Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Наурыз мерекесіне орай, «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасында басталған спорттық эстафеталардың алғашқы жеңімпаздары анықталды.
10 күнге созылатын тартысты додада әр цехтың командалары мен жеке ойыншылар жеңіс тұғырынан көрінуге көбірек күш салды. Атап айтар болсақ, ерлер арасындағы волейболдан 6 команда қатысып, Қабат қысымын ұстау цехы жеңімпаз атанды. Жүлделі 2-орын №4 Мұнай және газ өндіру цехының командасына бұйырса, 3-орынға өндірістік басқарманың әкімшілігі жайғасты. Әлімжан Надиров, Сахи Нұртілеуов, Асылжан Хасанов волейбол турнирінің ең үздік ойыншысы атанды.
6 наурыз күні әйелдер арасында өткен үстел теннисінен спорт демалыс кешенінің меңгерушісі Ақмарал Баспаева жеңіске жетсе, ғылыми зерттеу және өндірістік жұмыстар цехының инженері Гүлзада Боқанова 2-орынды меншіктеді. Жүлделі үштікке аталған цехтың инженері Кенжегүл Давлетова ілікті. Ерлер арасында өткен үздік үштікке Дәурен Теміров, Сұлтан Тілегенов, Бауыржан Адамбаев жайғасты.
Ерлер арасындағы шағын футбол додасы да алғашқы жеңімпаздарының есімдерін анықтады. Газ дайындау, тасымалдау және газ шаруашылығын пайдалану цехының командасы 1-орын алып, жеңімпаздар қатарын толықтырды. Алдын ала су айыру цехының командасы мен мұнай және газ өндіру цехының командалары өзара жүлделі екінші, үшінші орындарды бөлісті. Аталған сайыстың үздік қақпашысы болып №4 мұнай және газ өндіру командасының ойыншысы Қайрат Абуов атанды. Ораз Елдос үздік қорғаушы номинациясын иеленсе, үздік шабуылшы атағы Бекмұрат Құбашевқа берілді.
Спорттық шаралардың қорытындысы 19 наурызға белгіленіп отыр.