Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен шатқалы тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс.
Бозашының қарт Каспийге сұғынған тұмсығында орналасқан, жан-жағын адам аяғы баса алмайтын сор қоршаған бұл кен орын – қасиетті Қаламқас апаның құрметіне қойылған. Аңыз-әбсаналарды сөйлетер болсақ, Қаламқас ару – ат құлағында ойнаған шабандоз әрі мерген, қиын-қыстау замандарда Адайдың бір ауылын аңшылықпен асыраған қызы ретінде сақталған. Тіпті жау жағадан қысқан кезде еркек кіндіктілермен үзеңгілес жүріп жерін қорғаған батыр қызы болып ел есінде қалған.
Батыр апамыздың атын иеленген қасиетті кен орын «Қаламқасмұнайгаз» биыл 45 жылдығын атап өтті. Осы айтулы мереке аясында кенішімізде бірнеше тың жобалар жүзеге асырылды. Осындай ауқымды шаралардың бірі, әрі негізгісі – Өндірістік Басқару Әкімшілік ғимараты алдында орналасқан ескі бұрқақ орнына кен орын тарихынан сыр шертетін «Қаламқас апа» компазиция-мүсінінің орнатылуы. Үш бөліктен тұратын бюсттің негізгі бөлігі «Қаламқас апа» бейнесі, қалған екі бөлігі Маңғыстаудың мақтанышы «Шерқала тауы» және «мұнай атрибуттары».
Ескерткіштің авторы - белгілі суретші, әрі сәулетші Мырзабай Дүйсекенұлы Епенов. Мүсіншілер - "ҚМГ" ӨБ ӘМТ инженері Шыңғыс Сәбитұлы Жармағанбетов мен "ҚМГ" ӨБ ГӨДжТЦ жөндеушісі Мереке Өтеғалиұлы Өтеғали. Сонымен қатар бұл жобаның аяқталуына мұнайшылар да атсалысты. Кен орын қызметкерлерінің ауызбіршілігі мен қажырлы еңбегінің арқасында бұл сәулет өнері уақытылы бітіп, ел игілігіне берілді.
Бұл компазиция-мүсіннің орнатылуында үлкен мән бар. Тарқатар болсақ, Шерқала тауы – Маңғыстаудың ерекше, тарихқа толы тауы. Еліміздің экономикасын өрге сүйреуші негізгі күші – қара алтынымызға арналған кішкене ақпарат «мұнай атрибуттарынан» көрініс тапты. Ескерткіштің жоғарғы жағында ақын Оңайгүл Тұржанның «Қаламқас» атты поэмасынан бір шумақ өлеңі жазылған. Композициядағы Қаламқас апа бейнесі – дала кезіп жүрген аң, құс, тіпті киіктің де киесі бар екенін, оларды шамадан тыс жазым етпеуге, олай болмаған жағдайда дала кезіп жүрген апа әруағы жануарларға қорған болатынын ескертіп тұрғандай.
Бұл кешен – Маңғыстаудың бай тарихы, таңғажайып табиғаты және ұлттық құндылықтары мен ел бейбітшілігін дәріптейтін мәдени-рухани мұра. Ол халқымыздың өткені мен бүгінін байланыстырып, болашақ ұрпаққа рухани жол көрсетеді. Тарихты ұмытпау және мәдениетті ұлықтау – біздің ұлттық парызымыз. Бұл кешен – сол парыздың орындалуының көрінісі.