Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
«Самұрық-Қазына» АҚ Корпоративті басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов әлеуметтік желідегі парақшасында Қордың қайырымдылық бағытындағы жұмыстары туралы баяндады.
«Самұрық-Қазына» компаниялар тобында әлеуметтік жауапкершіліктің маңызы әркез жоғары. Бұл ретте Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында Қордың қайырымдылық қызметін талқылап, 3 нақты мәселеге назар аудардым.
1. Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік осал топтарды қолдау, спорт, және креативті индустрия сынды басым бағыттар аясында 46 әлеуметтік маңызды жобаны іске асырдық. Оның ішінде бір жылда аутизмі бар балаларға арналған 5 орталық пен 5 ерте араласу орталығын ашып, Қор бастамасымен елімізде ашылған оңалту орталықтарының санын 37-ге жеткіздік. Бұл үлкен жетістік және ол жалғасын табады. Алдағы уақытта «Қазақстан халқына» және «Қамқорлық» қорларымен бірлесіп, тағы да 11 орталықты ашуды көздеп отырмыз.
2. Қайырымдылық бағытындағы биылғы қызметімізде Қор төрағасы Нұрлан Қаршығаұлының мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту жөніндегі тапсырмасы аясында инклюзияға басымдық бердік. Жылдың алғашқы үш айында ерекше қажеттілігі бар 114 азамат «Самұрық-Қазынаға» қарасты компанияларға жұмысқа орналасты. QSamruk.kz бос орындар платформасында олардың еркін жұмыс істей алуы үшін арнайы бөлім аштық.
«Samruk-Kazyna Trust» қоры биыл 180 ерекше қажеттілігі бар азаматты цифрлық мамандықтарға оқыту жобасын қолға алды. Оған қатысушылардың кейін жұмысқа орналасуына жәрдем береміз. Бұдан бөлек, 100-ге тарта маман мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс істеу бойынша біліктілігін жетілдіретін тағы бір жоба жүзеге асырылып жатыр.
3. Біздің жобаларға «Самұрық-Қазына» компаниялар тобынан тыс серіктестер де қызығушылық танытуда. Бұл ретте игі бастамаларға атсалысуға ниет білдірген «Қазақстан халқына» қоры, «Шелл Қазақстан», «Оңтүстік тау-кен-химия компаниясы», «Қазақмыс» кәсіпорындарымен бірге бірқатар жобаларды іске асыру жоспарымызда бар.
Әрине, Қазақстан аумағының тең жарымын шайып өткен тасқын суы да «Самұрық-Қазына» Қорының назарынан тыс қалған жоқ. Қордың Басқарма төрағасының тапсырмасымен жуырда ғана су басқан өңірлерге қолдау ретінде 15 млрд теңге бөлінді. «Күшіміз – бірлікте» екені, міне, осындай сындарлы сәттерде танылады. Одан бөлек, «Самұрық-Қазына» жыл сайынғы табысының кем дегенде 7 пайызын «Қазақстан халқына» қорына бөледі.
Ойымды қорытындылайтын болсам, «Самұрық-Қазына» Қоры қай уақытта да еліміз үшін маңызды жобаларды қолдауға дайын. Бұл сөзімізге жыл сайын Қордың жобалары арқылы жарты миллионнан астам отандасымызға көмек көрсетілетіні дәлел.