондай-ақ жұмыс, жатын, тамақтанатын орындардың санитарлық-эпидемиялық және еңбек қауіпсіздігі талабына қаншалықты сай екені туралы сұрақтар қойылады. Сауалнама нәтижесі зерттеп-зерделеніп, жұмысшылардың талабы және ереже бұзылған жағдайлар тиісті компанияларға жолданады және олардың орындалуына уақыт беріледі.

Заманға сай талаптар да өзгеріп отырады. Кезінде адамдар өндірістен жұмыс тапқанына, жатақханадан орын бұйырғанына шүкір дейтін. Ал қазір бәрі басқаша, жұмысшыларға еңбек жағдайын жасау өте маңызды. 

Былтырдан бастап қарапайым қызмет­керлердің қауіпсіздікке нұқсан келтіретін жағдай туындаса, жұмысты өз ше­шімімен тоқтатуға құқығы бар. Мысалы, бұрын шебер қызметшіге күнделікті тапсырма береді және жұмысшы оған бағынуы тиіс болатын. Алайда жұмысшы қызмет ор­нына келіп, өзінің өмірі мен денсаулығына қауіпті жағдайды көріп тұрса, жұмысын тоқтатуға хақы бар. Мұндай бастамасы үшін қызметкерге ешқандай тәртіптік шара қолданылмайды, керісінше қандай да бір ақауды дер кезінде анықтап, жұмысын уақытылы тоқтатқан мамандар өз құқығы мен міндетін жақсы білгені және дер кезінде қауіптің алдын алғаны үшін марапатталады. Мұндай ынталандыру барын білетін жұмысшылар қызметтік нұсқаулық, техникалық тапсырмалармен мұқият танысып, жұмысқа кіріспес бұрын маңайын қарап, бақылауға мән беретінін байқадық. 

Бұдан бөлек, өндіріс орындары тозған кейбір еншілес компанияларда жүйелі жұмыс жүргізу керек болды. Осы орайда былтыр бірқатар компанияның жұмыс орындары жаңартылып, қауіпсіздік тәрті­бін бекітетін құжаттары мен нұсқау­лықтары жүйеленді. Қауіпсіздікті қам­тама­сыз ету бағытында жүйеленген кешенді талаптарды мердігер компания­ларымыздың да бұлжытпай орындауына көп көңіл бөліп жатырмыз. Сондай-ақ еңбек және өндірістегі қауіпсіздік  тақырыбында алғашқы форум өткіздік.   

– Қауіпсіздік жағдайын қамтамасыз ету үшін қандай заманауи технологияларды қолданасыздар?

– Бүгінде жаңа технологиялар қарыш­тап дамып жатыр. Еңбек қауіпсіздігі сала­сында да түрлі жаңалықтар, жұмысшының қызметіне қолайлы заманауи құрал-жабдықтар жасалып жатыр. Соған орай, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялары да цифрландыруға барынша көңіл бөледі. Бұл міндет ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Саладағы жаңашылдықтарды үнемі назарда ұстап, мүмкіндігінше қолайлы жаңа технологиялармен қызметкерлерді қамтамасыз етіп келеміз.

Мәселен, кейбір еншілес компаниялар жұмысшыларға арналған камера орналас­тырылған касканы қолданысқа енгізіп жатыр. Диспетчер камераның көмегімен жұмысшының қызмет барысын бақылай алады. Жұмыс маршрутынан ауытқыған жағдайда бағдарлама дабыл соғады. 

Сондай-ақ кейбір кәсіпорындар VR (virtual reality) технологиясын оқу барысына тиімді пайдалануда. Яғни, жұмысшы оқу барысын теория жүзінде меңгеріп қана қоймай, VR технологияның көмегімен тәжірибе барысында игере алады. Бізде еңбек қауіпсіздігі бойынша 5 міндетті оқу бағдарламасы бар, соның бәрін осы VR технологияға бейімдеп жатырмыз. 

Көп жылдан бері еңбек етіп жүрген қыз­метшілер өзінің жұмыс өтіліне, тә­жіри­бесіне сеніп, кейбір қауіпсіздік ережелеріне атүсті қарайды. Сөйтіп, жұмыс барысында түрлі жарақат алып жатады. Қарапайым мысал, жұмыс кезінде қолғаппен ғана ұстауға рұқсат етілген тоқ жабдықтарын кей ардагер жұмыскерлер «не болар дейсің, былай да өшіріп жүрміз ғой» деген оймен жалаң қол ұстай береді. Бірде болмағанымен, бірде тоқ соқса, оның денсаулығына үлкен зиян келеді. Тіпті, мерт болып, артында отбасы, бала-шағасы жоқтап қалуы мүмкін. Ал VR оқудың көмегімен ол қауіпсіздік тәртібін сақтамаған жағдайдағы ықтимал апат­тарды бағамдай алады. 

Кез келген қызметкерді жұмысына кіріс­пей тұрып медициналық пункт маман­дары тексереді. Кейбір жұмысшы­лардың, әсіресе 20-30 жыл бойы өндірісте жұмыс істейтін аға буынның қан қысымы әдетте жоғары болады. Олар медициналық тексерістен өтердің алдында дәрі-дәрмегін ішіп, қан қысымын қалыпқа келтіреді. Алайда жұмыс барысында қысымы көтеріліп, ауырып қалатын, тіптен инсульт алатын жағдай жиі кездеседі. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін қызметкерге арналған смарт сағаттар алуды жоспарлап отырмыз. 

ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ МӘДЕНИЕТІН АРТТЫРУ КЕРЕК

– Жұмысшылар еңбек қауіпсіздігіне бей-жай қарайды дедіңіз, бұл жағдайды тү­зету үшін қандай жұмыс атқарып жатыр­сыздар?

– Қауіпсіздік ережесі – қанмен, адам өмірімен, олардың басынан өткен әртүрлі апатты жағдайлармен, түрлі тағдырмен жазылған құжат. Сондықтан бұл ережеге бағыну керек. Жұмыс барысында ыстық­тап кеттім деп күртешесін, каскасын шеше салатын, ашық тұрған электр жабдықтарын қолғапсыз ұстай қоятын, ұңғыманы өшір­мей тұрып, ауыстыра беретін жағдайлар кездеседі. Сәйкесінше, жұмысшы не жарақат алып, не мүгедек болып, не тіпті мерт болып жатады. Мұндайда арнайы комиссия құрылып, ол оқиға барысын зерттейді. Өкінішке қарай, сонда жұмыс­шының өз қателігінен орын алған оқиғалар жиі кездесетіні анықталып отыр. 

Десе де, апатты жағдайларды азайту бағытында жұмыс істеп келеміз. Мәселен, жыл басынан бері 57 жазатайым оқиға болды. Бұл жерде өндірісте 210 мыңнан астам адам жұмыс істейтінін ескеру керек. Осы орайда еңбек қауіпсіздігінің мәдениетін үйрету ісі аса маңызды. 

«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов биыл 3 бағыт бойынша 38 нақты іс-шаралар жоспарын бекітті. Сол іс – шаралардың бірі – еңбек қауіпсіздігі мәдениетін дамыту. Бұл мақсатта компания қызметкерлері еңбек және өндірістік қауіпсіздік деген не екенін толық, яғни 100 пайыз білуі керек. Мәселен, бір үйдің екі адамы мұнайшы болып жұмыс істейді делік. Әкесі 110 жылдық тарихы бар кәсіпорында, ал баласы 30 жылға жаңа толған жас компа­нияда жұмыс істейтін болсын. Бұл екі аза­маттың жұмысқа қарым-қатынасы, қызметтік мәдениеті екі түрлі. Баласы жұмыс барысында басы ауыра қалса, не қандай да бір техникалық қауіп төніп тұрса, жұмысын тоқтатуы мүмкін, ал әкесі «ештеңе етпейді» деп қызметін жалғастыра береді. Болмаса, жас компания жаңа тех­нологиялардың көмегімен жұмыс істеген­діктен, бір аппаратты іске қосуға автомат­тандырылған бір тетік жеткілікті болса, кеңес заманынан келе жатқан кәсіпорында дәл сондай аппаратты жұмыс істету үшін 2-3 әрекет жасауың ықтимал. Сәйкесінше, бұл екеуінде еңбек ұғымы да, қарым-қатынасы да басқа-басқа. Сон­дықтан еңбек мәдениетін қалыптастыру, ой қабілеті мен сана-сезімін өзгерту маңызды. 

Осы орайда, компания қызметкерлерін оқытуға үлкен күш салып келеміз. Бізде Samruk Business Academy жұмыс істейді, ондағы мамандар былтыр «Қауіпсіздік мәдениеті» атты курсы Ұлыбританияның қауіпсіздік және денсаулық сақтау институтының қолдауын тапты. Бүгінде сол мамандар компаниядағы бөлім, департамент жетекшілерін оқытып, ішкі тренерлерді дайындап жатыр. Еңбек және өндірістік қауіпсіздік саласы үнемі назарда болуы тиіс сала және ондағы олқылықтарды жою, саланы жүйелеу оңай шаруа емес. Десек те, кешенді және ауқымды іс-шаралардың көмегімен жақсы нәтижеге қол жеткізіп келеміз. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айдана НҰРМҰХАН

Дереккөз: "Айқын" газетінің сайты

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: