Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Жақын арада Қазақстан мен Мажарстан бірқатар ведомствоаралық құжатқа қол қояды. Бұл туралы елордада өткен баспасөз мәслихатында Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлады ҚазАқпарат агенттігі.
«2023 жылғы 26-27 қаңтарда Будапешт қаласында (Мажарстан) Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Мажарстан үкіметаралық комиссиясының сегізінші отырысы өтеді. Комиссияның қазақстандық жағының тең төрағасы – ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, ал Мажарстаннан Қаржы министрі Михай Варга болады. Комиссия отырысында Қазақстан-Мажарстан Іскерлік кеңесінің отырысын өткізу, бірқатар ведомствоаралық құжатқа қол қою жоспарланып отыр. Олардың ішінде Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Мажарстанның Мәдениет және инновациялар министрлігі арасында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында кадрларды даярлау әрі оқыту жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылады», – деді Айбек Смадияров.
Оның айтуынша, екі елдің өкілдері Stipendium Hungaricum мажар стипендиялық бағдарламасы аясындағы ынтымақтастық мәселесін талқылайды. Осы бағдарлама аясында мажар тарапы 250 грант бөледі (110 – бакалавриат, 90 – магистратура, 30 – бакалавриат + магистратура және 20 – докторантура гранты).