Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
«Самұрық-Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесінің тыңдауында «Қазақтелеком» басшылығы телекоммуникация саласында іске асырылған және жоспарланған жобалар туралы айтып берді. Атап айтқанда, телекоммуникация операторының басшысы Қуанышбек Есекеев Кеңес мүшелеріне, шақырылған сарапшылар мен БАҚ өкілдеріне компания тек қалада ғана емес, ауылдық жерлерде де желіні дамытуға ерекше басымдық бергенін айтты.
Ағымдағы жылдың алғашқы 4 айында ғана "радиокөпір" технологиясын қолдану арқылы компания республиканың 10 ауылында 1500-ден астам үй шаруашылығын интернетке қосты.
Одан бөлек 160 ауылдық елді мекенде тағы 10 мыңнан астам ауыл тұрғынын «Қазақтелекомның» жаңа «радиокөпірлерін» орнату есебінен телеком-қызметтермен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр, ал LTE сымсыз технологиясы бойынша еліміз бойынша тағы 50 мың жаңа абонент жоғары жылдамдықты интернетке және сапалы байланысқа қосылатын болады. Республика қалаларында интернетпен және басқа да цифрлық сервистермен 13 мыңнан астам пәтер қамтамасыз етілді, жыл соңына дейін Қазақстанның 16 қаласында 176 мыңға жуық пәтерді қосу жоспарлануда. Жалпы, қазақстандықтарды барлық заманауи телеком-қызметтермен қамтамасыз ету үшін өз инфрақұрылымын дамытуға таяудағы бірнеше жылда «Қазақтелеком» компаниялар тобы шамамен 370 млрд теңге инвестициялауға ниетті.
Айта кетейік, «Қазақтелеком» бүгінде республикадағы телекоммуникациялық нарықтың ірі ойыншысы болып табылады - бас компания және оның еншілес құрылымдарынан кең жолақты интернет қызметтеріне 1,9 млн-нан астам абонент қосылған, ал «Қазақтелеком» тобына кіретін ұялы операторлар – «Кселл» АҚ мен «МТ-С» ЖШС 14,5 млн ұялы байланыс абонентіне қызмет көрсетеді. Компанияның ақылы теледидар сегментінде 931 мың абонент тіркелген. Бұдан басқа, «Қазақтелеком» бүкіл ел бойынша 7 мыңнан астам мектепті, 6 мыңға жуық аурухананы және 17 мыңға жуық мемлекеттік мекемені байланыспен және кең жолақты интернетпен қамтамасыз етеді. Фискалдық деректер операторы ретінде компания 560 мыңнан астам бизнес субъектілеріне қызмет көрсетеді, 300 мыңнан астам белсенді бақылау-кассалық машиналары бар. Жалпы, компанияның инфрақұрылымына 87 000 км-ден астам оптикалық желілер, 14 000-нан астам базалық станциялар, 27 деректер орталығы, 40 000 қалалық бейнебақылау камералары кіреді.