Главная Новости HR форум: Басымдыққа ие бағдарламалар
11 сәуір 2023, 12:00 928

HR форум: Басымдыққа ие бағдарламалар

HR форум: Басымдыққа ие бағдарламалар

«Самұрық-Қазына» АҚ ұйымдастыруымен қордың портфельді компаниялары арасында өткен «Болашағымыз бірлікте» HR форумына «ҚТЖ» ҰК» АҚ Адами ресурстарды басқару департаментінің мамандары да қатысты. Форум мақсаты – қордың кадрлық саясатының басым бағыттары мен қойылған міндеттерді теңдей түсіну, HR қызметтер арасында коммуникацияны дамыту мақсатында бірыңғай ақпараттық кеңістік құру.

Сонымен қатар осы қызмет саласындағы мамандар мен басшылардың өзара тәжірибе алмасуын қамтамасыз етуді де көздеген форум 4 секцияда өткізілді. ҚТЖ өкілдері «Оқыту және дамыту», «HR процестерді автоматтандыру» және «Корпоративтік мәдениет» секцияларға қатысты. «Оқыту және дамыту» секциясына «ҚТЖ» ҰК» АҚ HR бизнес-серіктесі Алма Сәулебаева модераторлық етті. Бұл секцияда 4 ірі компаниядан мамандар баяндама жасап, бірінші болып «ҚТЖ» ҰК» АҚ Адами ресурстарды басқару департаментінің директоры Сәуле Истлеева сөз алды. Ол ҚТЖ-да жүзеге асырылып жатқан «Шеберлер қазынасы» жобасы туралы айтып берді. Бұл жобаны бастауға персонал кінәсінен жіберілетін қателіктердің артуы, өндірістік оқыту шеберлерінің ішінара базалық талаптарға сай келмеуі, олардың оқытушылық шеберлігі бойынша курстардан өтпеуі, техникалық сабақтарға қызметкерлердің қатысу деңгейінің төмендігі сынды алғышарттар себеп болғанын жеткізді.  

– Бұл бағдарламаның мақсат-міндеттеріне – өндірістік қауіпсіздік деңгейін арттыру, жеке және командалық тиімділік деңгейін көтеру, өндірістік оқыту сапасын жақсарту және персоналды оқытудың заманауи тетіктерін енгізу жатады. Бағдарламаның мақсатты аудиториясы – өндірістік оқыту шеберлері мен нұсқаушылар. Нәтижесінде техникалық сабақтарға 20 жаңа сценарий әзірленді, сабақ өткізуде жаңа стандарттар енгізілді, ойлау трансформациясы орын алып, пікірлестер командасы қалыптасты, жаңа әлеуметтік байланыстар орнатылды, ішкі тренерлікке үміткерлер шығарылып, күрделі инструкцияларды оңтайландырылған, ақпараттық форматқа жинақтау машықтарын меңгеру сынды жетістіктерге қол жетті, – деді департамент директоры.  

Ал «HR процестерді автоматтандыру» секциясына қатысып, баяндама жасаған «ҚТЖ» ҰК» АҚ Көпфункционалды қызмет көрсету орталығының бас менеджері Венера Гиметдинова «ЖҚО тиімді бизнес-процестер» тақырыбында ҚТЖ-да жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.  

– 2016 жылы филиалдардан типтік бизнес-процестерді шығарып, оларды бірыңғай орталыққа біріктіру мақсатында ҚТЖ-да жалпы қызмет көрсету орталығы (ЖҚО) ашылды. Оның негізгі бағыттарына – қаржылық блок және кадрлық әкімшіліктендіру жатады. Процестер тиімділігі неде? Бухгалтерлік және салық есебінде жіберілетін қателіктер 73 пайызға азайды, ішкі аудит қызметін анықтайтын кемшіліктер көрсеткіші 85 пайызға төмендеді. Даму жоспарымызда ішкі клиенттердің көңіл толушылығын арттыру, өзіне өзі қызмет көрсету порталын ашу, бизнес-процестерді оңтайландыру және автоматтандыру, қызмет сервисі деңгейін арттыру, ВРМ платформасын енгізу жұмыстары тұр, – деді В.Гиметдинова.

«Корпоративтік мәдениет» секциясына қатысқан «ҚТЖ» ҰК» АҚ Адами ресурстарды басқару департаментінің бас менеджері Саян Сыздықов «Жұмысшыларды жұмыстан әлеуметтік тұрғыда босатудағы жауапкершілік» тақырыбына тоқталды. Осы сессияда ҚТЖ-ның әлеуметтік жобасы ең үздік деп бағаланды.  

– «ҚТЖ» ҰК» АҚ – Қазақстанның нақты экономика секторындағы ең ірі жұмыс беруші екені мәлім. Оның басты құндылығы – қызметкерлері, еліміздің еңбекке қабілетті халқының 1 пайыздан астамы біздің компанияда еңбек етеді. Компания кең тармақталған ауқымды желіге ие, негізгі персонал – өндірістік сала қызметкерлері. Олар компания қызметкерлерінің 90 пайызын құрайды. Сондықтан да оларды әлеуметтік қолдау мәселелеріне компания ерекше басымдық береді, – деген С.Сыздықов ҚТЖ-да әлеуметтік қолдау бойынша қандай базалық жеңілдіктер қарастырылғанын атап өтті.  

Ғаламдық жылдам өзгерістер жағдайында компания жаңа әдістер мен технологияларды енгізу бойынша бизнес-процестерді трансформациялауға ден қойған. Осы мақсатта персоналды әлеуметтік тұрғыда жұмыстан босату жауапкершілігі бойынша бағдарлама қабылданған.

Аталған бағдарлама іске қосылғалы бері мыңнан астам қызметкер зейнетке ерте шыққан, зиянды және ауыр жұмыс жағдайындағы қызметкерлердің 43,4 пайызы жұмыстан босатылған. Бағдарлама персоналды басқару бойынша «WOW!HR KAZAKHSTAN 2022» халықаралық бизнес жүлдесінде ең үздік жоба ретінде танылды. Бұл бағдарламаға Қазақстанның еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мен өзге де ірі компаниялары қызығушылық танытып отыр.

Райхан Рахметова

"Қазақстан теміржолшысы"

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: