Главная Новости Қайсар ана, майталман маман
16 мамыр 2024, 10:40 1074

Қайсар ана, майталман маман

Қайсар ана, майталман маман

«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы Әкімшілік қамтамасыз ету департаментінің 1-санатты аудармашысы Екатерина Окопованың өзіндік өмір жолы, Компанияның дамуына қосып келе жатқан үлесі бар. Қоғам өміріндегі ресми маңызды құжаттарды ағылшын тіліне тәржімалау оның сүйікті ісі десек те болады. Өз ісіне мұқияттылығы, асқан жауапкершілікпен қарайтын қасиеті оның үлгі аларлық тұстарының бірі.

Өмірдің түрлі сынақтардан тұратындығын ескерсек, Катяның да мойынсұнған және соны жеңген ерлігі бар. Катя құдай қосқан қосағы Виталийге тұрмысқа шығып, бақытты күндерді бастан кешіп, шекесі торсықтай ұлды болады. Тұңғышы Дмитрийді қызықтап, 1 жас 10 айында балаларды дамыту орталығына берген олар, кенет, орталық педагогының «Балаңызды дәрігерге қаратыңыз. Аутизмнің белгісі бар» деген сөзінен секем алып қалады.

«Қалайша бұлай болуы мүмкін? Жүктілікті жоспарлап, саналы түрде шешім қабылдаған едік қой. Туғалы денсаулығынан ешбір дәрігер кінарат таппаған баланың ондай аурумен ауыруы мүмкін емес деп сенбедік. Тексерттік. Содан кейін сергелдеңге түскен күндер басталды ғой», - деп өткен күнді күрсіне еске алады Катя.

Кішкентай Диманың жасы төртке келгенде ғана диагнозы расталып, сырқатына байланысты мүгедек алуы ата-анасына ауыр соққы болған көрінеді. Бірақ сол кезде жолдасы оған: «Адам алдында не күтіп тұрғанын болжай алмайды. Баланың дүниеге келуінің өзі адамзатқа Хақтың берген сыйы. Көрерсің, бұл бала әлі-ақ бізді рақатқа бөлеп, үздіктердің үздігі болады» деп қолдау білдіргенін тілге тиек етті.

Катя сол кезден бастап әлеуметік желілерден ақпараттар қарап, балаға қалай көмектесудің жолдарын іздей бастаған. Ауруды еш дәрігер де не маман да емдемейтіндігіне көз жеткізген соң, өздерін қолға алып, жәй ғана қабылдаған. Баланы түрлі жетілдіру орталықтарына, тар бейінді мамандарға жетелей жүріп, оның дамуына мұрындық болған. Осы әрекеттерден соң бес жасқа толғанша сөйлемеген Димасы алғаш тіл қатып, «ЛОГОС» орталығында бәрін таңқалдырған.

«Диманы қатарластарымен бірдей дағды қалыптастыру үшін Н. Марабаев атындағы №7 мектеп-лицейі» КММ орта мектебінің жәй сыныбына бердік. Алғашында ұлым сабақ соңына дейін шыдап отыра алмайтын. Үзілісті хабарлап соққан қоңырау дауысынан шошынып жылайтын еді. Оған ыңғайлы болсын деп шуылжұтқыш құлаққап сатып әпердік. Кейін бірте-бірте өзгеріс пайда болып, ол оқушылық өмірге икемделе бастады. Сол кезде бізге демеу беріп, осы күнге дейін қолдау көрсетіп келе жатқан анам мен енеме, мектеп директоры Гүлден Иманғалиеваға, сынып жетекшісі Ұлжан Байроновнаға, педагог-ассистент, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзивті білім беру маманы, тьюторы Эльвира Халитовнаға, репетиторы Андрей Сергеевичке алғысым шексіз. Дәл осы мамандар асқан шыдамдылықпен, кәсіби біліктілігімен Димамның тұлға ретінде қалыптасуына үлкен еңбек сіңірді», - дейді жанарына жас үйірілген Екатерина.

Адам айтса нанғысыз, бүгінгі Диманың жетістіктері көңіл қуантарлық екен. 3-сыныпты тәмамдайтын ол мектепішілік, қалааралық, облыстық олимпиаданың жүлдегері!

Ағымдағы жылдың наурыз айында 5-6 сыныптарға арналған қалааралық олимпиадаға 3-сыныптың атынан математика пәнінен қатысқан ол 25 ұпай алса, облыстық білім сайысында да жүлделі орынды да қанжығасына байлаған көрінеді. Ата-анасы диагнозы мен жас ерекшелігіне шаққанда бұл Диманың үлкен жетістігі деп бағалайды. Катяның айтуы бойынша Дима есеп шығарғанды жақсы көреді екен. Ұстазының айтуы бойынша сыныпта тапсырманы басқа оқушылардан бұрын орындайтын көрінеді. Үйде үлкендердің көмегіне де сүйенбей-ақ үй тапсырасын өзі орындап жүргені, әрине, ана мерейін өсіреді.

«Күні кеше мектепте өткен сайыста тьюторымен бірге «Тиімді қарым – қатынас үшін сөз құрастырушы. Аутизм спектрінің бұзылуы бар балаларға арналған лайфхактар» атты ғылыми жұмысты қорғап 2-орынға ие болды. Сын сағатта нақты деректерге өзі жауап беріп, бізді тағы да қуантты», - дейді бүгінде екі жеткіншекті тәрбиелеп отырған Катя қуанышын жасыра алмай.

Мен өзім Катямен бір кабинетте отырамын. Кейде оның бойынан адамгершілікпен бірге сыпайылықты, тәрбиелілікті, тіпті қазақылықты көремін. Амалда қазақша кәжекейін киіп, дастарханында ұлттық тағамдарды тұтынатындығына да куә болып жүрмін. Оның бауыр еті баласының адам болып қалыптасудағы жасаған әр қадамы, төзімділігі, қолдауы, белгілі бір нәтижеге жеткізгендігі көпке үлгі болуы тиіс деп ойлаймын. Десе де қазақтың «Сенің табаның кірген шеге менің мандайыма кірсін» дейтін ананың жанкештілігі Катяның да жүрегінде жатталғандай. Аналық үміті аласармаған әріптесімізге біз де тек сәттілік тілейміз. Жаратқан адамды баламен сынамасын.

Айсұлу Мұханова

"Маңғыстаумұнайгаз" АҚ ӘҚД аудармашысы

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: