Главная Новости Қандай екпе аласыз? Коронавирусқа қарсы вакцинаны таңдауға қажет мәліметтер
26 шілде 2021, 10:48 946

Қандай екпе аласыз? Коронавирусқа қарсы вакцинаны таңдауға қажет мәліметтер

Қандай екпе аласыз? Коронавирусқа қарсы вакцинаны таңдауға қажет мәліметтер

Қазақстанда бүгінге дейін 5 145 055 адам – вакцинаның бірінші комонентін, 3 264 705 адам екінші компонентін алды.

Қазақстанда қазіргі таңда коронавирусқа қарсы 4 вакцина қолжетімді. Олар: 

  • Спутник V;
  • QazVac;
  • Hayat-Vax;
  • CoronaVac.

Бұлардан бөлек, алдағы уақытта Спутник Лайт пен Pfizer вакциналары салына бастауы мүмкін. 15 шілдеде Денсаулық сақтау министрлігі Спутник Лайтты тіркесе, Pfizer вакцинасын жеткізуге қатысты келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Қазақстанда вакцинаны таңдауға ерік берілген. Бірақ, таңдауды қалай жасаған дұрыс? Sknews.kz Информбюро порталына сілтеме жасай отырып, таңдау жасауға қажет мәліметтерді ұсынады. 

Спутник V

  • Тиімділігі: 91,66%
  • Қазақстанда екпе алғандардың үлесі: 83,1%
  • Мақұлдаған елдер саны: 70

Қазақстанда Спутник V вакцинасының 1-компонентін – 3 970 153 адам, 2-компонентін 2 101 491 адам алған. 2 791 адам вакцина салдырғаннан кейін коронавиурс жұқтырған (16-шілдедегі мәлімет).  

Аденовирус векторына негізделген векторлық вакцина SARS-CoV-2 вирусының генетикалық материалын (тікенді қабық ақуызы) адам жасушаларына жеткізу үшін кәдімгі суық тиюді тудыратын аденовирус тұқымдасының басқа вирус қабығы қолданылған кезде векторлық технологияны қолданып жасалған. Жасушалар иммун реакциясын тудыратын ақуыз шығарады, солайша организм вируспен күресуді үйренеді. Вакцинада Covid-19 тудыратын коронавирус жоқ, сондықтан вакцинациядан кейін ауырып қалу мүмкін емес

Әлемде алғашқы болып тіркелген вакцинаны Н.Ф Гамалей атындағы Ұлттық эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығы әзірледі. Спутник V – тиімділігі 90% -дан асатын әлемдегі үш вакцинаның бірі. Оның тиімділігі – 91,66, коронавирус инфекцияның ауыр жағдайларына қарсы тиімділігі – 100%. 3,8 миллион ресейлікті вакциналаудың нәтижесінде Спутник V тиімділігі 97,6% құрады.

Иммун реакциясын күшейту үшін вакцина 3 апта аралығымен екі рет жасалады. Бірінші вакцинамен – 26 аденовирус серотипіне негізделген вакцина, ал екіншісімен 5 серотип енгізіледі.

2020 жылғы қазан айында Спутник V вацинасын әзірлеушілер клиникалық зерттеулерге қатысушылардың 85 пайызында кері әсерлер мүлдем байқалмағанын хабарлады. Қалған 15 пайызында дене қызуы көтерілген, инъекция орнында ауырсыну және ісіну, бас ауруы және бұлшықет ауруы тіркелді. Спутник V вакцинасын әлемнің 70 елі мақұлдады. Қазақстан 2021 жылы ақпанда жиырма жетіншіі ел болып ресейлік вакцинаны ресми тіркеп, вакциналауды бастады.

QazVac

  • Тиімділігі: 96%
  • Қазақстанда екпе алғандардың үлесі: 1,7%

Қазақстанда QazVac вакцинасының 1-компонентін – 84 408 адам,  2-компонентін 43 117 адам алған. 59 адам вакцина салдырғаннан кейін коронавиурс жұқтырған (16-шілдедегі мәлімет).  

QazVac – "өлтірілген" вирустан жасалған вакцина. Препарат коронавирус ауруының вирусы мен оған қосылған иммуностимулятордан тұрады. Одан бөлек құрамында су және аздап тұз бар. 2020 жылы көктемде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы отандық препаратты Covid-19-ға қарсы кандидат вакциналар тізіміне енгізді. QazVac вакцинасын білім және ғылым министрлігіне қарасты биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары әзірледі. 

Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария QazVac мутацияланған кез келген вирусқа қарсы тұра алатынын мәлімдеді. Оның сөзінше, инактивтелген вакцина толығымен вирус бөлшегінен жасалған. Онда вирус құрамындағы ақуыздардың барлық спектрі бар. QazVac вакцинасымен вакциналау 21 күн аралықпен екі рет жүргізіледі.

Бірінші және екінші клиникалық кезеңдерде QazVac тиімділігі 96%-ды құрады. Клиникалық зерттеулерге 3 000 ерікті қатысқан.

Вакцина салған жер ауырсынып, ісу және қызаруы мүмкін. Вакцина алған кей адамдарда әлсіздік, шаршағыштық, дене қызуының көтерілуі болуы ықтимал. Мұндай жанама әсерлер үш күннен аспайды. Басқа вакциналар секілді аллергиялық реакциялар сирек пайда болуы мүмкін. Ешқандай жанама әсері болмауы қалыпты жағдай.ын зерттеп отырған. Айтуынша, 21 күннен соң қан құрамында коронавирусқа қарсы антидене пайда бола бастады.  

CoronaVac 

  • Тиімділігі: 91,25%
  • Қазақстанда екпе алғандардың үлесі: 4,7%
  • Мақұлдаған елдер саны: 37

Қазақстанда CoronaVac вакцинасының 1-компонентін – 225 594 адам,  2-компонентін 112 846 адам алған. 18 адам вакцина салдырғаннан кейін коронавиурс жұқтырған (16-шілдедегі мәлімет)

Бұл вакцинаны Қытайдың жеке меншік биотехнология компаниясы Sinovac Biotech жасап шығарды. Вакцина қатерсіздендірілген, яғни құрамында өлтірілген вирус бөлшектері бар. Вакцина екі апта аралықпен екі доза егіледі. 

Бірінші және екінші фазаның қорытындылары The Lancet журналында жарияланды. Зерттеудің бірінші кезеңінің 144 қатысушысы мен екінші кезеңде 600 қатысушыға негізделген нәтижелер вакцинаны "шұғыл қолдануға" жарамдылығын көрсетті. Сынақтардың үшінші кезеңі Бразилия, Түркия, Индонезияда өтіп жатыр.

Тиімділік туралы алдын ала деректер:

  • Түркия – 91,25%;
  • Индонезия – 65,3%;
  • Бразилия – 50,4%.

Вакцинаның жалпы тиімділігі Бразилиядағы сынақтар кезінде төмен болғанына қарамастан ол аурудың ауыр түрлерінен күшті қорғаныс көрсетті. Бразилияда зерттеуге қатысып, вакцинаны алғандардың ешбірі ауруханаға жатқызылмаған. 2020 жылы қараша айының басында бір ерікті қайтыс болғаннан кейін сынақ қысқа уақытқа тоқтатылды. Өлімнің вакцинамен байланысы жоқ екені дәлелденген соң сынақ қайта басталды.

Зерттеу нәтижесінде вакцинаның ауыр жанама әсерлері жоқ екенін көрсетті. Дегенмен дене қызуы, екпе салған жердің қызаруы, жөтел пайда болуы мүмкін.

Hayat-Vax

  • Тиімділігі: 79,3%
  • Қазақстанда екпе алғандардың үлесі: 10,3%
  • Мақұлдаған елдер саны: 56

Қазақстанда Hayat-Vax-тың 1-компонентін – 496 600 адам,  2-компонентін 404 379 адам алған. 294 адам вакцина салдырғаннан кейін коронавирус жұқтырған (16-шілдедегі мәлімет).

Sinopharm компаниясының Біріккен араб әмірлігінде шығарған Hayat-Vax вакцинасы өлтірілген, яғни көбейіп зақымдай алмайтын бейтараптандырылған вирустан тұрады. Ғалымдар вирусты бета пропиолактонмен "өлтірген". Вакцина алюминий тұздары негізіндегі иммунды реакция күшейткіштерімен толықтырылған. Екпе құрамындағы алюминий тұздарынан үрейленудің қажеті жоқ. Олар ағзадағы көптеген процесстерге қатысады, көкөністер мен жемістердің құрамында үлкен мөлшерде кездеседі. Вакцинаның екі дозасы үш апталық аралықпен салынады. 

Зерттеудің бірінші және екінші кезеңі вакцинаның ешқандай ауыр жанама әсерлерді тудырмайтынын әрі адамдарда коронавирусқа қарсы антиденелерді қалыптастыратынын көрсетті. Аргентина, Бахрейн, Египет, Марокко, Пәкстан, Перу және БАӘ-де жүргізілген зерттеудің үшінші кезеңіне 68 000 астам адам қатысты. Мәлімделген тиімділігі – 79,3%, аурудың орташа және ауыр жағдайларының алдын алуда тиімділігі – 100%. 

2020 жылдың жазында Қытай үкіметі вакцинаны шұғыл түрде медицина қызметкерлеріне, шенеуніктерге және тұрғындар арасында басымдық берілген топтарға қолдануға рұқсат берді. Вакцинаның ұсынылған екі дозасы жеткілікті иммунды реакция тудырмағандықтан БАӘ-дегі вакцина алғандардың біразы үшінші вакцинаны салдыруға шақырылған. 2021 жылдың ақпанында Қытай зерттеушілері вакцинадан туындаған антиденелердің оңтүстікафрикалық штамға қарсы реакциясы аз ғана әлсіздеу деп хабарлады. 

Вакцина алғаннан кейін болуы мүмкін жанама әсерлер: инъекция орнында ауырсыну сезімінің болуы, қызару, аздап ісіну, дене қызуының көтерілуі, аздап бас ауруы. Жүрек айну және құсу, іш өту, бас айналу, тез шаршағыштық, бұлшықет ауруы, артралгия, ұйқышылдық, инъекция орнында тері бөртпесі және қышу өте сирек болады. Мұндай жанама әсерлер әдетте үш күннен аспайды және арнайы емдеуді қажет етпейді.


Төмендегі 2 вакцина Қазақстанда әзірге қолданылмайды. Бірақ, келіссөздер жүріп жатыр. 

Спутник Лайт

  • Тиімділігі: 79,4%
  • Мақұлдаған елдер саны: 10

15 шілдеде Қазақстан ресейлік Спутник Лайт вакцинасын толық тіркеп, вакцинаны елге алып келу бойынша келісімшарт жүргізіліп жатыр. 

Спутник Лайт – бір дозалы вакцина, Спутник V екпесінің алғашқы компоненті. Кейбір азаматтарымыз коронавирусқа қарсы вакцинаны екі рет салғызғысы келмесе, осы Спутник Лайт вакцинасын ала алады. 

2020 жылдың 5 желтоқсаны мен 15 сәуір аралығында жаппай вакциналау бағдарламасы аясында екпе алған ресейліктердің иммундау  нәтижесін талдау негізінде Спутник Лайт бір компонентті вакцина тиімділігі 79,4%-ды құрады. Гамалея атындағы ғылыми орталық Спутник Лайтты коронавирустың барлық жаңа штамына қарсы тиімді деп таныды.

Вакцинаны өндіруші Гамалея атындағы ғылыми орталықтың жетекшісінің айтуынша, вакцинаның айтарлықтай жанама әсері жоқ. Бір ғана әсері бар, ол вакцинаны салдырғаннан кейін қызу көтерілуі мүмкін және екпе орны ауыруы мүмкін. Одан басқа кері әсері жазылмаған. Сирек кездесетін әсері болуы мүмкін, бірақ оны біздің дәрігерлеріміз азаматтарды жеке қабылдайды. 

Pfizer/BioNTech

  • Тиімділігі: 95%
  • Мақұлдаған елдер саны: 96

Pfizer – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тіркеген коронавирусқа қарсы алғашқы вакцина. Вакцинаны америкалық Pfizer және германиялық BioNTech компаниялары бірлесе әзірледі. Вакцинаның ресми атауы – тосинамеран немесе BNT162b2. Вакцинаның құрамына келесі ингредиенттер кіреді: мРНҚ, липидтер (4-гидроксибутил, азандиил) бис (гексан-6,1-диил) бис (2-гексилдеканоат), 2 [(полиэтиленгликоль) -2000] -N, N-дитетрадецилацетамид, 1,2-дистеореил-sn-глицеро-3-фосфохолин және холестерин), калий хлориді, бір негізді калий фосфаты, натрий хлориді,  екі негізді дигидрат натрий фосфаты және сахароза.
Вакцинаның негізгі компоненті – матрицалық РНҚ молекуласы. Онда коронавирус қоздырғышы – SARS-CoV-2 туралы ақпарат бар. Молекула адам жасушасына енген соң ақуыз синтезделіп, организм иммундық жауап береді. Екі дозаның арасы 21 күн болуы керек. Вакцина -70°C температурада сақталады. Жеткізілген соң оны ерітіп, бес күн ішінде қолдану қажет. 

Вакцина құрамында SARS-CoV-2 вирусының өзі жоқ, сондықтан коронавирус тудыруы мүмкін емес. Жүргізілген сынақтар нәтижесінде Pfizer/BioNTech екпесінің тиімділігі – 95%. 

Израиль Денсаулық сақтау министрлігі және өндірушілерінің зерттеулеріне сәйкес, Pfizer/BioNTech вакцинасы коронавирустың таралуын 89,4%-ға алдын алады. Вакцинацияланған адам коронавирус жұқтырса өлімнен 99%-ға қорғайды. 

Вакцинанның белгілі жанама әсерлері: инъекция орнындағы ауырсыну, ісіну, қызару, шаршау, бас ауру, бұлшықет ауыруы, қалтырау, буын ауруы, дене қызуы, жүрек айну, жалпы әлсіздік, лимфа түйіндерінің ісінуі (лимфаденопатия). Вакцинаның ауыр аллергиялық реакция тудыру ықтималдығы төмен. Ентігу, бет пен тамақтың ісінуі, жүректің қатты соғуы, бүкіл денені бөртпе басу, бас айналу және әлсіздік қатты аллергиялық реакция белгілері болуы мүмкін.

Pfizer/BioNTech вакцинасын әлемнің 96 елі мақұлдаған. Денсаулық сақтау министрлігі Pfizer компаниясымен вакцинаны жеткізу бойынша алдын ала келісімге қол жеткізді. Ведомство ақпаратына сәйкес, Pfizer Қазақстанға 2021 жылдың төртінші тоқсанында жеткізілмек. Сондай-ақ 12 жастан асқан балаларға Pfizer екпесін салу жолдары қарастырылып жатыр. Қазақстанда 12 мен 18 жас аралығында 2 миллион бала бар.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: