Главная Новости Қазақстан темір жолы транзиттік әлеуетті дамытуға мүдделі
29 қараша 2024, 17:01 794

Қазақстан темір жолы транзиттік әлеуетті дамытуға мүдделі

Қазақстан темір жолы транзиттік әлеуетті дамытуға мүдделі

Үкімет үйінде өткен отырыста Темір жол және транзиттік әлеуетті дамыту мәселелері қаралды. Премьер-министр жетекшілік еткен жиында ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев пен «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев баяндама жасады.

Бүгін Қазақстан – тиімді транзиттік маршруттар желісін қалыптастырып отырған мемлекет. Ел аумағы арқылы Қытай нарықтарын Еуропа және Орталық Азия елдерімен байланыстыратын 5 негізгі халықаралық теміржол дәлізі өтеді. Осы дәліздер арқылы соңғы он жылда контейнерлік транзит көлемі 5 есеге өскен.  

«Биыл теміржол саласын дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды. Бұл құжат аясында мынадай бес бағыт бойынша жұмыстар жоспарланып отыр. Олар – жылжымалы құрамды жаңарту; түйісу пункттерін және магистральдық теміржол желілерін дамыту; сондай-ақ тарифтік саясатты жетілдіру және жолаушылар тасымалын дамыту», – деп атап өтті өз баяндамасында Көлік министрі.  

Теміржол саласындағы маңызды мәселенің бірі, жылжымалы құрамның тозуы және оларды уақытылы жаңарту болып отыр. Қазір еліміздегі локомотив паркінде 1807 локомотив бар болса, олардың тозу деңгейі 61% құрайды. ҚТЖ жылжымалы құрамның жұмысқа қабілеттілігін қамтамасыз ету және парктің тозу деңгейін төмендету мақсатында биыл 185 локомотив сатып алған. Ал 2025 жылы тағы 187 бірлік сатып алу, одан кейінгі үш жылда тағы 257 локомотив алу жоспарланған. Бұл өз кезегінде локомотивтердің жетіспеушілігін толық жоюға ықпал етеді. Ал жүк вагондарына келсек, жалпы парк 139 мың вагоннан тұрады. Нарықта 300- ден астам жеке операторлар жұмыс істейді. Оның ішінде Қазақстан темір жолына 38 мың вагон тиесілі, олар әлеуметтік маңызы бар тасымалдарға, яғни елдің энергетикалық секторына және халыққа көмір жеткізуге жұмылдырылған. Ұлттық оператордың 2026 жылға дейін қосымша 3 мың ашық вагон сатып алуды жоспарлап отыр. Бүгінде оның 800 бірлігі алынып, пайдалануға берілген.  

Осындай мәліметтерді алға тартқан ведомство басшысы, жолаушылар вагоны паркін жаңартуға да ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті. Мәселен былтыр 118 жаңа вагон сатып алынса, биыл 113 вагон алынып, жыл соңына дейін тағы 30 жолаушы вагоны жеткізіледі деп күтілуде екен. Ал келесі жылы 226 вагон сатып алу жоспарланған.  

– Жалпы, 2029 жылға дейін 1 мың 200-ге жуық жолаушылар вагоны сатып алынып, нәтижесінде вагон паркі 3 мың бірліктен асып, оның тозу деңгейі 38%-ға дейін төмендейді. Осы міндеттерді орындау үшін отандық өндірушілердің вагондарын сатып алу мүмкіндігімен жалға беретін Біріккен лизингтік компания құру ұсынылып отыр, – деді Марат Қарабаев.  

Жиынға қатысушылар назарына елдің көліктік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту мақсатында жалпы ұзындығы 1 мың 300 шақырымды құрайтын, бүгінде іске асырылып жатқан 4 теміржол жобасы слайдтар арқылы көрсетілді.  

Бұл жобаларды іске асыру Достық станциясының өткізу қабілетін жылына 35 млн тоннаға дейін ұлғайтуға, Алматы станциясы арқылы жүк өткізу уақытын қысқартуға, Сарыағаш станциясының жүктемесін азайтуға және Орталық Азия мен Қытай бағыттарындағы инфрақұрылым қабілетін әрқайсысын 20 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік беретіні айтылды. Сонымен қатар тасымалдардың үздіксіз жеткізілуін және магистральдық теміржолдардың қуаттылығын арттыру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде 2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржол учаскелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілмек, оның бүгінде 2 800 шақырымында тиісті жұмыстар аяқталды.

– Теміржол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобаларды уақытында іске асыру үшін, тарифтік саясат одан әрі жетілдірілетін болады, бұл ретте отандық өндірушілердің мүдделері толықтай ескеріледі. Қазіргі уақытта тарифтерді кезең-кезеңімен ұлғайту және бағалық шектер механизмін енгізу жөнінде бірқатар шаралар қабылдануда. Осы салада тәжірибесі бар халықаралық кеңесшілердің қатысуымен жаңа тарифтік әдістеме әзірленіп жатыр, – деді Көлік министрі.

Транзитті дамыту бағытында атқарылып жатқан мәселелерге егжей-тегжейлі тоқталған ведомство басшысы жоғарыда сөз болған теміржол саласының дамуына қатысты шаралар Қазақстанның транзиттік дәліздерін дамытумен ұштастырылғанын жеткізді.  

– Қазіргі уақытта «Солтүстік-Оңтүстік» және «Транскаспийлік» транзиттік дәліздерінің қабілетін арттыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әлемдегі дәстүрлі қалыптасқан логистикалық бағыттардың өзгеруіне байланысты Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің маңыздылығы күннен-күнге артып келеді. Оның өткізу қабілеті жылына 10 млн тонна. Биыл он айда нақты тасымалданған жүк көлемі 1 млн 800 мың тоннаны құрады. Дәліздің әлеуетін ескере отырып, оның өткізу мүмкіндігін 20 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін биыл шілде айында Иран, Түркіменстан және Ресеймен аталған дәлізді синхронды дамытуға бағытталған Жол картасына қол қойылды. Сонымен қатар осы бағытқа жүк ағынын тарту мақсатында транзиттік тасымалдарға 50% көлемінде арнайы тарифтік жеңілдіктер орнатылды. Одан басқа Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің шығыс бағытында Біріккен көлік-логистикалық ұйым үлгісі бойынша Бірыңғай логистикалық оператор құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстан және Ресей тараптары бірлескен кәсіпорын құру үшін дайындық жұмыстарын аяқтады. Түркіменстан тарапынан осы жобаға қатысу мәселесі бойынша шешім күтілуде, – деді министр.

Мәліметке сүйенсек, биыл Транскаспийлік халықаралық көлік бағдары бойынша тасымал көлемі 68%-ға өсіп, 3 млн 800 мың тоннаны құраған. Транзиттік контейнерлік тасымалдар 2,7 есеге артқан. Бұл ретте Қытайдан келетін транзиттік контейнерлік тасымалдардың 25 есеге артқанын атап өткен жөн. Оған былтыр Сиань қаласында құрылған Қазақстан – Қытай бірлескен терминалы үлкен ықпалын тигізіпті. Жалпы дәліз бойында қазақстандық терминалдар желісі қалыптасып келеді. Сиань қаласындағы терминалға қосымша Поти портында да қазақстандық жеке терминал іске қосылды. Ал Ақтау портында қытайлық «Ляньюньган порты» компаниясымен бірлесіп контейнерлік хаб құрылысы басталса, Құрық порты бойынша «Abu Dhabi Ports»-пен бірлескен көпфункционалды «Саржа» терминалын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дәліздің еуропалық бөлігінде қазақстандық терминал салу мәселесі пысықталуда.  

Биыл ТХКБ дәлізін дамыту бойынша келісім шеңберінде Қытай тарапымен контейнерлік пойыздардың санын арттыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Атап айтқанда, 2029 жылға дейін контейнерлік пойыздардың санын жылына қазіргі 400 пойыздан 3 мың пойызға дейін ұлғайту жоспарлануда екен. Цифрлық шешімдерді енгізу де маңызды рөл атқарады. Осы жылдың тамыз айынан бастап Қазақстан темір жолы еншілес компанияларының коммерциялық қызметтерін көрсету үшін Бірыңғай цифрлық терезе сәтті іске қосылды. Сингапурлық PSA компаниясымен бірлесіп «Цифрлық сауда дәлізі» құрылды. Жыл соңына дейін Әзербайжан және Грузия елдерімен интеграциялық процестер аяқталмақ. Сондай-ақ Кедендік рәсімдерді оңтайландыру мақсатында Қазақстан – Қытай шекарасында TEZ Customs жүйесі енгізілді. Бұл жүйе кедендік рәсімдеу процестерін 4 сағаттан 30 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді.  

Келесі сөз кезегін алған «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев, 2024 жылдың 10 айында жүк тиеу көлемі 1,4%-ке өсіп, 210 млн тоннаны құрағанын, ал контейнерлік транзит 7,5%-ке ұлғайып, 1 млн 155 мың ЖФЭ-ден асқанын атап өтті. Ол сондай-ақ ҚТЖ-ның негізгі активтерін құрайтын локомотив паркінің тұрақты жұмысы қамтамасыз етіліп, локомотив тапшылығы жойылғанын жеткізді.  

– Жүк тасымалы нарығы вагон паркімен қамтамасыз етілді. ҚТЖ вагондары негізінен әлеуметтік жүктерді тасымалдауға қатысады. ЖЭО және коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер үшін көмір тасымалдау қажеттілігі толық қамтамасыз етілуде. Ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Достық – Мойынты жобасы бойынша құрылыс жұмыстары кестеден озып келе жатыр, 836 шақырымдық екінші жолдың 700 шақырымнан астамы төселді. Асырылып жатқан жобалардың мультипликативтік әсеріне келсек, 20 жыл ішінде ҚТЖ Ұлттық қорға 543 млрд теңгені және пайыздарын қайтарады, сондай-ақ жоба бюджетке 4 трлн теңгеден астам салық түсімдерін қамтамасыз етеді, оның 102 млрд теңгесі құрылыс кезеңінде түседі, – деді Компания басшысы.

Оның айтуынша, Қазақстан транзиттік хаб ретінде қалыптасқан. Олай деуге негіз де жоқ емес. Айталық, контейнерлік транзиттік тасымалдар тұрақты өсімді көрсетіп келеді. Соңғы үш жыл ішінде транзиттік тасымал көлемі 30% өскен. Орта дәліз (ТХКБ) бойынша тасымалдау 25 есе артқан. ҚТЖ маршрут бойында терминалдық желіні жедел дамытып жатыр. Қазір 5 терминал бар болса, 2025 жылы тағы 5 терминалдың құрылысы аяқталып, қалған 4 терминал 2026 жылы салынып бітпек.

Сұлугүл Бакесова

Дереккөз: "Қазақстан темір жолы"

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: