Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
«Қаражанбасмұнай» АҚ технологиялық көлік департаменті ұжымы №1 өндірістік базаның 4 қызметкерін құрметті демалысқа шығарып салды. Көлік қызметкерлері әріптестеріне салаға сіңірген еселі еңбегі үшін алғыс айтып, компанияда қалыптасқан игі дәстүрмен құрмет көрсетті.
Он жылдан астам уақыттан бері жолаушылар автобусын тізгіндейтін Абай Науановты еңбек ұжымы жақсы таниды. Білікті жүргізуші күн сайын мұнайшыларды діттеген жеріне аман-есен жеткізіп, жүктелген кәсіби міндетін мінсіз атқарып келеді.
Ал Жылмағанбет Леуов кен орнындағы жолдарды тегістейтін автогрейдердің «құлағында ойнайды». Оның тегістеген жолдарымен бүгінде мыңдаған жұмысшы өндірістік нысандарды алаңсыз аралап жүр.
Зейнет жасына жеткен кезекті жұмысшы цементтеуші агрегат моторисі Тынышбек Дауылбаев. Арнайы техниканың тілін тапқан білікті маман жастардан ақылын аямай, оң бағыт көрсеткен тағылымды тәлімгер.
Кен орнындағы көліктерге жанар-жағармай үлестіру оңай шаруа емес. Ардагер Берік Тұманшаев қиындығы мен қызығы қатар қызметке өмірінің жиырма жылын арнаған адал жұмысшы. Ол да үзеңгілес әріптестерімен бірге жұмыс орнын ізбасарларына сеніп тапсырып, ғұмырының жаңа да маңызды кезеңіне қадам басты.
Кәсібилік, жауапкершілік пен қарапайымдылық. Бұл қаражанбастықтардың адамдық пен мамандық жолындағы басты қасиеттері. Соңғы вахта ауысымын қимастықпен өткізіп жатқан көлік қызметкерлері әріптестеріне алғыс білдіріп, ақ батасын берді.