Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Қаражанбаста мұнайшылардың кәсіби мерекесіне арналған спорттық сайыстар мәреге жақындаған сайын бәсеке артып келеді. І ауысым жұмысшылары вахтааралық демалыстан соң додаға қайта кірісіп, мықтыларды анықтауды жалғастырып жатыр.
Тартысқа толы сайыстың бірі – қол күрес. Білектілер бәсекесіне оннан астам мұнайшы қатысып, бір-бірінен басым түсуге барын салды. Үздіксіз дайындық, мол тәжірибе мен тиімді тәсілдерді қолдану арқасында №1 мұнай өндіру цехының операторы Бейбарыс Мүлкібаев ІІІ орынға лайық деп танылды. Екінші сатыға «Мобил Сервис» жүргізушісі Қайрат Жексенбинов жайғасты. Бағы мен бабы қатар шапқан технологиялық көлік департаментінің машинисі Бекжан Түйебаев жеңіс тұғырынан көрінді.
Жарқын кездесулер жасыл алаңдағы аяқдоп бәсекесімен жалғасты. Жарыста 14 команда бақ сынап, еңбек ұжымының үмітін ақтауға тырысты. Әр матч кезінде ойыншылардан ұжымдық рух пен жеңіске ұмтылыс анық байқалды. Сайыс қорытындысына сәйкес, орталық инженерлік-технологиялық қызмет командасы үздік үштікті түйіндесе, №3 МӨЦ жігіттері ІІ орынға тұрақтады. Ал бу өндіру цехының «БӨЦ-2» құрамасы І орынды жеңіп алып, турнир чемпионы атанды.
Жұмысшыларды бірлікке бстайын спорт жарыстары қос вахта ауысымында әлі де жалғасып, жүзден жүйрік шыққандар кәсіби мереке қарсаңында марапатталады.