Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
IR мамандарды дайындаудың екінші модулі бойынша оқуға «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы қызметкерлерінің жаңа тобы қатысты.
Бұл бағдарламаның негізгі міндеттеріне «Өндірістік қарым-қатынасты дамыту бойынша корпоративтік стандартпен» таныстыру, IR мамандарды оқыту, даулы жағдайлардың алдын алу және олардан шығу тәсілдерін үйрету жатады. Бұл шаралар компания ішінде де, сонымен бірге мердігер ұйымдармен жұмыс барысында да өте маңызды.
Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығының Industrial relations бағытын дамыту саласындағы міндеттері мен қызметі жайлы орталық басшысы Елдос Өмірзақов айтып берді.
2013 жылдан бері ӘӨЫКО портфельдік компаниялардың өндірістік қызметкерлері арасында әлеуметтік тұрақтылық деңгейін бағалау үшін әлеуметтік зерттеу жүргізеді. Оның жетекші көрсеткіштеріне ынталылық, әлеуметтік әл-ауқат және әлеуметтік тыныштық индекстері жатады. Әлеуметтік зерттеу еңбек жағдайлары, қауіпсіздік техникасы, еңбекақыға қанағаттанушылық, басшылықпен өзара қарым-қатынас, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар, психологиялық қысымның болуы және өзге де басқа мәселелерді қамтиды. Зерттеу әдістемесі үздік әлемдік тәжірибелердің (AON, GALLUP) негізінде әзірленіп, оны Қордың басқармасы бекіткен. Сауалнама «Самұрық-Қазына» қоры қызмет ететін барлық өңірде және холдинг құрамына кіретін барлық 158 компанияда жүргізіледі.
Ұжымдағы негативті психологиялық климат жұмысшылардың ынтасы мен адалдығының төмендеуіне алып келетіні жасырын емес. Сәйкесінше, еңбек өнімділігі кеміп, кадр тұрақсыздығы артады. Бірақ, бастысы – компанияның халық алдындағы абырой-беделі төмендеп, білікті кадр тартуда мәселелер туындайды.
«Еңбекақыны бір реттік көтеру – қысқамерзімді шара және ол қордаланып қалған мәселелерді шешпейді. Демек, арадағы дау кемудің орнына, күшейе түседі. Сондықтан, Қор басшылығы өндірістік қатынастардың Industrial relations (IR) бірыңғай корпоративтік стандартын енгізу туралы шешім қабылдады. Ол барлық компаниялар тобында қолданылады. Оның үстіне, ҚазМұнайГаз, ҚТЖ және Қазатомөнеркәсіп компанияларында IR енгізу бойынша сәтті тәжірибе бар», – деп атап өтті Елдос Өмірзақұлы.
Қарапайым тілмен айтсақ, IR-менеджер өзгерістер агенті болып табылады. Ол жұмыс орнындағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсарту саласындағы еңбекті қорғау қызметімен, сондай-ақ қызметкерлерге қысым көрсету мен болуы мүмкін еңбек дауларының алдын алу үшін комплаенс қызметімен, омбудсмендермен және медиаторлармен (еңбек ұжымдары өкілдерінің қатарынан келіссөз жүргізуші) өзара ықпалдасып жұмыс істейді.
IR өкілдері өңірлердегі жағдайды зерттеп, HR қызметтерімен байланыста болады және кәсіподақтармен бірге ұжымдық шарттарды жақсартуға ұсыныстар әзірлейді.
Industrial relations дамыту жұмыстарын үйлестіру үшін ӘӨЫКО бірыңғай оператор болып таңдалды, ал барлық портфельдік компанияларда IR-менеджерлер жұмыс істейді. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды зерттеу үшін пилоттық IR-скринингтер жасалып, IR-менеджерлерді әлеуметтік-тұрмыстық жағдайға мониторинг жасау, ішкі коммуникацияларды дамыту, кері байланыс мәдениеті мен жұмыс орнындағы қысым формаларының алдын алу негіздеріне оқыту шарасы ұйымдастырылды.