Главная Новости «Қазақтелеком» инженері Дарын Құрал: «Спорт – адамның жасырын қаруы»
10 қыркүйек 2021, 06:59 1228 Нұрболат Аманжол

«Қазақтелеком» инженері Дарын Құрал: «Спорт – адамның жасырын қаруы»

«Қазақтелеком» инженері Дарын Құрал: «Спорт – адамның жасырын қаруы»

«Қазақтелеком» АҚ Қарағанды облыстық телекоммуникация дирекциясының инженері Дарын Құрал – білікті де үлгілі маман. Өз ісіне ұқыпты. Компанияда жеті жылдан бері қызмет етеді. Дәнекерлеуші болып жұмысқа кірген ол бүгінде қызмет баспалдағымен жоғары өрлеп келеді. Бағыты айқын. Дегенмен, біз бүгін Дарынның жұмыстан тыс әуестігі туралы әңгімелемекпіз. Ал әр күн жұмыс уақыты бітісімен ол жаттығу залын бетке алады.

СПОРТТАҒЫ ЖЕТІСТІКТЕР

Әлқисса, Дарынды спортқа әуес еткен әкесі екен. Сонау әлі мектеп қабырғасында жүрген кезде. Әке ақылымен ол 7-сыныпта еркін күреспен шұғылданып бастайды. Алайда жыл өте келе спорттың оқу үлгеріміне әсер ете бастағанын байқаған Дарынның күрестен қол үзе тұруына тура келеді. Бірақ, бұл үзіліс ұзаққа созылмаған. 9-сыныпты бітірген соң Қарағанды политехникалық колледжіне «телефон байланыс жүйелері» мамандығына оқуға түскеннен кейін спортпен қарқынды айналыса бастайды. Бұл жолы таңдағаны – қойын-қолтық ұрыс түрі.

Дарын студент шағында спорттық жарыстарға аз қатыспаған. Облыс аумағында өткен жарыстарда жүлдесіз қайтқан емес. Бұған өзінен бұрын жаттықтырушысы Рахат ағай разы. Шәкіртінің ширақтығын байқаған ол Дарынды «Динамо» спорт кешенінде ішкі істер органдары қызметкерлерімен бірге жаттықтырады. Мұнда ол ұрыстың бұрын білмеген айла-тәсілдерін меңгеріп, тіпті, «жауынгерлік самбодан» жарыстарға да қатысып, жүлделі орындарға ие болады.

«Физикалық дайындық тек спортта ғана емес, өмірде және әскерде көп пайдасын тигізді. Мен десанттық әскери бөлімде қызмет еттім. Ал мұнда бабың болмаса, барудың қажеті жоқ. Міне, жаттығу залында аянбай төккен тердің көмегі әскерде тиді. Біраз «таяқтан» аман қалдым», – деп күледі Дарын.

Біздің кейіпкеріміз біраз уақыт джиу-джитсумен де айналысқан. Әр спорттың өзіндік ерекшеліктері болғанымен, денең ширақ та шымыр болса, игеріп кету қиынға соқпайды. Бұған Дарынның жетістіктері дәлел. Қызығушылықпен бар болғаны екі ай қатысып, MARIO BROSS BJJ спорт клубы ұйымдастырған джиу-джитсудан облыстық жарыста 2-орынды иеленеді.

ЖАҢА ТАҢДАУ – CROSSFIT

Түрлі спорттың «дәмін татып», әрбірінен өз қажетін таба білген Дарын Құрал 2019 жылдан бері кроссфитпен мықтап шұғылданып келеді. Спорттың бұл түрінің ерекшелігі – жан-жақтылығында. Яғни, күрес, бокс не футбол секілді бір бағытта дамытып қоймайды, денені иілгіштікке бейімдеп, күш-қуатты арттырады, шыдамдылық пен табандылықты шыңдайды. Одан қалды рухани тұрғыда мінезіңді де бақылауды үйретеді. Әрине, мұның бәрі Дарынның уақыт өте келе түйсінгендері. Әйтпесе, алғашында кроссфитті таңдауына өзге спорт түріндегідей «салмақ қуудың» қажет еместігі ықпал еткен. «Бұрын жарыс алдында қалаған тамағыңды жей алмау, қаншама тер төгу – осының бәрі ағзаны шаршатып жіберетін. Сол себепті мұндай шараларды қажет етпейтін спорт түрімен айналысып көргім келді», – деген Дарын бұл таңдауының ең орынды болғанын айтады.

Кроссфит – дене шынықтыру өнері ғана емес, бұл спорт. Тиісінше, мұнда да жарыстар өтіп тұрады. Ал жарыстан Дарын ешқашан тартынған емес: «Жарыс – бәсеке ғой, ал бәсеке адамды шыңдай түседі». Өкініштісі, коронавирус індетіне байланысты спорттық шаралар бұрынғыдай жиі өткізілмейді. Мәселен, өткен жылы елордада кроссфиттен өтуі тиіс жарысқа Дарын тиянақты түрде дайындалғанымен, эпидемиялық шектеу шараларына байланысты жарыс өтпей қалды.

Бірақ, жеңіліске жаны қас Дарын Қазақстанда кроссфитті дамытудың жаңа жолын тауыпты. Жалпы, бұл спорт түрінің Америкада бертінде, 2000 жылдар басында пайда болғанын айта кету керек. Ал біздің еліміз үшін ол тіпті де таңсық. Сол үшін де кроссфиттің танымалдылығын арттырып, жастардың оған деген әуестігін ояту үшін Дарын YouTube желісінде Daryn Qural арнасын ашып, өз тәжірибесімен бөлісіп, кроссфит туралы қызық ақпарат, бейнематериалдар жариялап тұрады. Мұнысы енді хобби. Еш қаржыландырусыз, өз арманының жетегінде кіріскен бастамасы. Рас, күндіз жұмыс, кешкілік жаттығу бар, одан қалды отбасыға көңіл бөлу керек. Дарынның арна жүргізуге артық уақыты да жоқ. Дегенмен, спортқа деген махаббаты жай таптырмайды. Қуанарлығы, жан жары да спортқа әуес. Спортсүйер отбасында кішкентай ханшайым мен атұстар батыр өсіп келеді.

ДАРЫННЫҢ ТІЛЕГІ

Кейіпкеріміздің арман-тілегі аз емес. Олардың басым бөлігі спортпен байланысты. Түрлі жарыстарда жеңіске жету оған таңсық емес, алайда мұндай дүбірлі додаларда ол өзі қызмет ететін «Қазақтелеком» компаниясының атынан шыққысы келеді. Көп алдында сынға түсіп жатқанда жейдесінде «Қазақтелеком» компаниясының атауы мен логосы жарқырап тұрса, жарасып кетпей ме? Міне, осы күнге жету – Дарынның басты тілегі. Отбасының қолдауы бар, оған қоса ұжым мен компания қолдап жатса, жарыстан жүлдесіз қайту мүмкін бе?

«Мен үнемі әріптестерімді спортпен айналысуға шақырамын. Әр түсірген бейнероликтерімде де осыған үндеймін. Спорт – адамның жасырын қаруы. Күнделікті өмірде де пайдасы өте мол. Әрқашан көңіл-күйің көтеріңкі жүреді. Өзіңді жеңіл, әрі еркін сезінесің. Спортпен жас кезде айналысып бастамаса, кейін кеш болады. Сондықтан уақыт пен денсаулықтың қадірін білу қажет», – дейді Дарын Құрал.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: