Главная Новости Кәсіподақ көшбасшысы: Басты орында – әріптестердің сенімі
11 қыркүйек 2018, 11:11 5301

Кәсіподақ көшбасшысы: Басты орында – әріптестердің сенімі

Кәсіподақ көшбасшысы: Басты орында – әріптестердің сенімі Сурет: Айбек Иманқожаев

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ құрамындағы «Орталық» өндіруші компаниясы Әлеуметтік тұрақтылық индексі аясында соңғы 2 жыл қатарынан тұтас «Самұрық-Қазына» қоры бойынша жоғары көрсеткіштерді бағындырып отыр.

Атап өтерлік жайт, Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығы мамандары тереңдетілген зерттеу жұмыстары барысында шын мәнінде ондағы жұмыскерлердің көтеріңкі ынтасы мен әлеуметтік жағдайдың қолайлылығына, басшылықтың ұжыммен жұмыс істеу тәсілінің тиімділігі мен еңбек кикілжіңдерін шешудегі үздік тәжірибенің қалыптасқанына көз жеткізді.

Шетелдік үлестің қатысуынсыз, толық өз алдына отандық өндіріс ошағы ретінде табысты қызмет етіп отырған «Орталық» өндіруші кәсіпорны» ЖШС негізгі қызмет түрлері аясында уран өндіру, өңдеу және тау-кен жұмыстарын жүргізу іс-қимылдарымен айналысады. Мақсат - «Мыңқұдық» кен орнындағы «Орталық» телімінде табиғи уранды өндіру, өңдеу және дайын қорларды өндіруге дайындау секілді қызметтерді уақтылы және сапалы көрсету. Аталған өндірістік мекемеде кәсіподақ ұйымының құрылғанына биыл 5 жыл толды. Ал бұл бастапқы кәсіподақ ұйымының жетекшісі Асхат Манаповтың Қазатомөнеркәсіп жүйесінде істеп келе жатқанына 10 жыл болады екен.     

Кейіпкеріміздің мамандығы – теxникалық реттеу және метрология инженері, міндеті – кеніштегі барлық өлшем құралдарының жылдық жоспар бойынша салыстырып тексеруден уақтылы өтуін қадағалау және ұйымдастыру. Ол жергілікті кәсіби одақ басшылығына қызметкерлердің вахталық ауысымы кезіндегі жалпы жиналыста еңбеккерлердің басым көпшілік дауысымен сайланған. Бұған дейін 2013 жылы кәсіподақ жасақталғанша арнайы әлеуметтік топ әрекет еткен.

Асхат басқаратын «Орталық» кәсіподағының діттегені – жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы қарым-қатынасты реттеуге атсалысу. Сұхбаттасушымыздың айтуынша, басшылықтың көзқарасы бастапқыдан оңды, жұмысшылардың, жалпы жұмыс орындарының жағдайын жақсартуға тырысуда. Еңбеккерлер біліктілікті көтеруге жолдануда. Мысалға бірқатар жастардың оқу ақысы компания атынан төленіп, Ресейдің Томск қаласында көкжиегін кеңейтуде екен. Кен орны цифрланып, күнделікті жұмыста қазіргі заманғы технологиялар ескерілуде. Бұдан тыс іс-шараларға да қолдау көрсетілуде. Ал кәсіподақ тарапы белсенді жұмыскерлерді бағалы сыйлықтармен ынталандыруға күш салады екен.

«Әр жаңадан қабылданған жұмыскер тиісті құжаттармен, оның ішінде Ұжымдық шартпен мұқият танысады. Еңбеккердің өзі немесе отбасы мүшелері ауырып, қиындық туындаса, бекітілген бюджет шегінде көмектесуге тырысамыз. Ересектерді шипажайға, балаларды демалыс орындарына жолдаймыз. Әрбір мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндерде спорттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырып келеміз», - деп тарқатқан Асхат басты телім-цехтарда, вахталарда, көмекші басқармалар мен кен орындарында, орталық кеңседе кәсіподақ өкілдері тағайындалғанын жеткізді. Оларға қоғамдық жүктеме ретінде қосымша ақы төленуде. 

«Шығындар жөнінде жылына есеп береміз. Жоспарлар мен бағдарламамызды қызу талқыға салып, ұсыныс-пікірлерді міндетті түрде ескереміз. Мысалы біздегі зияткерлік ойын осы мақсатқа арналған», - дейді Асхат кәсіподақ көшбасшысы ретінде бірінші кезекте табысты емес, әріптестердің артқан сенімін, алға қойылған ортақ мүддені ойлайтынын нұсқап.

Кәсіподақ жетекшісінен олардың жұмыс ерекшелігін, басқа ұқсас бірлестіктерге қарағанда қандай озық қырларымен дараланатынын сұрадық.

«Атомөнеркәсіп жұмысшыларының салалық кәсіподағына қараймыз. Қызметкерлеріміз 100% кәсіподақ қамқорлығымен бір шаңырақ астында қамтылған. Ұжымдық шарттағы әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктердің дер кезінде орындалып отыруын қадағалаймыз. Мүмкіндіктерді түсіндіргенде, олар қатарымыздан табылуға қуана келіседі. Сонымен қатар, әріптестерімізге құқықтық тұрғыда кеңес береміз. Техникалық маман болғандықтан, заңдық жағын ізденіп, жыл сайын оқулар өткіземіз, жоғары тарапқа хат жазамыз. Еңбек кодексі сынды маңызды құжаттарды зерделейміз. Еңбек дауларында келісім комиссиялары жасақталып, келіссөздер қолға алынады», - деп әңгімеледі Асхат Әбутәліпұлы.

Мәселен еңбек шартында көрсетілген жағдайларға салғырттық сезілсе, жұмыс киімі толық қамтамасыз етілмесе, қорғаныс заттары көңілге қонбаса немесе вахтада жататын орындағы көрпе-төсектер нормаға сай келмесе, кәсіподақтың есігі ашық екен. Сонымен қатар, кен орнына жеткізетін көлік қажытса, құрал-жабдық берілмесе, тамақ сапасының нашарлығы байқалса, санитарлық талаптар сақталмаса, «арыз-шағымның бәрінде бізге кел дейміз», дейді кәсіподақ көшбасшысы. Өндірістік кеңестерде де өзекті түйткілдер назарда ұсталмақ.

Дегенмен Түркістан облысы, Созақ ауданында заңды тұлға мәртебесінде тіркелген ЖШС кәсіподағының басшысы Асхат Манапов күнтәртібіндегі мәселелерді өз күшімен шешуге ұмтылып жатқандарымен, қазіргі кезде «Самұрық-Қазына» қорында орталықтандырылғандықтан демеушілік-қайырымдылық қызметінде өңірлерге көбірек көңіл аударылса дейді. Өйткені маңайдағы ауыл әкімдіктері, мүгедектер ұйымдары сияқты көмек сұрап келетіндер, баласына шетелде емделуге шұғыл қаражат керек болып, квотаға ілікпей сабылып жанұшыратын ата-аналар көп екен.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: