Главная Новости Кәсіп түбі – нәсіп
16 шілде 2020, 10:35 3155

Кәсіп түбі – нәсіп

Кәсіп түбі – нәсіп

Талғаттың  кіндік қаны тамған ауылы – Таушық. Таушықтықтарға салсаң, Дана, Абыз Әбіш Кекілбаев балалық шағын өткізгенін, қазақтың бұлбұлы Роза Бағланова аспанына  ән  әуелеткенін, ұлы  сазгер Шәмші Қалдаяқов пен ақиық ақын Төлеген Айбергеновтің шабытын шалқытып өмірге келген «Ақ ерке - Ақ жайық» әнінің олардың Маңғыстау сапарында Таушық сахнасында тұңғыш орындағанын мақтанышқа айтады. Атакүлдігінің тарихы ғой ол...

Ата-анасы сонау 60-жылдардың аяғында аймаққа теміржолдың келуіне байланысты құрылған Шетпе поселкесіне көшіп, балалық шағы осында өтті, осында есейді. Балалық шағы барлық ауыл балалары сияқты қозы-лақ бағумен, ауылдың шаңын аспанға шығарып доп соңындағы ойынмен өткені есінде.

Әкесі Темірәлиев Бигелді - қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Шетпеге көшіп келгенде, сол кезде ашылған №2 мектепке орналасты, жылдар бойы сол мектепте директор қызметін атқарды. Ұлағатты Ұстаз, кең пейілді, парасатты азамат, құрметті демалысқа да осы жерден оқу ісінің меңгерушісі болып абыроймен шықты. Анасы – Тастығараева Бұрыш, сауда саласының қызметкері болды.

Орта мектепті ойдағыдай аяқтап, Алматыға арман қуып аттанған жас жігіт Қазақ дене тәрбиесі институтына оқуға түсті. Дене тәрбиесі пәні маманы болып  туған ауылға оралып, мектепке орналасты. Әке көрген оқ жонар демекші, ұстаздық ете жүріп, әр жылдары ауданда методист, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарды, қазақша күрестен жаттықтырушы болып шәкірт тәрбиелеудің қыр-сырына қанықты.

Кейін Кеңес өкіметі тарап, еліміз егемендік алған тұстағы қиындықтарды бастан кешкен елдің санатында Талғат Бигелдіұлы да болды. Өзіне қараған отбасының, бала-шағаның қамымен табысы молдау салаға ауысуды шешкен ол Ақтау қаласындағы оқу комбинатынан сорғы станциясының машинисі мамандығын игерді.

- «Ең алғаш мұнай саласында жұмысқа шыққан күнім есімде. Ол – 1995 жылдың сәуір айы болатын. Ақ жағалы, кірпияз мұғалімдіктен бірден бел шешіп мұнай саласына жұмысқа кірісу оңайға соқпады. Қаламқас кенорынына мұнай өндіру операторы болып орналасып, сол жерде 10 шақты жыл қатарынан еңбек еттім, кейін қабат қысымын ұстау цехына машинист болып ауыстым. Алғаш кенорынға келгенде оператор Елубаев Кеңес, жас та болса тәжірибесі бар Сүйеуов Амантай көп көмектесті, одан соң қабат қысымын ұстау цехына ауысқасын Оразбаев Руслан деген азаматтан көп нәрсені үйрендім», - дей келіп, Талғат аға кейін қарап-бақылап жүріп жұмыстың қыр-сырын алып кеткенін байыппен еске алады.

Талғат Бигелдіұлының жұмыс орны саналатын қабат қысымын ұстау цехында мамандар мұнайды жоғары көтеру үшін жер астына су айдау қызметін атқарады. Бұл учаскедегі жұмыс үлкен жауапкершілікті талап етеді. Компанияның жылдық жоспарды толық орындап, биік белестерді бағындыруына осы цехтың атқаратын рөлі зор. Стансадағы насостардың көмегімен тәулігіне қажетті мөлшердегі суды қатты қысыммен жер қабатына айдайды.

«Уақытында жұмыстың қиындығын да көрдік, кенорын алғашқы құрылған жылдары запчастьтар жетіспей, редукторлар әдеттегі төрт ременьнің орнына бір ғана ременьмен жұмыс жасап тұрған күндер болды. Тұрып қалған качалкалардан, жұмыс жасап тұрған качалкаларға талай май тасыдық. Бүгінде оның барлығы көрген түстей, жұмыстың дені техниканың, жетілген құрал-жабдықтың көмегімен атқарылады. Мұнайшыларға жасалған қамқорлықтың, жақсы еңбек жағдайының арқасында әсем де жайлы ғимаратта жұмыс жасаудамыз. Жылдан-жылға заманға сай құрал-жабдықтар, қондырғылар өндіріске енгізіліп келеді. Осы салада еңбек етіп, мұнай-газ өнеркәсібінің өркендеуіне тамшыдай болса да үлес қосып жүрміз деп ойлаймын»,- дейді бізбен әңгімесін онан әрі сабақтаған  Талғат  Бигелдіұлы.

Ұзақ жылғы еңбегінен тапқан марапаты да мол.  Компанияның алғыс хаттары мен медалін  құр мадақ емес, төккен жерінің, еткен еңбегінің өтеуі деп қадір тұтады. Базарлы отбасы мен көз қуанышы бес баласын тағдырының өзіне ерекше еншілеген сыйы деп шүкіршілік етеді. Жолдасы – Оңайгүл химия пәнінің мұғалімі, қазір құрметті демалыста. Балаларының барлығы отбасылы, олардан көрген қызығы - немерелері өсіп жатыр. бүгінде мектеп оқушылары.

Сүйікті спорты әлі күнге жанына серік. Бір жылдары тоғызқұмалақтан  «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мұнайшылары атынан Нұрсұлтан, Шымкент қалаларында спартакидаларда жүлделі орындарға ие болып туған компаниясының намысына тұрды. Салауатты өмір салтын ұстану, таңертеңгілік жаттығулар талай жылдан бері қалыптасқан дағдысы. Қолы қалт етсе тарихи кітаптарды оқуды ұнататындығы Ұстаз әкенің бойына сіңірген ұлағаты.

«Өмірдің өткелектері  кезең-кезеңімен  бейнефильмдегі үзік-үзік кадрлар сынды, көзді ашып-жұмғанша өте шығыпты, зейнеткерліктің де ауылы алыс емес» дейді біздің кейіпкеріміз. Дегенмен алаң көңілі - ел шетіне тиген дертте, бүгінгі елдің басына түскен сынақта.  Бұл індеттен еліміздің аман-сау, барынша аз шығынмен өтіп кетуін тілеген ол қай қиындықтың да артынан міндетті түрде жақсылық келетіні заңдылық болса, ертеңгі күнге барлығы бұрынғы қалпына келер деген үлкен үмітпен қарайық деп жүдеу көңілімізге ағалықпен демеуін білдірді. Біз де «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ, Қабат қысымын ұстау цехының машинисі Талғат Темірәліге зор денсаулық, отбасы амандығын тілейміз. Айтқаныңыз келсін, аға!

Арайлым Ақшаева

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: